Шағын кәсіпкерлік

«БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫМЕН» БІРГЕ

        COVID-19 пандемиясының кесірінен 2020 жыл еліміз үшін, соның ішінде кәсіпкерлер үшін бірлікті, күш пен қуатты, беріктікті сынаған  қиын да күрделі жыл болып тұр. Осындай сәтте шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында  Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын өзгертті. Бағдарламалардағы салалық шектеулер алынып тасталып, бизнес-бағдарламалардың барлығында несиелендірудің соңғы мөлшерлемесі 6 пайызға  түсірілді. Кәсіпкерлерге субсидияға және кепілдендіруге берілетін несие сомасы ұлғайтылды.

ҚАРЖЫСЫН БІЛІМ БЕРУГЕ БАҒЫТТАДЫ

Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалымен  биылғы он айда облыста 12,150 млрд. теңгенің 170 жобасы субсидияландырылған.

Соның ішінде Өскеменде 3,726 млрд. теңгенің 55 жобасына субсидия беріліп отыр. Салалық құрылымдар бойынша алған несиесін   субсидиямен жауып  отырғандардың арасында  сауда-саттық, көлік және қоймаға қою, қайта өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кәсіпкерлік субъектілері басым.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Олег Пактың айтуынша, биыл аймақ кәсіпкерлеріне 7,861 млрд. теңгенің 171 жобасы үшін мемлекеттік кепілдендіру берілген. Кепілдендіру сомасы  2,905 млрд. теңге. Өскемен қаласында 3,182 млрд. теңгенің  63 жобасы 1,043 млрд. теңгеге кепілдендірілген.

Салалық құрылымдар бойынша кедергісіз несие алуға мемлекеттен кепілдік берілген жобалардың көпшілігі  тиісінше сауда-саттық, көлік және қоймаға қою, қайта өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кәсіпкерлік субъектілері.

Атын атап, түсін түстер болсақ, жеңілдікпен несие алып, жетістікке жетіп жатқандардың қатарында Өскемендегі  «Монтессория» балаларға арналған интеллектуалдық және шығармашылық орталығы» ЖШС бар. Орталық мектепке дейінгі білім беру нарығында 2015 жылдан бері балалардың ой-өрісін, қабілетін дамытып, шыңдап, өздері де өркендеп келеді. 2017 жылға дейін   білім беру орталығы болып саналған олар сол жылдан бастап балабақша ретінде қызмет көрсетіп, кішкентай өскемендіктерді бүлдіршін кезінен  оқу, білімге, өнерге баулуда. Балабақша топтарында сәбилерді оқыту интеллектуалдық және шығармашылық дамытудың  ең жаңа әдіс, тәсілдері бойынша жүргізіліп жатыр. Бағдарламаның  оқыту негізіне педагогикалық ойлаудың озық әдісі ретінде әлемдік қоғамдастықпен мойындалған Мария Монтессоридің тәсілі (ЮНЕСКО 1988ж) алынған.

-Монтессория балаларды интеллектуалдық және шығармашылық дамыту орталығы   – бүлдіршіндердің бала кезгі арманын орындап, ақиқатқа айналдыратын ғаламшар. Орталық педагогтары балаларды мектепке баруға әзірлеумен бірге болашаққа бейімдеп, жаңа технологиялар, жаңа техника заманына, жаңа ақпараттық дәуірге дайындайды. Осындай өзгеше қабылдау, оқыту жүйесінің көмегімен балалар кішкентай кезінен-ақ өскенде кім болатынын, қандай салада жұмыс істегісі, қандай іспен айналысқысы келетінін  түсініп, таңдап,  ұғынады,- дейді орталықтың директоры  Жанар Мұхаметқалиева.

Балаларды айрықша бағдарламамен оқытып жатқан орталық өз қызметін көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланған. Жобаны іске асыруға берілген  145 500 000 теңге несиеге  орталық ғимаратын сатып алған. 14 пайыздық мөлшерлемемен берілген несие пайызының 8 пайызы «Даму» қоры арқылы, несие сомасының 20 пайызы көлеміне мемлекеттік кепілдік беріле  отырып,  мемлекет тарапынан, субсидиямен жабылып жатыр.

