Білім

Бұл лицейдің түлектеріне сұраныс жоғары

Бұл лицейдің түлектеріне сұраныс жоғары


Кезіндегі аудандық партия комитетінің ғимаратында орналасқан Үржар кәсіптік-техникалық лицейі Таскескен ауылдық округінің ең көрікті, абаттандырылған білім ошағы. Сонау кеңестік кезден бері келе жатқан бұл білім беру мекемесі бүгінгі таңда қоғамға аса қажетті, сұранысқа ие мамандарды даярлауда алдыңғы шептен көрініп жүр.

Лицейде жаңа педагогикалық және білім технологиялары енгізілуде. Ойын элементтерін қолданатын стандартты емес сабақтар, оқытудың мультимедиялық құралдарын қолдану секілді оқытудың түрлі формалары мен тәсілдері қолданылуда.

Елбасының Жолдауында «Таяудағы екі-үш жылда дуальді, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет» делінген.

– Егеменді еліміздің ертеңі – кәсіби маман, саналы азамат, нағыз патриоттарды тәрбиелеуді мақсат тұтудамыз, – дейді лицей директоры Қанағат Шарахметов. – Кәсіптік-техникалық лицейді былтыр 104 оқушы бітірді. Лицейде кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярланады. Оқу мерзімі екі жыл он ай. Қазір 166 оқушы бірнеше мамандық бойынша білім алуда. Біздің шәкірттерімізге сұраныс жоғары. Болашақ мамандардың қатарында «Ауыл шаруашылық шебері» мамандығын оқып жатқандар көп. Сонымен қатар, аспаз, дәнекерлеуші, даяшы, тракторшы-машинист, «В», «С» санатты автомобиль жүргізушісі сияқты мамандық иелерін даярлап жатырмыз, – дейді Қ.Шарахметов.

Лицей түлектеріне көбінде шаруа қожалықтары тарапынан сұраныс жасалады. Олар келісімшарт бойынша көктем-жаз айларында қожалықтарға жіберіліп, өндірістік тәжірибеден өтіп келеді.

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде оқытудың маңызды бөлігі тәжірибе-зерттеу сабағына бөлінеді. Мұндағы негізгі мақсат – оқушылардың теориялық сабақтардан алған білімін тәжірибеде бекіту, оларға машиналар мен механизмдердің құрылысын таныстырып, бөлшектеу, жинау, реттеу әдістерін ұғындыру, олардың тетіктерін ретке келтіру, техникалық күтімі мен жөндеу операцияларын игеру, жұмысты дұрыс ұйымдастыру және техника қауіпсіздігін сақтай білуге дағдыландыру. Ол үшін лицейде зертханалық-практикалық сабақтардың өтуіне барынша жағдай жасалған. Арнайы жабдықталған кабинеттер мен интерактивті тақталардың болуы, жалпы заманауи талаптарға сай материалдық-техникалық базаның құрылуы бұл мекемеде сапалы білім берілетіндігін көрсетеді.

Қазіргі күнде әрбір жұмыс орны қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Лицейдің зертханасы осыдан біраз жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталған. «Есіл-740» комбайны, үш «МТЗ-82» тракторы, ауылшаруашылығы машиналары сияқты жаңадан техникалар сатып алынуда. Мемлекеттік мекеменің иелігінде 302 гектар суармалы, 1018 гектар шабындық және 657 гектар жер телімдері бар. Техникаларды пайдалану және сапалы тәжірибелік сабақтар өткізу мақсатында оқушылар тәжірибелік сабақтарын осы жер телімдерінде өткізеді.

– Жыл сайын оқушылар тәжірибелік сабақ кезінде бірнеше гектар күнбағыс, 40 гектар аумаққа бидай егіп, әжептәуір өнім жинап келеді. Студенттер жазда өткізілетін технология сабақтары кезінде өздерінің еккен дақылдарын күтіп-баптайды. Оқу жылының басында осы еккен дақылдарын шығынсыз жинап алу үшін қолдағы жаңа техникаларды пайдалана отырып тәжірибе жинақтайды. Осының бәрі болашақ маман даярлауға және сапалы білім беруге зор ықпалын тигізіп жатыр. Әр жылдары бітірген түлектер ауданның түрлі шаруашылықтарында жұмыс істеп жүр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді Қанағат Маратұлы.

Бұл лицейдің түлектеріне сұраныс жоғары

Оқуға балалар жинау бұрын мектептермен арадағы жасалған келісімшарт негізінде жүргізілетін. Қазір де солай. Дегенмен, қазір оқушылардың көпшілігі тоғызыншы сыныптан кейін өздері келетін болыпты. Өйткені, мұнда сұранысқа ие мамандық алумен қатар, олар орта білім алғандығын растайтын аттестатқа да ие болады. Лицейге облыстың өзге аудандарынан, тіпті басқа өңірлерден де келіп оқып жатқандар бар көрінеді.

– Өкінішке қарай, елімізде біздің жұмысымызға қажетті техникалық кітаптар өте аз. Бізді қинап отырған мәселе осы. Спорт тауарлары да жеткіліксіз, – дейді лицей директоры. -Мамандық алатын шәкірттеріміздің саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқан соң, заман талабына сай компьютеріміз де жеткілікті болса дейміз. Бізде қазір үш интерактивті тақта бар. Сонымен жұмыс істейміз.

Білім ұясында әскери даярлық сабағы тыңғылықты жүргізіледі. Одан бөлек түрлі апталықтар, кештер, мәдени-спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Демек оқушыларға рухани тәрбие беру ісі де мұнда дұрыс жолға қойылған.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button