Мәдениет

Білек күшіне ақылы сай Әлібек жеңімпаз атанды

Білек күшіне ақылы сай Әлібек жеңімпаз атанды


Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да алғаш рет «Жігіт сұлтаны-2017» байқауы ұйымдастырылып, онда білімі мен білек күші тең түскен, сегіз қырлы бір сырлы өрендер бақ сынасты.

Байқау басталмас бұрын алдымен осы оқу орнының кітапханасында Астана және Өскемен қалалары ақсақалдар кеңестерінің өкілдері Өскемендегі ЖОО-ның және колледждердің студенттерімен кездесу өткізіп, өмірлік мол тәжірибелерін жастармен бөлісті, болашақ ел патриоттарын тәрбиелеудегі ұтымды ойларын ортаға салды.

Жиналғандар бүгінгі жас буынның алдында тұрған әлеуметтік, тұрмыстық, өзге де өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталып жатқан мүмкіндіктерді барынша пайдалану керектігі сөз етілді.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде көктемгі Наурыз мерекесіне орайластырып салтанатты кездесулер, акциялар және концерттер өткізіп келеміз, – дейді Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры, қалалық мәслихат депутаты Ринад Ахметжанов. – Биыл да бірқатар іс-шараларды ұйымдастырдық.
Олардың қатарында Астана және Өскемен ақсақалдар кеңестері өкілдерінің арасында шахмат турнирін және «Жігіт сұлтаны-2017» байқауын өткізу бар. Оған қатысуға 21 колледждің және 4 жоғары оқу орнының студенттері өтініш берді. Ақтық сынға 13 үміткерді таңдап алдық.

Атап өтерлігі, басқа қарсыластарға қарағанда бұған дейін оқу орнының ішінде өткен «Жігіт сұлтаны ШҚМТУ – 2017» байқауында жеңіске жеткен, танымал «Экстази» шоу-балетінің қатысушы Әлібек Нұрпейісов байқауға арнайы шақырылған екен. Оқу кестесінің тым тығыздығына қарамастан, бақ сынау мүмкіндігінен айырылғысы келмеген ол алдын ала қосымша дайындыққа да уақыт тапқан. Байқаудың шымылдығын түрген өңкей жас жігіттердің жан жадыратар тамаша ортақ биі, міне, осының жемісі.

– Шынында да, уақыт өте қысқа болды. Аз уақыттың ішінде бидің ортақ композициясын әзірлеп үлгердік және де ол, өздеріңіз көргендей, жаман шықпады. Сол уақытта барлық үміткерлер бір топтың мүшесіндей болып кеттік. Алғашқы күндері бір-бірімізді сынай қарасақ, керісінше жарыс күні бір-бірімізге сәттілік тіледік, – деді Әлібек.

«Жігіт сұлтаны» байқауына келген туыстар мен достардан құралған жанкүйерлер қарасы да ерекше мол болды. Ал жігіттердің өнері негізінен спорттағы жетістіктеріне, әртістігіне, шешендігіне және хореографиялық қабілетіне қарап бағаланды.

Алғашқы турда жігіттер өздері туралы қысқаша таныстырса, ең жауапты да қиын болған екінші кезеңде Қазақстан тарихына, саясатқа, спортқа, қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Одан әрі үй тапсырмасын орындап, іскерлік стильде өнер көрсетті. Ал соңғы турда конкурсқа қатысушылар өздерін ХХІ ғасырдың нағыз батыл, сайыпқыран, заманауи жігіттері етіп көрсетуге тырысып бақты.

Қазылар алқасының әділ бағалауының нәтижесінде үшінші орын Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Асхат Құзархановқа, екінші жүлде Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінен қатысушы Ақжол Әбдуғалиевқа, бірінші орын ҚАЕУ колледжінің студенті Раджан Қадырбековке бұйырды. Ал байқаудың бас жүлдегері – «Жігіт сұлтаны-2017» жеңімпазы болып өзгелерден оқ бойы дара шапқан Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Әлібек Нұрпейісов танылды. «Көрермен көзайымы» сыйлығын да осы техникалық университеттің өкілі Мақсат Сләмбеков жеңіп алды. Барлық жүлдегерлер арнайы тағайындалған ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button