Білім берудің басым бағыттары қаузалды
Облыстың білім беру саласына бөлінетін қаржы жыл өткен сайын көбейіп, бүгінде барлық облыс бюджетінің 38 пайызына ие болып отыр. Соған орай аймақта заманауи білім берудің инфрақұрылымы қалыптасып келеді.
Өскемендегі ұлттық баспасөз орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Асамбаев, бөлім бастықтары Гүлбараш Мәткәрімова және Николай Токарев аймақтағы білім беру саясатының басым бағыттары турасындағы деректерінде негізінен осы бағытта сөз қозғады.
Биылғы жылдың соңына дейін 38 білім беру нысанын пайдалануға беру көзделсе, оның 27-сі апатты мектептерді алмастырып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған бес мектепке спорт залы және түрлі шеберханалары бар жапсарлас құрылыстар салынбақ. Биылғы жаңа оқу жылының басында жеті мектеп жаңадан пайдалануға берілгені белгілі. Ал ел көлемінде кең қанат жайған «Балапан» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген сегіз балабақша 1760 бүлдіршінді қамтып отыр. Жыл соңына дейін тағы да үш балабақша есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ, қазірде мектептер жанында 1142 шағын орталық жұмыс істеуде. Үстіміздегі жылдың өзінде ғана білім мекемелері төрт миллиард теңгені құрайтын 99 пәндік және мультимедиалық кабинеттермен жабдықталған.
– Жас ұрпақтың сапалы біліммен қамтылуы мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл тұрғыда облыстық білім басқармасының басшылығымен жұмыс істеп жатқан «Өрлеу» акционерлік қоғамы (бұрынғы мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты) мен жақында құрылған аймақтық методикалық «Шығыс» орталығына жүктелер міндет ауқымды, – деді Гүлбараш Мәткәрімова.
Баспасөз мәслихатында сонымен қатар саланың алдында тұрған негізгі міндеттер де айтылмай қалған жоқ. Оның бастысы – барлық мектептердің оқыту сапасын үлгілі білім беретін мектептердегі сапалық көрсеткішке жақындату. Аталған мәселеде білім басқармасында облыстық мамандандырылған мектептердің жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану бойынша ауылдық лицейлермен бірлесе жұмыс істеуіне кең жол ашатын жоспар қабылданған. Оған интерактивті олимпиадалар мен білім турнирлерін және факультативтік-интерактивтік курстарды бірлесіп өткізу сынды көптеген шаруалар енеді. Мұнымен қатар биылғы оқу жылында оқытудың интерактивті формаларын кеңінен пайдалануға жол ашатын онлайн-оқыту жүйесінің жаңа бағдарламасы енгізілмек екен.
Осындай жаңашылдық бастамалар және мектептерде ағылшын тілінің оқытылу барысы турасында түсінік берген Мұрат Асамбаев қазірде бұл пәнді барлық мектептің 15 пайыздайы бастауыш сыныптардан қолға алып отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, ол оқушыларды нәрлі тамақпен қамтамасыз ету, оның ішінде бастауыш сыныптықтарды және аз қамтылған отбасыларының балаларын тегін тамақтандыру, оқушылардың киім формасы турасында да баяндады.
– Біздің облыс кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғырту бойынша қанатқақты аймақ болып табылады. Қазір өңірдегі 96 кәсіптік-техникалық оқу орны мен лицейде 45 мыңға жуық жас екі жүз мамандық бойынша білім алуда. Салаға әлемдік үздік тәжірибені енгізу мақсатында құрылған «Кәсіпкер» холдингі оның принциптік жаңа инфрақұрылымын жасақтауды реттейді. Бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі кәсіптік-техникалық білім беру саласына өндірістік бизнесті енгізу болып отыр. Бұл мәселе қолға алынуда, – деп атап өтті мәслихат барысында облыстық білім басқармасы кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы Николай Токарев.
Баспасөз мәслихатында журналистер білім беруге байланысты көптеген сұрақтарға негізді жауаптар алды.