Білім

«Білім-Инновация» лицейі – дарындылар ордасы

«Білім-Инновация» лицейі - дарындылар ордасы


«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады». Бұл тұңғыш Елбасының білім саласына қойған басты талабы. Жас буынды заманға сай, білімді тұлға ретінде қалыптастыру мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Сондықтан да білім саласында үштілді білім беруге, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуге, оқушылардың көшбасшылық қабілетін ашуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болуымыз үшін адами капиталды жоғары қойып, білім сапасына мән беруіміз керек. Өз қызметін бастағанына 25 жылдан асқан облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің ұжымы осы жолда абыройлы еңбек етіп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді.

Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы

– Балалардың білімділігі ұстаздардың ізденісіне, балаларға деген сүйіспеншілігіне, кәсіптік деңгейіне байланысты. Қазіргі заман талабы мұғалімдердің алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қойып отыр. Білім сапасын жақсартудың ажырамас бөлігі – ұстаздардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру. Себебі білім беру жүйесі уақыт талабына сай әрекет ете алатын кадрлық әлеует сұранысына ие, – дейді лицей директоры Мәулет Арыстанбек.

Мектеп басшысының айтуынша, бұл мақсаттағы жұмыстар мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды оқыту, озық педагогикалық тәжірибемен алмасу, орта білім берудің мазмұнын жаңарту сияқты негізгі үш бағыттан тұрады. Мұғалімдер өздерінің білімдерін жетілдіру мақсатында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына басшылық жасайды. Пән мұғалімдері өздерінің өзекті тақырыптары бойынша өңірлік, облыстық, республикалық басылымдарда, халықаралық конференцияларда мақалалар жариялап отырады. Лицейде мұғалімдер шығармашылық жұмыспен айналысуға даяр болып, нәтижеге жетуге ұмтылу үшін ғылыми ізденіспен шұғылдануына жағдай жасалған. Ұжымда 25 мұғалім жұмыс істейді, барлығы жоғары білімді, соның ішінде жеті мұғалім ғылым магистрлері.

Мектеп мұғалімдері тәжірибе жинақтау мен таратуда «Жоба негізінде оқыту» (PBL) әдісі, «CLIL»-шығармашылық, коммуникативтік байланыс, бірге жұмыс істеу, сыни тұрғыдан ойлану дағдыларын қалыптастыру, MENTOR – жас маманға әдістемелік көмек беру әдістерін қолданады. Осындай сертификаты бар мұғалімдер республика көлемінде озық тәжірибелерін таратуда. Жаратылыстану-математика бағытында сабақ беретін ұстаздарда ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесі IELTS – сертификаты бар. Сертификатталған мұғалімдер аудан және облыс көлемінде үштілділікке байланысты семинарлар өткізіп, физика, химия, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде берудің тиімді жолдарын үйретуде. Лицейдегі химия пәнінің мұғалімі Темірлан Хасен мен биология пәнінің мұғалімі Ләззат Нұралиева жаңартылған білім беру мазмұнында ағылшын тілінде жарияланған 8, 9-сыныптарға арналған «Химия», «Биология» оқулықтарының авторлық құрамында. Бұл да лицей мұғалімдерінің үлкен жетістігі.

Мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Еркежан Мұратованың айтуынша, лицей ұстаздары жаңа білім мазмұнына сай оқытудың жаңа технологиясын жүзеге асыруда тиімді оқу-әдістемелік құралдарды дайындауда да талмай ізденіп, шығармашылықпен еңбек етеді.

Лицейде 7-11-сыныптардың оқушылары білім алады. Білім беру үдерісі қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жүргізіледі. Қабылдау емтиханы екі кезең бойынша өткізіледі. Тест сұрақтары негізінен логикалық сұрақтар мен алтыншы сынып бағдарламасына негізделген математика, қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндерінен дайындалған сұрақтардан құралады.

«Үздік олимпиадалық команда»

Үзіліске шыққан балалардың ізетпен сәлемдесуі білім ордасындағы тәрбиенің мықтылығын көрсетеді. Осындайда ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген қанатты сөзінің растығына көз жетеді.
Ұстаздың еңбегі шәкіртінің нәтижесі арқылы бағаланатыны анық. Соңғы үш жыл бойы қатарынан білім додаларынан жақсы нәтиже көрсеткен лицей оқушылары «Дарын» өңірлік орталығы атынан жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде «Үздік олимпиадалық команда» аталымын үш мәрте иеленді. Биыл өткен облыстық пән олимпиадасында 36 жүлделі орын алды. Оның ішінде 20 оқушы бірінші орын, сегіз оқушы екінші орын, сегіз оқушы жүлделі үшінші орынға ие болды.
2015-2018 оқу жылдары аралығында лицей оқушылары облыстық пән олимпиадасында 83 жүлделі орынға ие болған. Республикалық пән олимпиадасында облыс намысын қорғаған 23 оқушы жүлдегер атанса, Халықаралық пән олимпиадасында 17 оқушы алтын, күміс, қола медальдарды олжалады. Солардың ішінде екі жыл қатарынан жүлдегер болған 10-сынып оқушысы Темірлан Байболов. Сонымен қатар ол информатика пәнінен республикалық пән олимпиадасының алтын медаль иегері, «Туймаада» халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері.

