Білім

Бұл құрылтай химия – биология пәндеріне жаңа серпін бермек

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен қойнауынан химияның атасы саналатын Менделеев құрастырған кестенің барлық элементтері табылатын Кенді Алтайда, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында «Мектептегі жаратылыстану ғылыми білім беру – XXI ғасырдағы қоғам, ғылым мен технология» тақырыбында химия мен биология пәндері мұғалімдерінің бірінші құрылтайы өтіп жатыр.

Бұл құрылтай химия – биология пәндеріне жаңа серпін бермекҮш күнге созылатын ұстаздар құрылтайына Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, министрлік департаменттері мен Ы.Алтынсарин атындағы білім беру академиясының, Ұлттық биотехнология орталығы біліктілікті арттыру институтының басшылары, еліміздің барлық облыстарынан келген аталмыш пән ұстаздары, облыстық басқармалардың өкілдері мен жоғары оқу орындарының басшылары, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Моңғолия, Германия сияқты әлемнің әр елінен келген шетелдік ғалымдар қатысуда.

Құрылтайдың бірінші күні делегаттар дарынды балаларға арналған «Восток» орталық мектеп-кешенін, «Нұр Орда» халықаралық мектебін, мектепке дейінгі «Балапан» мекемесін, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжін аралап, өзара тәжірибе алмасты. Бұл білім ошақтарында қонақтар облыстың білім беру саласындағы тың бастамаларымен танысып, жетістіктеріне куә болды.

Түс ауа құрылтайға келген ұстаздар қауымы түгел жиналып, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімге облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Әрқашан кемел білім мен кемеңгер даналықтың алдында бас иетін ұстаздар қауымы «ақылдың ақыны» атанған хакім ескерткішінің маңынан көпке дейін тарқай қоймады. Солардың бірі Тараздан тоқымын терге шылап келген Алтынгүл Жаппасбаева күнұзақ өтіп жатқан қызу талқылаулардың арасында осындай салтанатты шараның ұйымдастырылғанының орынды болғанын айтады.

– Химия және биология пәні мұғалімдерінің бірінші съезі Алтайдың төрінде өтіп жатуы тегін емес болса керек. Бұл жиыннан күтеріміз көп. Жамбыл облысынан келген 17 мұғалімнің әрқайсысы өз ұсынысы мен құнды пікірлерін әріптестерімен бірге талқылауға дайын. Әсіресе, оқулық сапасына байланысты айтарымыз көп, – дейді А.Жаппасбаева.

«Алтай» технопаркінде құрылтай делегаттары шетелдік ғалымдармен кездесіп, пікір алмасты. Мәртебелі меймандарға деген жылы лебіздері мен алғыстарын білдіру үшін Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова, Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков пен облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев сөз алды.

Мұндай жылы қауышуға жауап ретінде Германия профессоры Ханс-Йоахим Мадер мен ресейлік ғалым Владимир Викторов жауап сөз сөйледі. Кездесуді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мейір Ескендіров жүргізіп отырды.

Ақпараттық қоғамның қалыптасуындағы биология және химия пәндерінің маңыздылығы жөнінде сөз болғанда ғалымдар бұл қос ғылымның келешегі кемел екенін көре білген қазақ елінің бағыты дұрыс, ұмтылысы ұтымды екенін айтысты.

«Сіздердің мемлекеттеріңізде педагогикалық мамандардың академиялық мобильдігінің қай түрі кең танымал және нәтижелі?» деген сұраққа доктор Жан-Поль Бель Франциядағы жағдайды мысалға ала отырып жауап берсе, Джонатан Ричардс Ұлыбританияда әсіресе, биологтарға ерекше көңіл бөлініп отырғанын нақты мысалдар келтіре отырып, баяндап өтті.

Кездесу барысында отандық ғалымдар шетелдік әріптестеріне бұдан өзге де мәселелер бойынша өздерін қызықтырған сауалдар қоюға мүмкіндік алды. Жылы шырайда өткен кездесуді қорытындылаған Ермек Көшербаев құрылтайға қатысушылардың жұмысына сәттілік тілеп, Алтайға ат басын тірегендері үшін алғыс білдірді.

