Білім берудің жаңа көкжиегі ашылды
Ынтымақ пен жасампаздық жылдары
Ел болашағы, ұлт ертеңі туралы әңгіме қозғаған кезде, білім беру саласына соқпай өту мүмкін емес. Өйткені, білім – қашаннан-ақ қоғамды алға сүйрейтін күш. Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ білім беру саласын жетілдіріп, дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып отыр.
«Болашақтың» берері көп
Сонау 1993 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен «Болашақ» стипендиясы құрылды. Бұл еліміз үшін экономикалық ауыр кезең болатын. Бірақ осынау қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы елдің ертеңін ойлап, осындай шешім қабылдады. «Болашақ» бағдарламасы қолға алынған жиырма жылдан астам уақыт ішінде он мыңнан астам қазақстандық әлемнің 33 еліндегі үздік 200 жоғары оқу орнына білім алу мүмкіндігіне ие болды. «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойы аясындағы форум кезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
– Жастар білімге ұмтылуы керек, ғылыммен серіктес болуы керек. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің арасына кіретін боламыз. Мен қазақстандық ғалымдар әлемнің мықты зерттеушілерінің санатында болса екен, қазақстандық өндірістер ең соңғы технологиямен жұмыс істесе екен деп армандаймын. Уақыт жүйрік. Ол ешкімді күтіп тұрмайды. Тоқтап қалсаң, артта қаласың. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясын қалтқысыз орындай алсақ қана, ұлттың ұлы мақсаты – Мәңгілік елдің мызғымас негізін қалаймыз. Отанын қалтқысыз сүйген ұрпаққа дарыған ғылым мен білім – ең құнды нәрсе, – деді.
Білім және ғылым министрлігінің деректеріне қарағанда, 2015 жылы да «Болашақ» бағдарламасына 15 млрд. теңге қаржы қарастырылған көрінеді. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында орын алуы мүмкін қаржылық проблемаға қарамастан бұл бағдарламаның басым болып қала беретінін әрі қаржыландырылатынын, бүгінде бұл бағдарламаның қайтарымы бар екендігін атап айтты.
Өңірімізде 126 мектеп, 27 балабақша салынған
Тәуелсіздік жылдарында білім беру саласында қыруар шаруа атқарылды. 2000 жылы «Білім беру» бағдарламасы жасалып, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Ал 2011 жылы білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, 2020 жылға дейінгі білім беру саласының негізгі басым бағыттары айқындалды.
Қазіргі күні білім деңгейінің көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемнің 177 елінің ішінде 14-орында, Азия бойынша бірінші орында тұр. Еліміз ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде де орта білім беру бойынша 29 орынға ие. Бағалау жүйесіне әлемнің 139 елі қатысқанын ескерсек, бұл – үлкен жеңіс. Ал БҰҰ-ның адами даму индексі бойынша 27 позицияға алға жылжыған. Осылайша қазақстандықтардың сауаттылық деңгейі 99,6 пайызға тең болып отыр.
Мемлекет басшысы сонау 1997 жылдың 10 қазанында жасаған «Қазақстан-2030: барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы» атты алғашқы Жолдауында: «2030 жылы бiздiң ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдiк оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмiр сүретiн болады» деп мәлiмдеген болатын. Сонда Мемлекет басшысының осынау сөздеріне күмәнмен қараушылар да табылған еді. Ал бүгінгі күні Елбасы сөзі ақиқатқа айналғандай.
Тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде елімізде мектептер мен балабақшалардың құрылысы қарқынды жүрді. 1991-2015 жылдар аралығында республика бойынша 1200 мектеп бой көтеріп, 2603 мектепке дейінгі мекемелер салыныпты. Колледждер саны да 524-ке өсіп, жоғары білім беретін оқу орындарының қатары да 67 бірлікке ұлғайған.
Осынау уақыт аралығында өңіріміз де өркендеп, білім саласында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде облыс бойынша барлығы 126 мектеп салынып, 27 балабақша пайдалануға беріліпті.
