Білім

Білім гранттарының саны артты

Білім гранттарының саны артты
Облыста «Білікті маман» жобасы аясында өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, мектеп бітіруші түлектердің басқа елге кетуін азайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта биыл облыстық бюджеттен 400 грант бөлінді.
Нәтижесінде шетелге, оның ішінде Ресейге кететін түлектер саны азайған (2016 жылы – 1800, 2017 жылы – 890, 2018 жылы – 600). Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мәлім етті.
Брифинг барысында Әсем Нүсіпова бүгінде еңбек нарығына мыңнан астам жоғары білімді маманның қажет екенін атап өтті. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына – 325, ветеринария саласына – 28, педагогикалық мамандықтарға – 423, техникалық мамандықтарға – 424, ауыл шаруашылығы саласына – 10, қызмет көрсету саласына 24 маман керек.
– Өткен жылы өңірде жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстың бес университетіне сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант бөлінген болатын. Ағымдағы жылы гранттар саны екі есеге дейін өсті. Оған жергілікті бюджеттен бес миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Басты мақсат – өңір жастарының туып-өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, білікті мамандар ретінде қалыптастыру, – деді Әсем Нүсіпова.
Брифинг барысында облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова биыл өңірімізде техникалық, гуманитарлық, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты салаларға гранттың көптеп бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ биыл алғаш рет жергілікті бюджет есебінен жоғары білімді мамандарды даярлау мақсатында 67 қосымша грант қарастырылғанын айтты.
– «Білікті маман» жобасы аясында оқуға ниет білдірген жастар тамыз айының 5-10 аралығында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ сынды университеттерге құжат тапсыра алады. Осы орайда, грантқа түскен студенттер жоғары оқу орнын бітірген соң, туған жерінің дамуына үлес қосып, еңбек етулері керегін айта кеткен орынды. Егер қолға диплом алғаннан кейін жұмыс істеуге құлқы болмаса, ол төрт жыл бойы оған жергілікті бюджет тарапынан бөлінген қаражатты қайтарып береді, – деді Сайрангүл Жұмаділова.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button