«Нұр Ордадағы» келелі кеңес

Астанадан келген білім саласының білгірлері мен барлық облыстардан бас қосқан биология, химия пәнінің мамандары «Нұр Орда» халықаралық мектебіне ат басын бұрды. Текке бұрған жоқ. Салмағы қара нарға жүк болатын екі тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оның бірі «Жаратылыстану ғылымдарын оқытудағы педагог кадрлардың біліктілігін жетілдірудегі инновациялық потенциал» деп аталады. Келелі кеңестің тізгінін білім беру жүйесінің басшысы және ғылыми педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институт директорының бірінші орынбасары Иса Самсаев ұстады.

Кеңеске ел көлеміндегі педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директорлары мен қызметкерлері қатысып, біліктілікті арттыру жүйесіндегі мәселелерді, ғылыми-жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің жай-күйі, 12 жылдық білім беруге көшу барысында осы саланың атқаратын рөлі туралы кеңінен талқылады.

Ал «Білім беру жүйесінің кезекті міндеттері» атты тақырыптағы басқосу министрліктің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның басшылығымен өтті.

– Бұл шараны өткізудегі ең басты мақсатымыз – Астана, Алматы сынды ірі қалалар мен облыстардағы білікті мамандардың басын қосып, тәжірибе алмастыру, – дейді Жаңыл Жонтаева.

Әр өңірден келген білім басқармасының және басқарма бөлімдерінің бастықтары бас қосқан бұл кеңесте Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған «Білім туралы» Заңының нормативтік-құқықтық актілері, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың ұлттық жоспары сынды келелі мәселелер талқыланды.

Көрме көрермендердің көзайымына айналды

Айтулы құрылтайдың ашылуы алдында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың №5 оқу ғимаратында биология-химия пәндерін оқыту бойынша көрме өтті.

Көрмені құрылтайға келген 400-ден астам көрермен тамашалады. Мұның ішінде Президент Әкімшілігінің өкілдері мен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, шетелдік ғалымдар, білім басқармаларының, білім беру ұйымдары мен ғылыми-әдістемелік орталықтардың басшылары, аталмыш пәндерден халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері де бар.

Семей, Павлодар, Ақтөбе, Алматы сынды оннан астам қалалардағы жоғары оқу орындарының осы пәндерге қатысты ұйымдастырылған көрмелері құрылтайға қатысушылардың қызығушылығын туғызды.

– Бұл жерге екі пән бойынша әртүрлі олимпиадаларда қол жеткізген жетістіктеріміздің нәтижелерін, көрсеткіштерін әкеліп отырмыз. Оның үстіне Италия сияқты елдерден арнаулы әкелінген құнды оқулықтарымызды да көрмеге қойдық. Мұндай қазыналы кітаптар қолға оңайлықпен түсе бермейді, – дейді Алматыдан арнайы келген көрме ұйымдастырушылардың бірі, «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының президентінің тәрбие ісі жөніндегі кеңесшісі Нұрбол Төлебаев.

Тек институттар ғана емес, «Алматыкітап» баспасы, «Атамұра» корпорациясы сынды елімізге танымал баспа орындары да өз кітаптарын осы көрмеге арнайы әкеліпті. Оқу ғимаратының екі қабатынан орын тепкен үлкен көрме шын мәнінде көрермендердің көзайымына айналды.

Кәсіптік білім басты назарға алынады

Құрылтай шеңберінде өтетін шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбековтің өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуі болды.

Алдымен 2010 жылдың желтоқсанында Елбасының Жарлығымен қабылданған білім беру саласының 2011-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының беталысы мен 2010 жылдың мамырынан бері ел көлемінде жүзеге асып келе жатқан «Балапан» бағдарламасының аяқалысы туралы сөз саптаған вице-министр арадағы екі жыл ішінде үш пен алты жасарларды қамтитын мектепке дейінгі мекемелер саны 36,2 пайыздан 65 жарым пайызға өскенін атап өтті.