Жалпы, облыста мектептер құрылысы 2007 жылғы 7-наурыздағы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Президент Жолдауынан кейін қарқын алды. Аталған Жолдауында Елбасы еліміздегі мұқтаж болып отырған өңірлерде «100 мектеп, 100 аурухана» салуды тапсырған болатын. Көп кешікпей Үкімет Елбасы Жолдауының негізінде арнайы бағдарлама әзірледі. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы алғаш қолға алынған 2008 жылы облысымызда 4 мектептің құрылысы басталып, Тарбағатай ауданының Үштөбе ауылында 180 орындық, Бесқарағай ауданының Беген ауылында 360 орындық, Семей қаласында 1200 орындық орта мектеп пен Көкпекті ауданының Көкпекті ауылындағы 600 орындық орта мектеп пайдалануға берілді.
– Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Болашақтың тірегі жастардың білім саласында толық білім алуына жағдай жасау біздің елімізде үнемі басты назарда ұсталып келеді. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар да жетерлік. Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, балабақшалар желісін кеңейту, мұғалімдер жалақысын мерзімінен бұрын көтеру, білікті маман даярлау жүйесін дамыту шараларының барлығы мемлекет саясатының арқасында іске асып жатыр. 2008 жылдан бастап Үржар ауданы бойынша барлығы 14 жаңа мектеп іске қосылды. Алдағы уақытта 320 орындық Жарбұлақ орта мектебі мен Әуезов орта мектебінің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұған қоса Бақты, Үржар ауылдарындағы 320 орындық, Барқытбел, Қызылту ауылдарында 130 орындық, Сегізбай ауылында 80 орындық орта мектептерінің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың қаңтар айында 50 орындық жекеменшік балабақша ашылды. Бұның барлығы мемлекетіміздің білім саласына ерекше қолдау көрсетіп келе жатқандығының дәлелі, – дейді Үржар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Шакеев.
Өткен жылғы қараша айындағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жыл сайынғы Жолдауында Ел Президенті апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мәселесіне ерекше көңіл аударып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Биыл біздің өңірімізде Ұлттық қордан бөлінетін қаржы есебінен 5 мектептің құрылысы қолға алынбақ. Олардың үшеуі апаттық жағдайдағы, ал екеуі үш ауысымды мектептің орнына салынбақ. Сондай-ақ, Семей қаласы іргесіндегі Холодный ключ елді мекенінде 230 балаға арналған балабақша құрылысын бастау да жоспарланып отыр.
Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының арқасында мектепке дейiнгi тәрбие мәселесі де ¬өз шешімін тауып келеді. Балаларды мектепке дейiнгi тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасының қабылдануы осының айқын дәлелі.
Қазіргі таңда облыс бойынша 826 мектепке дейінгі мекеме болса, олардың 236-сы балабақшалар, оның ішінде 55 жекеменшік балабақшада қазіргі күні 7516 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, «Балапан» бағдарламасы қолға алынған 2010 жылдан бастап облыста 3210 орындық 15 балабақша салынып пайдалануға берілсе, бұрынғы 28 балабақша ғимараттары мемлекетке қайтарылған. Үстіміздегі жылы да өңірімізде республикалық бюджет қаражаты есебінен 2 (Зырян, Шемонайха аудандарында), жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 (Абай, Аягөз аудандары мен Риддер қаласында) балабақша салынып, Жарма ауданындағы бір балабақшаны мемлекетке қайтару көзделуде. Сондай-ақ, 22 жекеменшік балабақша ашылады деп күтілуде.
Зияткерлік мектептер зиялы қауымды қалыптастырады
Мемлекет басшысы «Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан халқы бүкiл әлемде үш тiлдi пайдаланатын жоғары бiлiмдi ел ретiнде танылуға тиiс екенін де қадап айтқан болатын. Елбасының \”Тілдердің үш тұғырлылығы\” идеясын мүлтіксіз жүзеге асыру аясында үш тілде білім беретін мектептер желісі де қарқынды дамуда. Атап айтқанда, олардың қатарында отызға жуық қазақ-түрік лицейлері мен 17 Назарбаев зияткерлік мектептері және 33 мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп бар.
2009 жылы Семей қаласында физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылса, 2010 жылы мұндай білім ордасы облыс орталығы Өскеменде ашылды. Қазіргі күні Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде 640 оқушы білім нәрімен сусындауда.