«Білім-Инновация» лицейі - дарындылар ордасы

Нұрлыхан – «Жылдың ең үздік оқушысы»

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің дарынды балалармен дәстүрлі кездесуіне түрлі білім додаларында жеңіске жеткен лицейдің 11 дарынды оқушысы қатысты. Былтырғы оқу жылында «Жылдың ең үздік оқушысы» аталымын жеңіп алған 10-сынып оқушысы, республикалық олимпиаданың үш мәрте жеңімпазы, Павлодарда өткен А.Бектуров атындағы халықаралық олимпиаданың, Минск қаласында өткен Халықаралық Менделеев олимпиадасының, Якутск қаласында өткен математика, физика, химия және информатика пәндері бойынша халықаралық олимпиаданың, Нидерландыда өткен IJSO юниорлық халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасының жүлдегері Нұрлыхан Көпенов облыс әкімінің кубогымен және арнайы сыйлығымен марапатталды.
Былтыр білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен кездесуіне Темірлан Байболов пен Нұрлыхан Көпенов қатысып келді.

Оқушыларды олимпиадаға сапалы дайындау және білімдерін кеңейту мақсатында Мәскеу физика-техникалық институтында, Кореяның «UNIST» университетінде және Нұр-Сұлтан қаласында өткен түрлі оқу-жаттығу жиындарына да лицей оқушылары тұрақты қатысады.

Үш штілділік – заман талабы

Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер, атап айтқанда, физика, химия, биология, информатика, математика лицей ашылған уақыттан бері ағылшын тілінде оқытылады. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Назерке Жамболатованың көмегімен қазір оқушылар үш тілде еркін сөйлеп, әртүрлі сайыстарды үш тілде өткізе алатын деңгейге жеткен. Әрине, ағылшын тілін саналы меңгерту, оны өз деңгейінде қажеттілікке айналдыру бір жылда шешіле салатын мәселе емес. Ең бастысы – түрлі технологиялардың қажетін таңдап, оқушыны нәтижеге бағыттай отырып білім беру. Балалардың білімдерін жетілдіріп, сөздік қорын байыту мақсатында лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені қолданылады.

Лицейдегі роботтық техника кабинеті заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда жаңа үлгідегі роботтар, 3D принтер бар. Олар арқылы оқушылар бағдарламалау тілін үйреніп, осы бағыттағы сайыстарға белсене қатысып жүр.

Оқушылардың тек біліммен ғана шектелмей, жан-жақты дамуы үшін лицейде түрлі спорттық үйірмелер жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында волейболдан өткен республикалық турнирде лицей оқушылары күміс медаль иеленді.

Адамның рухани мәдениетінің негізгі құралы – сөйлеу мәдениеті. Адамның ақылы, сезімі, мінез-құлқы, мақсаты сөйлеген сөзінен-ақ көрініп тұрады. Осыған орай лицейде түрлі озық әдіс-тәсілдер арқылы сабақтар өткізіліп, тіл пәндерінің мұғалімдері оқушыларға өз ойын еркін жеткізуді, шешендік өнер негіздерін үйретеді. Оқушылардың тілді жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік туғызатын «ТЕД», «Кітап оқу акциясы», «Жас жасампаздар» жобаларын өткізу лицей дәстүріне айналған. Республикалық «Кітап оқу» акциясында бас жүлдеге ие болған Зерде Ерболатұлы «Iphone 7» сыйлығын ұтып алды.
Әр ұстаз дарынды оқушыны тани білуге, алдынан жол ашып, жетістікке жетелеуге ұмтылатын болса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.

Нұрлыхан Көпенов, «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы:

«Білім-Инновация» лицейі - дарындылар ордасы

-Осы жетістіктерге жетуге көмектескен, әрине, ең алдымен ата-анам, отбасым және менің аяулы ұстаздарым, достарым. Тек солардың арқасында осы жетістіктерге жеттім. Мен болашақта шетел университеттерінің бірінде оқуды армандаған едім. Бүгінде сол арманым орындалды. Маған 22 наурыз күні Корея еліндегі KAIST университетіне оқуға түскендігім туралы хат келді. Бұл Кореядағы ең бірінші зерттеу университеті. Әлем бойынша 46 орында тұрған әйгілі университет. Осындай университетте оқу мен үшін үлкен абырой, ендігі арманым алған білімімді әлемдік жаңалық ашуға қолданғым келеді.
Елімізді өркендету үшін көп еңбектену керек және жетістікке жетемін деген керемет ұмтылыс керек. Кішкентай кезден бері алып келе жатқан біліміңді дұрыс қолдана алмасаң, бәрі бос кеткені. Жаңа білім алудан жалықпай, алға ұмтылайық.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button