– Бұл өсім негізінен жаппай шағын орталықтар ашу және бұрындары жеке меншіктің қолына өтіп кеткен балабақшаларды қайтарып алу есебінен жүзеге асып отыр. Ал келесі кезең жаңа балалар мекемелерін салуға, сондай-ақ, жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын орталықтар ашуға бағытталатын болады, – деген вице-министр 2015 жылдан бастап қолға алынып, кезең-кезеңмен көшу басталатын 12 жылдық білім беру мәселесіндегі негізгі үш мәселеге тоқталды.

Басшының айтуынша, бұл үш мәселені орнықты шешу үшін біріншіден, мектептердің материалдық-техникалық жағынан жабдықталуын нығайту, екіншіден, оқулықтар мен басқа да оқу құралдарын әзірлеу және үшіншіден, 12 жылдық білім беруге сай келетін педагогикалық кадрларды даярлау қажет.

Соңғы жылдары қазақстандық оқушылардың халықаралық білім сайыстарында мәртебелері өсіп келеді. Дегенмен, олардың қатарын одан да көбейту үшін бүгінде Білім және ғылым министрлігі функционалды сауаттылықты қалыптастырудың ұлттық жоспарын жасапты. Енді Үкіметтің арнаулы қаулысымен бекітілуін күтіп тұрған білім берудің бұл бас жоспары келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап іске кірісетін көрінеді.

Махметғали Сарыбеков мырзаның тағы бір нақтылап тоқталғаны еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру мәселесі болды. Аталған проблеманың оң бағыт алуын жеделдету мақсатында Өскеменде, Атырау мен Шымкентте және Екібастұзда әрқайсысы 730 жұмыс орнын ашуға негіз болатын төрт аймақтық орталық ашылмақ.

– Бұған қоса Алматы, Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында өндірістің әр саласында жұмыс істейтін жұмысшы кадрларды даярлайтын әлемдік деңгейдегі колледждер құрылысы бастау алатын болады, – деді ол. – Тағы бір мәселе – ел көлеміндегі жоғары оқу орындарын оңтайландыру. Бізде қазір 146 ЖОО бар. Ол біздің ел үшін өте көп екені байқалып отыр. Сондықтан олардың 30-дайы, негізінен жеке меншік жоғары оқу орындары оңтайландырылатын болады.

Басқосуда білім саласын күтіп тұрған түрлі реформалар жайлы тиянақты дерек берген вице-министр сондай-ақ, жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас маман-түлектердің біліктіліктерін негіздеу мақсатында ұлттық тәуелсіз жүйе құрылатыны жайында да айта келіп, журналистер тарапынан қойылған сан түрлі сұрақтарға жауап берді.

Таңдаулы ұстаздар бас қосты

Екінші күні бұл бас форумға әр облыстан келген мұғалімдер, депутаттар, шетелден арнайы қатысып отырған делегаттар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫ ерекше құрметпен қарсы алды. Делегаттарды осынау үлкен жиынға келулерімен құттықтаған министр «Жылы пейілдеріңіз бен ыстық күндеріңіз үшін рақмет» деп бір қалжыңдап алып, алдымен Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ құрылтай делегаттарына арнаған құттықтауын оқып берді.

Ал мұғалімдердің бас форумына қатысқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ сөзін делегаттар үлкен ықыласпен тыңдады.

– Құрметті мұғалімдер! Бүгін – білімнің салтанат құрған күні. Біз сондықтан да барлық шығысқазақстандықтар атынан сіздердің бәріңізге оған қош келдіңіздер дегіміз келеді. Білім және ғылым министрлігіне, министр мырзаға осынау құрылтайды біздің облысымызда өткізіп жатқандары үшін рақмет айтамын. Соңғы кездері білім беру саласына мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп келе жатқаны әр ұстазбен қатар олардан дәріс алып жатқан оқушыларды да алдан көрінуге жетелейді деген ойдамын. Жалпы, БҰҰ-ның биылғы жылды химия жылы деп атағаны бекер емес шығар. Біз оқушыларымыздың аталған саладағы жетістіктерін атап қана қоймай, ғалымдардың өзекті зерттеулерін өзіміздегі өндіріске, ауыл шаруашылығына енгізуге атсалысып жатырмыз. Тағы да сіздердің әр қадамдарыңызға сәттілік тілегім келеді.

