Білгірлер брейн-рингке шықты

Ауданның алты бірдей ауылдық мектебінің оқушылары «Жас зияткерлер – Қазақстанның патриоттары» деп аталған брейн-рингке қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен зияткерлік байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың туған өлке туралы білімін, таным-түсінігін тексеру.
Шараны қалалық орталық кітапхананың мамандары Достық үйінің қолдауымен ұйымдастырды. Ойын түрінде өткен байқауда жобаға қатысушы әрбір команда өзінің ұранын әзірлеп, өлкетану тақырыбында жазылған әдебиеттер мен мерзімді басылым материалдарын жатқа айтты. Ал ойын тақырыптары оларға бір ай бұрын беріліп қойған-ды.
– Брейн-рингті бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Оған үзбей қатысып келе жатқан командалар да бар. Оқушыларға мұндай шаралар өте қызықты. Қатысушылардың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Сондай-ақ мұнда оқушылардың көшбасшылық қасиеттері ашыла түседі, – дейді Зырян қалалық орталық кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Клара Қунарова.
«Горняк» мәдениет үйінде өткен бұл шара сырт көзге балалардың байқауынан гөрі, көгілдір экраннан көрсетіп жататын зияткерлік теле-шоуларға көбірек ұқсап кетті. Гонг үні, ойлануға уақыт беру, сұрақтың жауабын дәл тапқандағы қуаныш немесе мүлт кеткен сәттегі әттеген-айлар… осының бәрі көрерменге әйгілі шоулардың атмосферасын сезіндірді. Сайысты жүргізуші – Клара Қунарова. Қазылар алқасының құрамында Достық үйінің директоры Г.Дедова, қазақ және славян орталықтарының жетекшісі Ф.Тауданбекова мен Е.Филимонова, аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Сәрсенбина болды.
Бес раундқа созылған брейн-рингтің алғашқысында оқушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тезистерді қаншалықты білетіндігі тексерілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына, Қазақстанның болашағына, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты сауалдар қойылды.
Зияткерлік сынның екінші кезеңі елімізде тұратын түрлі халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетіне, тұрмысына бағышталды. Әсіресе, бүгінгі ұрпақ жадынан көше бастаған ертеректегі ырым-тыйымдар, салт-жоралғылар қайта жаңғырып, кейінгі буынның көкейіне қондырылуы бізді де қуантты. Қазақтың отпен аластауы, орыс пен украиндардың құда түсу кезінде атқаратын салттары, татарлардың күзгі жиын-теріннен кейін жасайтын сабантойы және басқа да ұлттардың өздеріне тән дәстүрлері мен мерекелері әңгімеге өзек болды.
Зырян өлкесінен шыққан атақты тұлғаларға арналған үшінші кезең тіпті қызықты болды. Туған жерінің нағыз патриоттары өздерінің әйгілі жерлестері туралы мәліметтерді мақтанышпен баяндап, фотосуреттерге қарап ондағы адамдардың (белгілі жерлестер) аты-жөндерін атады. Тақырыпқа орай викториналық сұрақтарға жауап берді. Павлов-Брилин, Бурнашов және Кольцов сияқты Ұлы Отан соғысының батырлары көрсеткен ерліктерді жыр қылып айтты.
Брейн-ринг барысында жергілікті «Бухтарминские радуги» әдеби бірлестігінің жетістіктеріне көңіл бөлініп, өңірлік ақын-жазушылардың шығармалары топтастырылған «Окна всад», «Бухтарминские радуги», «Пикет в пике» жинақтарына шолу жасалды. Бұл тақырыптардың бәрі де жоғарғы сынып оқушыларына таныс екен. Осы орайдағы кез келген сұраққа мүдірмей жауап беріп, өрелерін көрсетті олар.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы да жарыскерлер алдынан шықты. Оқушылар бірегей жобаға өз аудандарынан кімдердің үміткер ретінде тіркелгенін жөпелдемде таба алмады. Бірақ жүргізушінің тізімді дауыстап оқи жөнелгені сол-ақ еді, жергілікті жұртқа етене таныс есімдер аталғанда бәрі шу ете қалды. Айта кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» ауданның атынан «Зыряночка» үлгілі би ансамблінің жетекшісі Зоя Дузбаева, аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Бекжан Ғалиев, Олимпиаданың қола жүлдегері, ауыр атлет Денис Уланов, қол күресінен Азия чемпионы, ерекше спортшы Сергей Антропов, «Бородино» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бөкежанов, жас кәсіпкер, меценат Юрий Токарев, «БЦК» ЖШС-нің директоры Сергей Баев қатысқан.

Отандық һәм орыс әдебиетінің классиктері Ілияс Есенберлин, Мұхтар Әуезов, Александр Пушкин және басқалардың шығармаларын мазмұндап, өлеңдері жатқа оқылған, Түркия, Египет, Ресей секілді шет мемлекеттердің географиялық ерекшеліктері түсіндірілген төртінші кезең де тартысқа толы өтті. Екінші Мекке атанып кеткен қасиетті Түркістан туралы деректер де осы турда ортаға салынды.
Бесінші әрі соңғы кезеңде оқушылар америкалық әлеуметтанушы Роберт Линд айтқан «жайлы заттардың ішіндегі ең қолайсызы, қолайсыз заттардың ішіндегі ең жайлысы не?» деген сұрақтың жауабын табуға тырысты. Тапты. Ол – телефон екен.
Аса қызықты да тартысты өткен ойын нәтижесінде, Средигорненка мектебінің құрама командасы топ жарып, бірінші орынды иеленді. Екінші жүлдені Зубовка мен Чапаев мектептерінің командалары өзара бөлісті. Айтпақшы, Чапаев ауылынан келген оқушылар бұл байқауға алғаш қатысып отыр. Үшінші орын соловьевтік командаға бұйырды. Қалғандарына жұбаныш сыйлықтарын қанағат тұтуға тура келді.
– Ауыл балаларының білімі осал емес екенін көріп қуанып қалдық, – деп сөйледі брейн-рингті қорытындылаған қазылар алқасының төрайымы Галина Дедова. – Сайысқа дайындалғандары байқалады, бірақ командаларға әлі де білімдерін тереңдете түсу керек. Қаладағы мектеп оқушыларымен және колледж студенттерімен Достық үйінде тұрақты түрде арнайы жұмыстар жүргізіледі. Осындай жұмыстар ауыл балаларымен де атқарылуы қажет. Сонда ғана білім деңгейін көтеруге, дамыта түсуге жол ашылады.
Бәрі де дұрыс. Мұндай пікірмен келіспеске амалымыз қайсы.
Оксана Сосновкая
Арнайы бет Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді