Бұл қандай оба?
Тарбағатай өңірі тұнып тұрған тарихқа бай өлке, сыры мол сырлы мекен болса да олардың зерттелмей жатқандары әлі де жетерлік. Мәселен, Құйған ауылынан бес шақырымдай қашықтықтағы Бүрме деген қыратта бір үлкен оба бар. Оның диаметрі – 25 метр, биіктігі 15 метр шамасында. Оның сырт көрінісі сақтар дәуірінен қалған Шілікті обаларына өте ұқсас.
Осы үлкен обаның маңын айнала қазылған екі, әлде үш шеңбердің сілемі де анықтап қараған адамға анық байқалады. Одан басқа обадан төменгі тұста аралары едәуір қашық болатын тағы бірнеше шағын обалардың орнын да көруге болады. Кеңес кезінде осы оба «Бәйгетөбе» аталып, ат жарысы өтетін орынға айналыпты. Расында да, оның етегі мидай жазық болғандықтан ат бәйгесі үшін нағыз таптырмас, қолайлы орын деуге болады. Сол уақытта әлдекімдер қандай мақсатпен екені белгісіз, обаның үстін бульдозер трактормен күрепті. Ол уақытта оны ешкім оба деп емес, жәй төбе деп ойлауы да мүмкін.
Ең ғажабы, осы обаның орналасқан жері. Ол биік жал қыраттың үстінде тұрғандықтан осы арадан алыс-жақын жерлер алақандағыдай анық көрінеді. Әсіресе, Тарбағатай тауының биіктері осы арадан тым асқақ сезіледі. Бетеге мен ақ селеу аралас өскен жазық қырат үсті алыстан абайлап қараған адамға алтын тақ сияқты елестейді. Сонда осы обада жерленген адам алтын тақ үстінде жатқан әлде бір құдіретті патша не билеуші сияқты көрінеді. Бұл әлі зерттеуші-ғалымдардың назарына іліге қоймаған оба. Дәл осындай, бірақ көлемі одан сәл кішіректеу обалар Жамбыл ауылының төменгі жағындағы Бегетай қыратының үстінде де бар. Бір ғажабы, байқап қараған адамға оның да орналасқан жері бетеге мен ақ селеу өскен, айналасы көз жетер жер анық көрінетін қыр үстінің болуы. Соған қарағанда мұндай жерге атақты адамдарын жерлеп, обалар салу ежелгі сақ заманы адамдарының салты болған секілді көрінеді.