Облыс басшысының жүрекжарды сөзінен кейін «Ендігі сөз кезегін өзіме берейін» деп, делегаттарды бір күлдіріп алған министр Б.Жұмағұлов салиқалы баяндамасын бастап кеткен.

– Сіздермен ұлы Абайды, Шәкерім мен Мұхтарды дүниеге әкелген еліміздің Шығыс өңірінде кездескенімізге қуаныштымыз. Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өтіп отырған бұл құрылтайға таңдаулы мұғалімдермен қатар жаратылыстану ғылымы саласындағы танымал шетелдік ғалымдар да қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі алқалы жиналысымыз химия-биологиялық білім берудің дамуына жаңа серпіліс береді деген сенімдеміз, – деп сөз бастаған Республиканың бас мұғалімі бірінші кезекте қазақстандық білім берудің халықаралық имиджінің көтеріліп келе жатқанын жеткізген.

ЮНЕСКО-ның деректеріне қарағанда, біздің еліміз білімді дамытудың индексі бойынша әлемнің 129 елі арасында төртінші орынды, ал тұрғындардың сауаттылығы жағынан 177 елдің көшінде 14-ші орынды иемденіп келеді екен. Сонымен қатар елімізде білімді, ғылым мен инновацияны нақты интеграциялауға көшу жүзеге асып келеді. Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда үлкен білімділік танытуда. Оған жас білімпаздарымыздың халықаралық сайыстарда 221 медальды жеңіп алуы мысал болатындай.

Соңғы жылдары мектептер заманауи құралдармен мейлінше жабдықталып, оған республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа 2059 физика, 1718 биология кабинеттері жарақталған. Мұнымен қатар жаратылыстану бағытында білім беретін екі бірдей «НАЗАРБАЕВ интелектуалды мектебінің» ашылуы әлемдік стандартқа сай оқытудың озық үлгісі болып келе жатқаны даусыз.

Білім берудегі осындай жетістіктерді жіпке тізгендей етіп жеткізген министр саладағы кейбір проблемаларды да жасырған жоқ.

Салада өзіндік проблемалар да жетерлік

– Дегенмен, бұл салада орын алып отырған проблемаларды да айтып, оларды осынау құрылтайда жариялы түрде шешуге қадам жасауымыз керек, – деді ол. – Олар: біріншіден, оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту, дарынды балалармен жұмысты жетілдіру, мектептерді білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету, мектептік эксперимент мәселелерін нақтылау және ресурстық орталықтардың қызметіне арналған нормативті базаларды көбейту.

Саладағы өзекті тұстарды талдай сөз саптаған еліміздің бас мұғалімі әр жыл сайын педагогикалық мамандық алып шығатын 34 мыңнан астам жастың тек он мыңдайы ғана білім беру жүйесіне баратынын, бүгінде химиядан сабақ беретін ұстаздардың тек 22 пайызының ғана жоғары санаты барын, бұл сан биология пәні бойынша тіптен өрескел: 18,7 пайыз ғана екенін нақты мысал етіп келтірді.

Еліміздегі білім берудің күнгейі мен көлеңкесін қатар баян еткен Бақытжан Жұмағұлов әріптестеріне химия және биология пәні оқытушыларының қазақстандық қауымдастығын, сондай-ақ, саланың ақпараттық-ағартушылық кеңістігінде интернет-портал құруды ұсынды.

Білімдегі, оның ішінде жаратылыстанудағы өзекті мәселелер арнасын оған қатысушы делегаттардың сөздері кеңейте түскен. Әсіресе, мәскеулік ғалым А.Теремов, ұлыбританиялық профессор Д.Тимней, «НАЗАРБАЕВ интеллектуалды мектептері» ААҚ басқармасының төрайымы К.Шамшидинова және НАЗАРБАЕВ университетінің І курс студенті М.Бекбергеновтің, басқа да ғалымдардың сөздері съезд делегаттарының санасына тың ойлар құйғаны сөзсіз.