НЕСИЕНІ 6 ПАЙЫЗБЕН АЛЫП ЖАТЫР

«Даму» қоры арқылы дамып, өркендеп жатқан облыстағы көптеген шағын бизнес субъектілерінің  бірі де бірегейі-“Avantgard-metall” ЖШС. Кәсіптерін дайын металл бұйымдарын сатудан бастаған кәсіпкерлер бизнеске  2011 жылы келеді. Екі жылдан соң өздерінің металл бұйымдарын қойып жүрген қойма ғимаратын-цехты  сатып алады. Ірі көлемдегі жүктерді тасымалдап, жеткізуге  екі жүк көлігін сатып алып, саудадан түскен ақшаның артылғанын кәсіптерін нығайтуға жұмсайды.  2013 жылы шағын кәсіпорын өз өнімін өндіруге, құйылған металл бұйымдарын өндіруге қол жеткізеді. Металл  кесетін, өңдейтін заманауи құрал-жабдықтар сатып алады. 2014 жылы кәсіпорын өз қаржысына өндіріс аумағын ұлғайтып, цех ғимаратының үстінен тағы қабат тұрғызады. Ал 2015 жылы кәсіпкерлер өз бизнестерін өркендете түсіп, өндіріс аумағынан 250 өнім түрі ( саяжайға, үйге, көшеге қоюға арналған тұрмыстық жабдықтар, интерьер жабдықтары, бау-бақша құралдары, т.б)  қойылып отырған дайын металл өнімдерінің көрме залын ашады.

Қазіргі күні «Avantgard-Metall» ЖШС-нің шағын ұжымы  кез келген металл құймалары өнімдерін шығарып, құрастырады. Кәсіби деңгейдегі шебер мамандардың қолымен жасалып жатқан өнімдердің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді, сондықтан сұранысқа ие.

Он жылда жеткен нәтиже шағын кәсіпорынның әрі қарай дамуына сенім де,  серпін де берді. Өндірістің өркендеуі, айналым қорының артуы үшін «Нұрбанк» банкі арқылы  50 млн. теңге несие алған. Несие «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдендіріліп, жылдық  14,25 пайыздық мөлшерлемемен берілген  несие сыйақысы көлемінің 40 пайызы мемлекеттен субсидияланып жатыр.

Өздерінің күшімен, мемлекеттің кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан қолдауының көмегімен көгеріп, көктеп жатқан «Силумин-Восток» ЖШС 1996  жылы құрылған. Облыс орталығындағы бұл кәсіпорын бүгінде өнеркәсіптік автоматтандыру, электрмен қамту, өнеркәсіптің түрлі салаларына құрал-жабдықтар жеткізу және өндіріс жобаларын жасау бойынша Қазақстанда көшбасшы болып отыр.

Schneider Electric, General Electric, SIEMENS, Rockwell Automation, Danfoss, WonderWare, Endress Hauser, KAESER Kompressoren, SAER Elettropompe сияқты бірнеше әлемдік өндірушілердің сертификатталған дистрибьютері саналатын өскемендік кәсіпорын қызметкерлері еліміздегі көптеген құрылыстардың жобасын бастан-аяқ өздері жасап жүр.

Ауданы 2000 шаршы метрлік өндірістік қоймасы, логистика бөлімі  бар кәсіпорын өз өнімдерін елімізге, ТМД, Ресей елдеріне сапалы әрі мерзімінде жеткізіп жатыр. Инженерлер мен жобалаушылардың, технологтардың кәсіби командасын біріктіріп отырған «Силумин Восток» ЖШС де  бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаның қайта өңдеу саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға арналған «Даму» қорының «Өндіріс-2» бағдарламасына қатысып, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ арқылы өндіріске технологиялық құрал-жабдықтар сатып алуға 6 пайыздық жеңілдікпен 169 628 000 теңге несие алған. Кәсіпорын басшысы Зоя Новолодская «Өндіріс-2» бағдарламасы бойынша жылдық  6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік туғызу-бұл мемлекттен көрсетіліп отырған шынайы қолдау екендігін айтады.

Аймақ кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алуға, кәсіп көзін ашуға басқа да қолдаулар көрсетілуде. «Даму» қоры жергілікті атқарушы органдармен  бірге іске асыратын «Ақ ниет» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында былтыр кәсіпкерлерге несие мөлшерлемесі 8,5 пайыздан берілсе,  енді төмендетіліп, 7 пайыздан берілмек. Оған қоса салалық шектеулер алынып тасталынды, бұдан былай  сауда саласындағы кәсіпкерлерге де субсидия беріледі.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button