Білім

Бұл жобаға 13 колледжіміз қатысты

Бұл жобаға 13 колледжіміз қатысты

Облысымызға арнайы іссапармен келген еліміздегі Норвегия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Вегард Гьярум Стенсруд Шығыс Қазақстанда соңғы бес жылда жүзеге асырылған норвегиялық үлгідегі білім беру жүйесі жобасының нәтижелерімен танысып, алдағы жоспарлар жайында сөз болған кездесулер өткізді.
Естеріңізге салайық, Норвегия мен біздің өңір білім саласындағы ынтымақтастығын 2004 жылы бастаған. Осы уақыт ішінде Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің жанынан қазақстандық-норвегиялық орталығы ашылып, облысымызда аталмыш қанатқақты жобаны іске асырумен айналысты. Атап айтқанда, мамандар дайындауда оқу орындарының, жұмыс берушілердің және мемлекеттік органдардың күшін біріктіріп, түлектердің жұмысқа орналасуына көмектесті. Сондай-ақ, Өскеменде «Техникалық және кәсіптік білім» қазақстандық-норвегиялық корпоративтік қоры да құрылды. Оның басты мақсаты әрі бейімі өңірде біліктілігі жоғары кадрларды дайындауға көмектесу болды.
– Жалпы, былтырға дейін облысымыздағы 13 колледжде осындай қанатқақты жоба жүзеге асырылғанын айта кету керек. Бүгінде Шығыс
Қазақстанда жоба ресми түрде тоқтатылғанымен, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің біразы өз жұмысында сіздердің тәжірибелеріңізді әлі де қолданып келеді, – деді норвегиялық делегациямен кездесу барысында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанова.
Кездесу барысында Қазақстан мен Норвегия арасындағы «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіруге көмектесу» жобасының директоры Хелль Ховард Сэварайд, сондай-ақ, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова аталған бағыттағы әріптестікті нығайту жолдары жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды.
Ал кездесуді қорытындылаған еліміздегі Норвегияның Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Вегард Гьярум Стенсруд Корольдік Шығыс Қазақстан облысымен білім беру саласындағы тәжірибелерімен бөлісуге қашан да әзір екенін айтып, енді әріптестікті нығайту үшін нақты ұсыныстар қажет екенін жеткізді.
– Облыстарыңызға сапарымыз барысында Өскемендегі бірқатар колледжде, сондай-ақ, «Азия Авто» зауытында болып, бес жыл бойы жүзеге асырылған қанатқақты жобамыздың жемісін өз көзімізбен көріп қайттық. Көргеніміз көңілден шықты. Десек те, әлі де түзетуге, жақсартуға болатын тұстар көп екенін айтқым келеді. Жалпы, бұл жобаға 500 миллион теңге көлеміндегі қаражат жұмсалғанын білесіздер. Сондықтан оның тиімділігіне баса мән берген жөн, – деген ол қазақстандық-норвегиялық жобаның арқасында кадрларымыз ІТ-технологиялардың көмегімен негізгі жұмыстарынан қол үзбей-ақ қайта даярлықтан өтіп, кәсіби біліктілігін арттыратын курстарға қатыса алатынын ерекше атап өтті. «Норвегияда мұндай қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша білім алатындардың саны күндізгі бөлімде оқитындардан екі-үш есеге көп», – деп түйіндеді Вегард Гьярум Стенсруд.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button