Мәдениет

Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізілетін болады

Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізілетін боладыЖүсіпбек оқулары

Биыл – сан қырлы талант иесі, қазақ прозасының классигі, публицист, аудармашы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдық мерейтойы. Міне, осы мерейтой қарсаңында Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің ұйтқы болуымен «Жүсіпбек мұрасы – ел қазынасы» атты І Аймақтық Жүсіпбек оқулары болып өтті.

Сұлу сөз зергері Жүсіпбек Аймауытовты қалай құрметтесек те жарасымды. Қазақ әдебиетіндегі роман жанрының шын мәніндегі негізін салған Жүсіпбектей жазушыны ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі «ұстазым» деп, ардақ тұтып, арқа сүйепті. Осы орайда бұл шараның Семейдегі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өтуі де кездейсоқтық емес. Жазушы – дәл осы оқу ордасының түлегі. Сол кездегі мұғалімдер семинариясында 1914-1919 жылдары аралығында білім алған Жүсіпбектің азаматтық көзқарасы, дүниетанымы осы білім ордасында қалыптасып, қаламгерлік қадамы да осы жерде басталды.
Мұны салтанаттың ашылу рәсімінде М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева да атап өтті.
Байқауға басында Семей мен Өскеменнен басқа Павлодар, Қарағанды қалаларындағы педагогикалық және гуманитарлық колледждердің де білім алушылары қатысады деп күтілгенімен, павлодарлықтар мен қарағандылықтар қатыспады. Сөйтіп, алғашқы аймақтық Жүсіпбек оқуларына Семей мен Өскемен қаласынан барлығы 15 шәкірт қатысуға тілек білдіріпті.
Барлығы үш турдан тұрған байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер қаламгердің «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» шығармаларынан «Әнші», «Елес» секілді әңгімелерінен үзінділер оқыды. Сонымен қатар, әрбір қатысушының аталған шығармалардың мазмұнын меңгеріп, сюжеттік, композициялық, идеялық жағынан талдай білуі, шығарма тарихына қатысты мәліметтерді зерделеуіне ерекше мән берілді.
Әдебиет зерттеушісі, ғалым Бейсенбай Кенжебаев өзінің бір еңбегінде «Жүсіпбектің «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» романдары мен ұзақ әңгімелері түгелдей терме, жыр, шешен желдірме сөз болып келетін. Теңестіріп айтқанда, Жүсіпбек романдарын оқып отырғанда, кісі өзін жапан түзде бірде аяңдап, бірде желе-жортып келе жатқан жүрдек атты жолаушы сияқты сезінетін еді. Жүсіпбек шығармаларының тілі жатық, жаттап алуға оңай келетін» деп жазыпты.
Десе де, жазушының шығармаларынан үзінді оқу кезінде сүрінгендер де болды. Үміткерлердің кейбірі жаттағанынан қарадай жаңылып, білгенін ұмытып, абдырап қалды. Ал тағы бір үміткерлер мәнерлеп оқыған осы екен деп құр айқайға басқанын өздері де байқамады. Жүректен шықпаған дүние жүрекке жетпейді. Осы орайда қазылар алқасының мүшесі, Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің доценті Айман Ақтанованың пікірін келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.
– Колледждерде қалай екенін білмеймін, жоғары оқу орындарында мәнерлеп оқу, шешендік өнері деген пәндер жүреді. Осы сабақтарда біз студенттердің сөйлеу мәнеріне, қазақтың сөздерінің орфоэпиялық нормаға сай болуына аса мән береміз. Себебі, бүгінгі заманда халқымыздың бұрынғыша сөйлеу мәнері қалып бара жатыр. Екпінді, интонацияны басқа жерге қойып сөйлеп жататын жастар көп. Негізінде әр сөздің өзінің эмоциясы, көтеріп тұрған жүгі болады. Соған мән беру қажет. Сондықтан үміткерлердің өнерін бағалаған кезде біз осы жағына назар аудардық. Жалпы, Жүсіпбектің шығармалары мәнерлеп оқуға сұранып тұрған дүние ғой, – дейді Айман Советқызы.
Кемшілік жіберген бес үміткер байқаудың келесі турына өте алмады.
– Жүсіпбектің көпшілік біле бермейтін бір қыры – режиссерлігі. Ол 1915 жылы Семейде тұңғыш рет «Біржан-Сара» айтысын сахнаға лайықтап өңдеп, спектакль етіп қояды. Әуезовпен бірігіп, Семейде «Ес-Аймақ» театр труппасын ұйымдастырып, қазаққа бұған дейін бейтаныс сахналық өнерді дамытып, кейін халыққа белгілі болған талай өнерпаздың алғаш тұсауын кескен, – дейді қазылар алқасының төрағасы, Жүсіпбектің аталас туыстарының бірі, ақын Сайлау Байбосын. Кейіннен Жүсіпбектің өзі де талай пьесалар жазды. Байқаудың екінші кезеңі Жүсіпбектің драматургиялық шығармаларына арналды. Қатысушылар жазушының «Шернияз», «Ел қорғаны», «Рәбиға», «Қанапия-Шәрбану», «Сылаң қыз» пьесалары бойынша білімдерін сынап, образды талдап, шығарма тарихына қатысты сауалдарға жауап берді. Десе де, байқаудың бұл кезеңінде тағы да төрт үміткер келесі ақтық турға өте алмай, санаттан шығып қалды.
Жан-жақты талант иесі Жүсіпбек Аймауытовтың жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған еңбектер мен оқу құралдарын да жазғаны белгілі. Сайдың тасындай іріктеліп, үшінші турға жолдама алғандар Ж. Аймауытовтың «Психология», «Тәрбиеге жетекші», «Жан жүйесі және өнер таңдау» атты педагогикалық еңбектерінің өзекті мәселелері, көтерген жүгі жайындағы сауалдарға жауап берді. Байқау барысында сайыскерлердің берілген сұраққа нақты, түжырымды жауап беруі, сахна мәдениетін сақтауы, ізеттілік үлгісін көрсетуі де сарапқа салынды.
Сөйтіп, бұл байқауда бас жүлдені Жаннұр Рахатова қанжығасына байласа, өскемендік Шөкен Мөлдір үшінші орынды қанағат тұтты.
Енді Жүсіпбек оқулары дәстүрлі өткізіліп отыратын болады. Оны ұйымдастырушылар алдағы байқаулардың аясын кеңейтуді де қазірден ойластырып отыр.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button