– Назарбаев зияткерлік мектептерін ашудағы басты мақсат – білімнің жаңа үрдісін енгізу, зияткер қауымды қалыптастыру. Қазіргі күні Назарбаев зияткерлік мектептері – еліміздегі орта білім беру жүйесінің флагманы болып отыр десек еш қателеспейміз. Мұндағы озық тәжірибелер басқа мектептерге үлгі ретінде кеңінен таратылып, насихатталады. Содан кейін тағы бір ерекшелігіміз – үш тілділік. Елбасының үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру, әрине, мектеп қабырғасынан басталады. Біздің мектепте жоғары сыныптың оқушылары жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқиды. Оған бізге шетелдік әріптестеріміз көмектесіп отыр. Алдағы уақытта шетелдік әріптестердің көмегіне жүгінбей-ақ ағылшын тіліндегі жүктемелерді өзіміз атқаруға тырысып жатырмыз. Осы мақсатта біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша мұғалімдерімізді шетелде оқытуға мүмкіншілік алып отырмыз. Бүгінгі күні үш мұғаліміміз Финдляндиядан, төрт мұғаліміміз Ұлыбританиядан оқып келді. Тағы да үш мұғалім Ұлыбританияда білім алуда. Осылай жыл сайын мұғалімдерімізді шетелге жіберіп отыратын болсақ, шетелдік тәжірибемен бірге, ағылшын тілін жетік білетін мамандарға да қол жеткізетін боламыз, – дейді Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Бауыржан Ұзақбай. ¬
Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2014 жылдың 17-қаңтардағы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет»,- деді.
Сондай-ақ, оқыту үдерісінде заманауи технологияларды енгізу – уақыт талабы екені анық. Осы орайда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қосылған ауқымды жобаның бірі – «Е-Learning» электрондық оқыту жүйесі болып табылады. Осынау бағдарламаның арқасында қазақстандық оқушылар тұрғылықты жеріне тәуелсіз үздік білім беру ресурстарына деген қолжетімділікке ие болмақ. «E-learning» ауылдық жерлердегі балалардың ақпараттық артта қалуын төмендетіп, жалпы білім сапасын арттырады.
«Е-LEARNING» электрондық оқыту жүйесi облыстың білім беру мекемелеріне 2012 жылдан бастап енгізіле бастады. 2012 жылы 68 мектепке «Е-LEARNING» электрондық оқыту жүйесіне енгізілсе, 2013 жылы оның қатарына тағы да 50 мектеп қосылды. Оның 18-і – ауыл мектептері.
Мұғалім мәртебесі артып келеді
«Мектептің жүрегі – ұстаз» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Олай болса, қоғамдағы ұстаз беделін арттыру – қашан да маңызды. Қазақстан Президентi «Болашақта еңбек етiп, өмiр сүретiндер бүгiнгi мектеп оқушылары, мұғалiм оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетiн мiндет өте ауыр», – деген болатын өзінің Жолдауының бірінде. Сондықтан мұғалім мәртебесін арттыру, оны дамыған елдердегi деңгейге жеткiзу мен мұғалім кадрларды даярлауды жетілдіру отандық білім беру саясатын дамытудың басым бағыты болып табылады.
Осы орайда мұғалімдердің біліктілігін көтеру мақсатында да талай жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша 1500-нан астам педагог Кембридж бағдарламасы бойынша біліктіліктерін көтерсе, 3500 мұғалім қысқа мерзімді курстардан өткен.
Облысымыз түрлі деңгейдегі жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлерінің саны бойынша Алматы және Астана қалаларымен қатар тұр. Өткен жылы білім сайыстарына қатысушылардың қатары өсіп, 52 пайызды құрады. Олардың 58 пайызы пәндік олимпиадалар мен шығармашылық сайыстарының жеңімпазы. Мұның бәрі облысымызда білімді де білікті мұғалімдердің қатарының артып келе жатқанының айқын көрінісі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтың айтуынша, өңірдің білім саласын дамытуға бөлінетін қаржы жыл сайын артуда. Биыл облыстың білім саласына 89,6 млрд. теңге бөлініп отыр, яғни, өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға ұлғайған. Тек қана білім нысандары құрылысын жүргізуге 10 млрд. теңге қарастырылған.
Қорыта келгенде, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның білім деңгейіне байланысты. Ендеше, білім беру көкжиегінің кеңеюі қазақстандықтардың жаңа белеске көтерілуінің негізі екені сөзсіз.
Мейрамтай Иманғали