Білім берудің биігінде жүргендер марапатталды
Кеше Шығыстың мұғалімдер қауымы кәсіби мерекелеріне арналған жиында бас қосты. Бала атаулыны даралық пен даналыққа баулып жүрген ұлағат иелерін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтап, қатарының алдынан көрініп келе жатқан ұстаздарға қошемет көрсетті.
Салтанат қашан күмбірлеген күйсіз басталушы еді. Әр келушіні Өскемендегі №16 мектептің домбырашылар оркестрінің мүшелері әдемі шығармалармен керемет күйге бөлесе, қаладағы білімге қатысты орталықтар өздерінің жетістіктерін көрсетіп бақты.
Алдымен гүлмен көмкерілген сахнаны жандарынан жігерлілік, көздерінен жалын ұшқындаған, кеуделеріне «Жас ұстаз» деген көмкерме-лента таққан жастар сырлы сөздерімен жаңғыртты. Орайы келгенде айта кетейік, олар тек биыл ғана еңбек жолын мектеп деген ұлы мекенде бастаған (облыс көлемінде) 350 жас мұғалімнің, оның ішінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша алтын бесік – ауылдарға жаңа тыныс ала барған 173 жастың бір шоғыры еді. Бұлар – міне, бір айдан астам уақыттан бері аймағымыздағы білім ұяларында қызмет атқарып жүрген 21 мың мұғалімнің қатарына қосылғандар, кешегі Абай, Шәкерім, Ахмет, Ыбырай сынды еліміздің біртуар тұлғаларының бастамасына үн қосқан ізбасарлар екенін жеткізіп, зайсандық Кемелбаевтардың, көкпектілік Айжақсыновтардың, зыряндық Бушувтардың және тарбағатайлық Ислямовтар мен күршімдік Нұрғалиевтардың ұстаздар жанұяларын құрмет тұтатындарын ерекше тебіреніспен жеткізді.
– Әр қоғамда ұстаздың орны бөлек. Әрбір азаматты тәрбиелейтін, өмірге бағыт беретін – ұстаз. Сондықтан біз әрқашан ұстазды қадірлеуіміз, қолымыздан келгенше қошеметтеуіміз керек, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Жалпы, Қазақстанда мұғалімдерге қаншалықты көңіл бөлінетінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазіргі таңда еліміздегі білімнің сапасы, білімге жасалып жатқан жағдай дүниежүзілік стандартқа сәйкес келеді деп ауыз толтырып айтуға болады. Мектептердегі құрал-жабдықтар, оқулықтар да сондай халықаралық стандартқа сай. Мұның бәрі мына сіздер Қазақстанның болашағын жарқырататын ұрпақ дайындасын деген қамқорлықтан туындап жатыр. Қазір облыстың білім саласының алдында тұрған ең үлкен міндет – аймақтағы бұрынғы жоғары деңгейлі білім сапасын қалпына келтіру. Өкінішке қарай, бүгінде сол биіктен көріне алмай келеміз. Өздеріңіз білесіздер, бұл саланы қаржыландыру жыл өткен сайын 15-20 пайызға өсіп отыр. Тек қана биылдың өзінде салаға бөлінген қаржы 70 миллиард теңгені құрайды. Ол – жалпы облыс бюджетінің 30 пайызы. Өңірімізде қазір 49 апатты жағдайдағы мектеп бар. Бүгінде біз сондай 31 мектептің құрылысын жүргізіп жатырмыз.
Сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте ауқымды, тіпті, өлшеусіз деуге болады. Сондықтан, сіздерге осындай тамаша еңбектеріңіз үшін облыс басшылығы атынан үлкен рахмет айтамын. Сіздерге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін.
Осындай жүрекжарды сөзінен кейін облыс басшысы биыл тұңғыш рет өңіріміздің білімін дамытуға елеулі үлес қосқан 200-ден астам ұстаз облысымыздың Даңқ кітабына енгізілгенін айтып, жас ұрпақты өнегелілікке тәрбиелеудегі елеулі жұмысы үшін Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка колледжінің оқытушысы Жұмагүл Оспановаға Ыбырай Алтынсарин кеуде белгісін, Өскемендегі көпсалалы колледж директорының орынбасары Шынар Кекубаева мен облыстық техникалық-кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау орталығының әдіскері Ләззат Кездікбаеваға Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, өскемендіктер А.Әубәкіроваға (№4 мектеп-интернаттың тәрбиешісі) мен Е.Ивановаға (№5 қосалқы мектеп-интернаттың педагог-психологы), «Үміт» балалар үйінің тәрбиешісі М.Дәулетбековаға, өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығының бас маманы С.Коваленко мен Шәкерім атындағы үш тілде білім беретін мектептің мұғалімі Т.Шайхыноваға Шығыс Қазақстан облысының грамотасын құрметпен тапсырды.
Жиында сондай-ақ, бірнеше үздік ұстаз облыс Әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Салтанат соңы әсем ән-би мен күмбірлеген күйге ұласты.
Ғафура Сәрсенбайқызы