Білім

Бұл колледжден министр де шыққан

Бұл колледжден министр де шыққан


«Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде Өскемен политехникалық колледжі өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Білім ордасының мерейтойына педагогика саласының ардагерлері, колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.

Аталған колледждің негізі сонау 1953 жылы қаланыпты. Бұл кезде Өскемен қаласы ғана емес, бүкіл облыс энергетика саласының мамандарына өте мұқтаж еді. Оқу ордасы осынау олқылықтың орнын толтырды. Содан бері де 65 жылдың жүзі болыпты.

– 65 жылдың ішінде колледж 20 мыңнан астам түлекті түлетіп ұшырды. Осы уақыт аралығында колледж өңірдің ғана емес, жалпы республиканың энергетикалық саласы үшін мамандар даярлайтын бірден-бір оқу ордасына айналды, – деді салтанатты шарада сөз алған аталған колледждің директоры Исатай Исин. Оқу ордасы өзінің бай тарихымен мақтанады. Тіпті, колледж түлектерінің арасынан Энергетика министрі де шыққан.

Оқу ордасын мерейтойымен облыстық білім басқармасының өкілдері де құттықтап, Өскемен политехникалық колледжінің жас ұрпаққа техникалық және кәсіби білім берудегі орнын ерекше атап айтты. Сондай-ақ осынау оқу орнында талай жыл аянбай еңбек еткен педагогикалық еңбек ардагерлері атынан Лариса Семенкова сөз алып, жылы лебізін білдірді.

Жалпы, салтанатты шарада сөз алған «Қазцинк» ЖШС, «Өскемен ГЭС-і» ЖШС, «Өскемен жылу энергия орталығы», «Согра ЖЭО» ЖШС, «Кэмонт» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС секілді іргелі кәсіпорындар өкілдерінің қай-қайсысы болмасын колледждің сапалы маман даярлаудағы еңбегін ерекше атап өтіп, ризашылықтарын жеткізді. Бүгінде колледж жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатқан. Дуальді оқыту үрдісі де өзінің жемісін беруде.

Осынау шарада оқу ордасының директоры Исатай Исин алдағы уақытта Өскемен политехникалық колледжі Естай Жүрсіновтің есімін иеленсе деген тілегін де жеткізді. Аталған білім мекемесін 20 жылдай уақыт басқарған Естай Тұрсынбекұлы көптеген игі істердің басында тұрыпты. Колледждің қалыптасып, іргесінің бекуіне еңбек сіңіріпті. Ендеше ердің есімін ел есінде мәңгі қалдыру ләзім.

Сондай-ақ мерейтойға арналған шарада колледждің 4-курс студенті Александр Якунин үлкен сыйға кенелді. Оған колледж директоры И.Исин Өскемен қаласында орналасқан екі бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті.

– Біздің ұжым Александрды өзінің патронаттық тәрбиесіне алып, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінен» арнайы шот ашып қойған болатын. Оған жыл сайын ұжым болып бір күндік еңбекақымызды аударып отырдық. Енді, міне, бүгін сол сыйымызды Александрға тарту етеміз, – деді И.Исин.

Өз кезегінде, Александр да колледж ұжымына алғысын жеткізіп, жақсы маман, ең бастысы, жақсы адам болуға тырысатынын айтып, уәдесін берді.

Мейрам Екпін.

Осы айдарда

Back to top button