Бизнес-жобаларын жүзеге асырды
Мемлекеттен қолдау тапқан бородулихалық кәсіпкерлер бірнеше тың бизнес-жобаларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта ауданның 36 тұрғыны мемлекеттік грантқа қол жеткізген.
Өңірде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бизнес-идеяларға гранттар беру түріндегі жұмыстары жалғасын табуда. Биыл Бородулиха ауданында осындай грантты 36 адам алса, олардың он бірі – көпбалалы аналар, ал бесеуі аз қамтылған отбасылардың мүшелері.
Бөлінген қаржы негізінен жеке шаруашылықтарды дамытуға жұмсалған. Мысалы, осындай қолдауға қол жеткізген ерлі-зайыпты Рамазан мен Гүлнар Тортаевалар Бородулиха ауылында жылыжай құрылысын жүргізуде.
– Жылыжай құрылысын біз өз қаржымызға бастаған болатынбыз. Кейінірек «Бастау Бизнес» бағдарламасы туралы білдік. Жолдасым оқу курсынан өтіп, мемлекеттік грант алуға қатысуға өтініш беруді шештік. Бизнесімізді дамытуға 555 мың теңге мөлшерінде грант бөлініп, оған жылыжайға қажетті деген материалдарды сатып алдық, – дейді Гүлнар Тортаева.
Қазіргі уақытта жылыжайдың ішкі қаңқасы қаланған. Сәл кейінірек ішкі жағы кірпішпен қаланып, шатыры поликорбонат шынылармен жабылады. Ең соңында кіреберісі қалыпқа келтіріледі.
– Осы жұмыстар аяқталған соң ғана сөрелер орнату, тұқым себу сынды жұмыстарды бастайтын боламыз. Бастапқыда аскөк, жасыл пияз, ақжелкен сияқты дәмтатымдық өсімдіктерді өсіруді ойластырып отырмыз. Жұмыстың бір бөлігін өз күшімізбен істесек, кейбір бөлігін өзге адамдарды жалдап істетеміз, – дейді Гүлнар Тортаева.
Жылыжайдың басым бөлігі жер астында орналасқандықтан ол қыс мезгілінде де жұмысын тоқтатпайды. Күн сәулесі тек мөлдір шынылы шатырынан ғана түседі. Мұндай конструкция жылуды жақсы сақтайтындықтан жылыту көздерін көп қажет етпейді. Сол себепті мұнда көкөністің барлық түрін, сондай-ақ экзотикалық түрлерін де өсіруге болады. Өйткені жер астындағы жылыжайда өзіне тән микроклиматтық жағдай үнемі сақталып тұрады. Жыл он екі ай жылуды бірқалыпты сақтайтын мұндай жылыжайды салуға көп қаражат кетпейді.
Сондықтан Тортаевтар отбасы қыс мезгілінде қолдануға келетін жылыжай салуды ұйғарған. Өйткені, жаз мезгілінде ауыл тұрғындарының барлығы өз бақшаларында көкөністің түр-түрін өсіретіні белгілі.
– Су құбырларын тарттық. Жылыжайдағы көкөністер тамшылатып суару әдісімен суарылып, пешпен жылытылатын болады. Қыс маусымына қарай барлық жұмыстарды толық аяқтаймыз деп ойлаймын. Ал бірінші түсімді жаңа жыл қарсаңында алуды жоспарлап отырмыз. Ісімізді әзірге дәмтатымдық өсімдіктерден бастап, кейін басқа да көкөніс түрлерін өсіріп көретін боламыз, – деді Гүлнар Тортаева.
Мемлекеттен қолдау тапқан осындай тың жобалардың бірі– Жезкент кентіндегі «Маффин» тайм-кафесі. Бұл дәмхананың жұмыс істегеніне екі жылдың жүзі болған. Биыл оның иесі Асхат Олжибаев көптен бері ойында жүрген бизнес-идеяны іске асырып, бизнесін дамыту үшін грант алуға өтініш берген. Нәтижесінде «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 555 мың теңге мөлшерінде грантты иеленді. Қазіргі уақытта тайм-кафе кенттегі Мәдениет үйінің бірнеше бөлмесін жалға алып отыр.
– Ғимараттың есік-терезелері аз болғандықтан оның ішін жиі желдетіп отыруға келмейді. Сол себепті пандемия уақытында дәмхана жұмысын біраз шектеуге тура келді. Жалпы, келушілер өте көп. Олардың басым көпшілігі жастар. Туған күндер мен түрлі мерекелік шараларды атап өтеді. Кентімізде жастар көп болғанымен, оларға осындай ойын-сауық ұсынатын жерлеріміз өте аз, – дейді Мәдениет үйінің директоры Рита Хабулинова.
«Маффин» дәмханасының ішкі дизайны да өзгеше. Олардың барлығы қолдан жасалған, жанға жақын. Мамандығы дизайнер болып келетін Асхат Олжибаев дәмхананың бұйымдары мен басқа да керек-жарақтарын өз идеяларын сала отырып жасаған екен.
Дәмханада ойын тіркемелері, шағын кинотеатры, караоке орналасқан жеке бөлмелері бар. Барлық идеяны жүзеге асырып, бір қалыпқа келтіру мақсатында Асхат облыс орталығына барып, осы салада жұмыс істейтін өзге кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып келген.
– Биыл аталмыш гранттың арқасында мұнда бірқатар жаңа құрылғылар сатып алынды. Атап айтсақ, VR-шлем мен попкорн дайындайтын аппарат алды. Басқа киетін шлем туралы келетін клиенттердің өздері айтқан екен. Ойын тіркемелерімен қазіргі таңда ешкімді таңғалдыра алмайсың, ал виртуалды әлем мүлдем бөлек жаңашылдық екені рас. Ең бастысы, балаларға ұнайтындығы, – дейді Рита Хабулинова.
Күз ортасына қарай ауданда тағы да 45 грант бөлінуі ықтимал. Әзірге мемлекеттік органдар қатысуға ниет білдіргендерден құжаттар қабылдауда.
Азамат Темірбеков
Бородулиха ауданы.