Білім

Біліктілігі жоғары мамандардың еңбекақысы да жоғары

Біліктілігі жоғары мамандардың еңбекақысы да жоғары


Елбасының биылғы Жолдауында адам капиталын дамыту мақсатында балаларды ерте дамыту үшін бірыңғай жаңа бағдарлама жасау, жоғарғы сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту, мұғалімдердің жалақысын көбейту, саланы цифрландыру сияқты нақты міндеттер қойылды. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуге байланысты аталмыш саланы қаржыландыру жыл сайын ұлғаюда.

Биыл бұл мақсатқа 103,4 млрд. теңге қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 7,5 млрд. теңгеге жоғары. Бұл жайында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы Жолдауының аясында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Қайырбекова айтып өтті.

– Бүгінде мемлекеттік деңгейде қойылған ауқымды міндеттердің бірі – білім беру жүйесінің рөлін өзгерту, сапалы білім беруді және осы саладағы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімдігін қамтамасыз ету. Біздің облыс мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамту бойынша республикада бірінші орында. Үш жастан алты жасқа дейінгі балалар толық қамтылған. Ал бір жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің 85,2 пайызы қамтылған, – дейді Әсел Қайырбекова.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 810 балабақша мен шағын орталық жұмыс істеп тұр. Былтыр өңірімізде 31 мектепке дейінгі мекеме ашылып, соның нәтижесінде 1881 бүлдіршін балабақшамен қамтылды. Жұмыс істеп тұрған балабақшалар мен шағын орталықтардан 2357 баланы қамтитын қосымша топтар ашылды.

Сала басшысының айтуынша, білім басқармасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін енгізу жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Абай, Зайсан, Зырян аудандарының 64 жекеменшік балалар мекемесінде мемлекеттік білім беру тапсырысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы шарттарға ауыстырылып, бұл көрсеткіш республика бойынша көшбасшылық орын алуға мүмкіндік берген.

Мектептердегі білім сапасының жоғарылауы білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуімен тығыз байланысты. Жаңартылған мазмұнға 1, 2, 5, 7 сыныптар ауыстырылып, критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Аталған сынып мұғалімдерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұдан бөлек біліктілігіне байланысты жалақысының 30-50 пайызы көлемінде қосымша ақы төленетін болады. Облыста екі қанатқақты мектепте, атап айтқанда, Көкпектідегі Абай атындағы мектеп пен Өскемендегі №39 орта мектебінде жаңартылған оқу бағдарламасының апробациясы жалғасуда. Алдағы қыркүйекте 3, 6, 8-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытуға қазірден дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Менің мектебім» жобасы бойынша кәсіпкерлердің демеушілік көмегі есебінен физика, химия, биология, информатика, роботтық техника негіздерін оқытуға арналған 476 жаңа үлгідегі кабинетті жабдықтау қарастырылған еді. Аймақ басшысының бұл жобасын қызу қолдаған өңірдің кәсіпкерлері жомарттық танытып, 2,3 млрд. теңге көлемінде қаржы жиналды. Қазір құрал-жабдықтарды орнату үшін инфрақұрылымды даярлау жұмыстары жүріп жатыр.

– Акцияны іске асыру нәтижесінде өңір мектептерінің 42 пайызы роботтық техника кабинеттерімен қамтылатын болады. Бұл республикалық мақсатты көрсеткіштен 12 пайызға жоғары, – дейді Әсел Қанатқызы. – Облыста үштілділікті дамытудың кешенді жоспарын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Бұл мақсатта соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы мұғалімдерді қайта даярлау курстарына және оларды ынталандыруға 340 млн. теңге бөлінді.

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша өңіріміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мектеп бітіруші түлектердің елімізден тыс жерлерге кетуін төмендетуге бағытталған «Білікті маман» бағдарламасы әзірленді. Былтыр жергілікті бюджеттен облысымыздың бес университетінде қажетті мамандықтарға 200 грант бөлінген еді. Биыл 400 бюджеттік орынға қаржы қарастырылған.

Мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Үздік мұғалім», «Үздік мектеп» байқауларын өткізу дәстүрге айналған. «Үздік мектеп-2017» байқауында Семейдегі Шәкәрім атындағы гимназия ұжымы жеңімпаз атанып, 19 миллион теңгенің грантына ие болды. Ал «Үздік педагог» республикалық байқауында Бородулиха ауданындағы М.Әуезов мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Ықыласова, республикадағы колледждер арасындағы байқауда Абай колледжінің мұғалімі Алтынғайша Бурыбаева бірінші орынды иеленіп, 1 млн. 800 мың теңгенің грантын жеңіп алды.

Білім сапасының тағы бір көрсеткіші – түрлі деңгейдегі олимпиадалар. Өңіріміздің талантты да білімпаз өрендері халықаралық, республикалық деңгейдегі зияткерлік сайыстардан 44 алтын, 53 күміс, 82 қола медальмен оралды. Кейінгі жылдары 1-7-сыныптар оқушылары арасындағы ғылыми-зерттеу жобаларының республикалық байқауында «Үздік олимпиадалық команда» атанып, бірінші орыннан түспей келеді. Дарынды оқушыларымыз Ұлттық зияткерлік құрама қатарында Ресей, Грузия, Бразилия, АҚШ, Ирландия, Қытай, Индонезия, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінде өткен халықаралық білім сайыстарынан жүлдемен оралып жүр. Бірыңғай ұлттық тестке қатысуы және жоғары көрсеткіштері бойынша Көкпекті, Аягөз, Тарбағатай аудандары көш бастап тұр.

– Әлем тез дамуда. Жаңа технологияларға бет бұрған заманда балаларымыз білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті болуы қажет. Елбасы тапсырмасына сәйкес, білім саласында болып жатқан барлық өзгерістерді ұстаздармен талқылап, ата-аналармен келісіп, іске асыратын боламыз. Қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, алға қойған міндеттерді бірлесе атқарамыз,-деп қортындылады облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Қайырбекова.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button