Білім

Білім додасына әр өңірден 150-ге жуық оқушы келді

Білім додасына әр өңірден 150-ге жуық оқушы келді

Кеше облыстық драма театрында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада салтанатты түрде ашылды. Осымен екінші мәрте республикалық деңгейде өтіп отырған білім сайысының ашылуына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Халқымыздың бір байлығы, көл-көсір қазынасы – тіл. Ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтап, қасиеттеп, қастерлеп келе жатқан сол байлықты кейінгі ұрпаққа жеткізіп, санасына сіңіруде Қанипа апамыз өлшеусіз еңбек етті. Елімізде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері көп болғанымен, Қанипа апамыз дара еді. Даралығы сол, осыдан 16 жыл бұрын Қанипа Омарғалиқызы облыс әкімшілігінің қолдауымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша алғаш рет облыстық олимпиаданың өтуіне мұрындық болған болатын. Міне, бүгін Қанипа апамыз ұйтқы болған сол олимпиада республикалық мәртебе алып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тіл мен әдебиетке жүйрік ұландардың басын екінші рет қосып отыр. Олимпиаданың алдына қойған мақсаты – оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдетіп, жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Екінші рет өткізіліп отырған республикалық деңгейдегі білім додасына еліміздің әр өңірінен 150-ге таяу 9-11 сынып оқушылары келді. Бәрі де «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, аймақтық іріктеу кезеңінен жүлдегер атанғандар.
Республиканың әр облысынан келген командаларды таныстыру рәсімінен соң, ең алғашқы құттықтау сөзді қазылар алқасының төрайымы, филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Алматы педагогикалық университетінің профессоры – Фаузия Оразбаева алды.
– Ұлы дала елін сақтаған Ұлы ұстаздар мен Ұлы аналар! Оны сіздер тарихтан жақсы білесіздер. Тұмар, Домалақ аналарымыздан бастап бүгінгі Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның өзі сол ұлы даланың ұлы ұстаздары мен ұлы аналарының жалғасы болатын. Сіздер сол ұлы аналардың пензентісіздер. Сіздер бұл олимпиадаға қасиетті қазақ тілі мен әдебиетінің рухани күшін одан әрі берік алға апару үшін келіп отырсыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! – деді Фаузия Оразбаева олимпиадаға қатысушыларға аналық ізгі тілегін білдіріп.
Одан кейінгі сөз кезегін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының зертхана меңгерушісі Зәуре Аманова алып, залдағы жиналған қауымды орталық директоры Шолпан Қирабаеваның атынан олимпиаданың ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, Зәуре Малғаждарқызы өз сөзінде олимпиада жүлдегерлерінің Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталатынын, ал осындай дипломдарға ие болған 11-сынып оқушылары жоғары оқу орындарына түсуде басымдыққа ие болатынын да ерекше атап айтты. Олимпиада аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері үшін де арнайы семинарлар ұйымдастырылмақ. Семинар соңында оларға сертификаттар тапсырылады. Алдағы уақытта осынау олимпиадаға шетелдегі ағайынның балалары да қатысатын болады.
– Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің бірегей өңірлерінің бірі. Бұл – қасиетті Алтай. Алтай – бүкіл адамзаттың бесігі. Сол адамзаттың бесігінде өтіп жатқан білім додасына бүгін республикамыздың барлық өңірінен 147 оқушы, 147 үкілеген үміт, 147 лүпілдеген жүрек келіп қатысып отыр. Шығыс Қазақстан облысы – әлемдегі ең сирек кездесетін қымбат әрі бағалы жер байлықтарының шығатын өңірі. Шығыс Қазақстан тек қана ақындар мен жазушылардың ғана мекені емес, сонымен қатар, елдің намысын көтерген байрақты ұл-қыздарымыздың да туған жері. Қазақстандағы ең алғашқы олимпиада жүлдегері, 1960 жылы Рим олимпиадасының күміс медалін еншілеген желаяқ Ғұсман Қосановтың атамекені, жауырыны жерге тимеген балуан Дәулет Тұрлыхановтың, көк байрағымызды әлемге танытқан Ольга Рыпакованың, оқушыға тек қана барын емес, бүкіл болмысын арнаған Қанипа Бітібаеваның атамекені. Бүгінгі күні бізге Қанипа апамыздың алдаспан мінезі, кесіп айтатын пікірі, тентекті тезге салып отыратын мінезі жетіспей жатады. Бұл – жай ғана олимпиада емес, бұл – ұстаздың атындағы олимпиада. Кез келген елдің тілі мен әдебиеті – сол елдің бренді. Сіздер сол брендті ұлықтауға келді деп есептеймін, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жалпы, кез келген олимпиаданың ең жақсы дәстүрлерінің бірі – олимпиада алауын жағу. Бұл жолғы олимпиада алауын жағу бақыты халықаралық, республикалық олипиадалардың бірнеше дүркін жүлдегерлері, Қанипа Бітібаеваның шәкірттері Қуаныш Еркін мен Ақмарал Алтайға бұйырды. Шұғылалы алаудың ұшқындары залда жиналған шәкірттердің әрқайсысының жүрегіне шынайы достық пен махаббатты ұялатқандай болды. Осылайша, білім саласындағы үлкен бір шараның шымылдығы түріліп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің өміршеңдігі тағы да дәлелденді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button