Білім

Білім берудің жаңа биігіне бір қадам жасалатын болады

Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымы бойынша осы айдың 26-27-сі күндері Өскеменде химия және биология пәндері мұғалімдерінің республикалық І съезі өтпек. Ұстаздардың бас форумы қарсаңында біз облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметовамен сұхбаттасқан едік.

Білім берудің жаңа биігіне бір қадам жасалатын болады– Мәдениет Медеуханқызы, мұншалықты үлкен форум неліктен біздің облыста өткелі отыр?

– Бұл алдымен министрліктің нақты сенім артуы деген жөн. Былтыр математика пәні мұғалімдерінің съезі Астанада өткен болатын. Бұл жолы біздің өңірдің таңдап алынуына мұндағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының көп болуы және дәл осы пәндер бойынша олимпиада жеңімпаздарының жыл өткен сайын артып келе жатқандығы себеп болған сынды.

– Съезге қанша адам келеді деп күтілуде?

– Жалпы, оған бүкіл елімізден 500-ге жуық делегат қатысады деп отырмыз. 50-ге тарта әр ғылым саласында жүрген ғалымдар, министрлік өкілдері мен депутаттар келмекші. Съезд екі күнге белгіленгенмен, негізгі іс-шаралар 27 маусымда өтпек. Біз тек пленарлық отырыс өткізуді ғана жоспарлап отырған жоқпыз, Шығыстағы мәдени, экономикалық және білім жетістіктерін де көрсетпек ниеттеміз. Атап айтқанда, делегаттарды біліммен айналысатын бірнеше мекемені, зауыт-фабрикаларды аралатып, мәдени құндылықтарға бай орталықтарымызды да тамашалатамыз. Съездің өз деңгейінде өтуіне білім басқармасының қызметкерлері ғана емес, облыстық әкімдіктің өкілдері, барлық жоғары оқу орындарының, колледждер мен кәсіптік лицейлердің және арнайы мектептердің басшылары мен ұстаздары түгел атсалысатын болады. Солайша Шығысымыздың бірлігі мен ынтымағын тағы да бір биіктен көрсететін шығармыз деген ойдамыз.

– Негізінен съезд жұмысы секциялар бойынша өріс алатын болар?

– Министрліктің жоспары шеңберінде ең бірінші пленарлық отырыстар өтіп, онда бала тәрбиесі мен білім беруде үздік атанған ұстаздар марапатталады. Екіншіден, осы саладағы инновациялық жетістіктердің көрмесі өтіп, үшіншіден, съезд делегаттары болып келетін 80-ге тарта оқушымен экологиялық семинар өткізіледі. Сонымен қатар оқушылары халықаралық Менделеев олимпиадасында жеңімпаз атанған мұғалімдер де келеді. Тағы бір айтар нәрсе, химия мен биология пәндерін жаңаша үрдісте оқыту турасында көптеген танымдық баяндамалар жасалып, осы пәндердің ең білікті мұғалімдерінің мастер-кластар өткізуі, нақты сабақтар берілуі ерекше болмақ. Менің ойымша, съезд жан-жақты және өте қызықты болатын сияқты. Министрліктен съезге байланысты келген үлкен бағдарламаға орай, жақында аудандар мен қалалардың білім бөлімдерінің басшыларын жинап, жиналыс өткіздік. Барлық тапсырмалар нақтыланды. Қазір өңірімізде өткелі отырған съезге тас түйін даяр отырмыз.

– Сіздіңше, бүгінгі әр баланы жан-жақты етіп шығару үшін не істелуі керек?

– Ең алдымен жеке тұлғаның дамуына, одан кейін білім берудегі инновацияға, үшінші мүмкіндікке және сапаға назар аударып, негізгі ұстаным ету керек. Біз бүгінде бүкіл республика бойынша техникалық білім беруді модернизациялаудың пилоттық жобасына енгізіліп отырмыз. Қазір осы модернизациялау дағдысы бойынша сегіз колледж бен бір кәсіптік лицей таңдалып алынды. Ал өткелі отырған мұғалімдер съезі оған қатысатын барлық делегаттарға жаңа бір ой салып, бала тәрбиесіне, оны жан-жақты дамытуға бір қадам игілік жасайды деген ойдамын.

– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан –
Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button