Түрлі ой салған үлкендікішілі баяндамалар аяқталған соң бірнеше мұғалім Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, грамоталармен марапатталды. Біз сондай төсбелгіге ие болған талдықорғандық Төлеу Мұхаметжанованың қуанышымен бөліскен едік.

– Мен Сарқанд қаласындағы №14 кәсіптік лицейде химия және биология пәнінен 20 жылдан астам уақыт дәріс беріп келемін. Жалпы ұстаздық өтілім – 31 жыл. Тәуелсіздігіміздің 20 жылында алғаш өтіп отырған бұл құрылтайдың тарихи маңызы зор деп ойлаймын және оған делегат болып қатысқаныма бек қуанып тұрған жайым бар. Әдістемелік тұрғыда көптеген тәжірибе алмастық, бірнеше үлгілі мектепте болып, ересен мағлұмат алдық. Шынымды айтсам, облыстарыңыздың басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ өрелі істерінің бір көрінісін осы құрылтайдан көріп-байқағандай болдым.

Әмина Жұмағұлова –
жылдың үздік мұғалімі

Өскемендегі «Үлбі» орталық мәдениет сарайында «Жылдың үздік мұғалімі – 2012» облыстық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Өз саласында қатарының алды болып, қара үзіп шыққан үздік ұстаздарды Білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ пен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ марапаттады. Бақытжан Жұмағұлов химия және биология пәні мүғалімдерінің І құрылтайы осындай салтанатқа ұласқаны үлкен қуаныш екенін атап өтті.

– Бұл шараны құрылтай кезінде өткізіп, үлкен мерекеге айналдыру – ұстаздар қауымына деген сый-құрмет деп білеміз. Сый-құрметтеріңізге рақмет. Құрметті үздік ұстаздар! Арамызда әйгілі Қанипа Бітібаева бастаған ардагер мұғалімдер отыр. Солардың алдында бас ие отырып, барлықтарыңыздың жұмыстарыңызға табыс, дендеріңізге амандық тілеймін, – деген ақжарма тілегін жеткізді министр.

Аймақ басшысы да жеңімпаз ұстаздарды құттықтай келіп, білім саласындағы үздіктерді ұлықтау шарасы дәстүрлі түрде жалғасатынын айтты.

– Кез келген азамат, мейлі, ол әкім немесе министр болсын, өмірдегі өз жолын ұстаз берген білімнің арқасында табатыны белгілі. Облысымыздың мұғалімдері алаңсыз еңбек етіп, жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалуда және осымен шектеліп қалмаймыз, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Үздік танылған 9 ұстаздың ішінде Зырян қаласындағы №6 орта мектептің математика пәні мұғалімі Әсия Бежекенева «ІТ-педагог» аталымы бойынша озық деп танылды. «Тәжірибе және шеберлік» аталымы бойынша үздік деп Катонқарағай ауданындағы Үлкен-Нарын лицейінің химия және биология мұғалімі Бақытжан Қожықова танылса, риддерлік Людмила Какулина мен шемонайхалық Сәуле Тайтенова «Әдіскер ұстаз» және «Шығармашыл педагог» аталымдары бойынша жылдың үздіктері атанды.

Көкпектілік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назымгүл Рашиева мен өскемендік биология пәнінің мұғалімі Ольга Астраханцева конкурстың үшінші дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Ал екінші дәрежелі диплом семейлік физика пәнінің ұстазы Алла Полежаеваға табысталса, бірінші дәрежелі марапатқа өскемендік география және биология пәнінің білгірі Елена Зинченко ие болды. «2012 жылдың үздік мұғалімі» атағын Катонқарағай ауданының Өрел ауылындағы орта мектептің география және биология пәнінің ұстазы Әмина Жұмағұлова иеленді. 25 жылдық өтілі бар ауыл мектебінің ұстазына жеңімпаз дипломымен қоса темір тұлпардың кілті тапсырылды.

Қазақстан Республикасы химия және биология пәні мұғалімдерінің І құрылтайы бүгін өз жұмысын «Шеберлік кластар» өткізумен жалғастырады.

Есімжан Нақтыбайұлы,
Мұратхан Кенжеханұлы,
Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button