Туризм

БИЗНЕС КУРОРТТЫҚ САЛЫҚҚА ҚАРСЫ. НЕГЕ?

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Қазақстанда өзге мемлекеттердегідей шетелдік туристерге  «Bed Tax» (орын салығы) салығы енгізілмек. Әлемде мұндай салық түрі, мұндай тәжірибе баяғыдан бар. Туризм саласына енгізілгелі отырған жаңалық алдағы 2023 жылдан бастап жүзеге асырылмақ. Алайда шетелдік туристерден алынатын жарнаны енгізуге шығыстағы кәсіпкерлер қарсы.

«Bed Tax»-тың қаржысы өңірде қала ма?

Шетелдік туристерден алынатын «Bed Tax» салығы немесе туристік, курорттық алым отандық туризм саласын дамыту үшін, туризм нысандарының инфрақұрылымын, қызметін, қонақүйлер мен демалыс базаларының жағдайын жақсарту, тағы да басқа мақсаттар үшін енгізілмек.

Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы «Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдіктерден алынғалы отырған туристік салық, туристік алым шетелдік туристерден олардың тұру орындарында болған әрбір күні үшін алынады.

Жоғарыдағы құжатта көрсетілгендей турист түсетін орындарда шетелдіктер үшін туристік салыққа мына мөлшерлеме қолданылады: 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда  тұру құнының 0%-ы; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап  тұру құнының 5%-дан аспайтын мөлшері.

Туристік жарна туризм саласын дамытуға жұмсалады дегенмен, облыс кәсіпкерлері келер жылдан бастап енгізілгелі отырған салық түрін салуға қарсы екендіктерін білдіруде. Өңір кәсіпкерлері палатасының аймақтық кеңесі жанындағы туризм комитетінің кеңейтілген отырысында облыстағы бизнес қауымдастығы шетелдік туристерге салынатын салық түрін енгізуге әлі ерте деген қорытындыға келді.

«Шығыс Қазақстанның туристік қауымдастығы» ұйымының төрағасы Асқар Оразбаев, жергілікті атқарушы органдар мен қалалық мәслихат депутаттары, туризм саласындағы 50-ден астам кәсіпкер қатысқан шарада  Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары кәсіпкерлердің 2023 жылы «Bed Tax» туристік салығының көлемін биылғыдай, тұру құнының 0%-ы көлемінде қалдыру туралы ұсынысын толық қуаттап, қолдады. Жаңа жылдың басталуына жарты айдай уақыт  қалды. Мәдениет және спорт министрлігі шығысқазақстандық кәсіпкерлердің ұсынысын құптар, құптамасы әлі белгісіз.

Сонымен бірге кәсіпкерлердің пікірінше, министрлік шетелдік туристерге салынатын салықты енгізудің мерзімін ғана емес, салықты алудың, бөлудің ережелерін де қайта қарап, бекіткені жөн.

Облыс кәсіпкерлері былтыр қабылданған Үкімет қаулысында шетелдік демалушылардан жиналған туристік салықтың, қаржының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы туризмді дамытуға жұмсалатыны туралы нормалардың көрсетілмегендігін, алынып тасталғандығын, халықаралық тәжірибедегідей белгілі бір шекті, нақты салық мөлшерінің жоқтығын алға тартып, шикіліктері көп құжатты қайта қарап, өзгерістер енгізу қажет деген пікірде.

ЕРЕЖЕДЕ ЕСКЕРІЛМЕГЕН НӘРСЕ КӨП

Өңір кәсіпкерлерінің айтуынша, елімізге, аймаққа келіп жатқан шетелдік туристер саны тұрақты емес. Әр жылы әртүрлі.  Аймақтың бизнес қауымдастығы туристердің тұрақты көбейіп отырғандығы туралы деректерін жаңсақ ақпарат деп есептейді, 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты Қазақстанға келуге санитарлық шектеулер қойылғаны белгілі. Сол себепті туристер ағыны күрт азайып кеткен өткен карантиндік жылдар мен шектеулер алынып тасталған осы жылды салыстыруға мүлде келмейді. Бұл салыстыру облысқа келетін шетелдік демалушылардың қатары жыл сайын тұрақты түрде өсіп отыр деуге негіз бола алмайды.

Туризмді дамытуға сеп болады деп отырған «Bed Tax» курорттық салығы көршілес елдерге (Қырғызстан) енгізілмеген, енгізілсе де (Өзбекстан) төменгі мөлшерде енгізілген немесе бұл салық түрі мемлекеттің барлық өңіріне бірдей (Ресей) қолданылмайды екен. Бірден туристік салықтың жоғарғы алымын енгізу елге, облысқа келетін шетелдік туристердің азайып кетуіне әкеліп соғады. Туризмге серпін береміз деп енгізілгелі отырған жаңа салық, онсыз да тұралап жатқан саланы одан сайын жер бауырлатып тастауы мүмкін. Өздерінің осындай ойларын айтқан облыс кәсіпкерлері шығыста  шетелдік туристерге салынатын салық түрін енгізуге әлі ерте екенін жеткізді.

  • Шетелден келетін туристер легінің қайтадан қалпына келмегендігін, сондай-ақ,туристік алымды жетілдіре, енгізе отырып көздеген мақсатқа жеткізетіндей нормативтік негіздердің жоқтығын есепке ала отырып 2023 жылға «нөлдік» салықтық алымды бекітуді және шетелдік туристерден алынатын салықтық жарна ережесін қайтадан қарап, пысықтап, бекітуді сұраймыз, – деді отырыста аймақ кәсіпкерлері палатасы жанындағы өңірлік туризм комитетінің төрағасы Асқар Оразбаев.

Талқылау соңында аймақ кәсіпкерлері облыс әкімдігіне және еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне шетелдік туристер үшін  2023 жылға  «нөлдік» салық түрін қалдырып, туристік салық ережесін қайтадан қарап, бекітуге орай ұжымдық өтініш хат жолдады.

Аймақ кәсіпкерлері палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтқанындай,   кәсіпкерлердің өтініштерін жергілікті атқарушы билік толық қолдап отыр, таяу күндері облыс әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігіне сұрау хат жібермек. Аймақ кәсіпкерлері палатасының атынан Мәдениет және спорт министрлігіне де хат жолданбақ. Жоғарыдағыларға жолданатын үшбу хаттан кәсіпкерлердің өтініші орындалса жақсы.

Қазіргі күні кәсіпкерлер палатасындағы туризм комитетінің жаңа құрамы жасақталып жатыр. Оның құрамына облыстың аудандары мен ауыл, қалаларындағы демалыс орындарының иелері, осы салада жұмыс істеп жатқан кез  келген кәсіпкер кіре алады. Комитет құрамына енуге ниет білдірушілер және туризм, ауыл шаруашылығы басқа да салаларға қатысты  ұсыныстарын, мәселелерін, пікірлерін білдіргісі келген кәсіпкерлер өздері туралы мәліметтерді өңірлік кәсіпкерлер палатасының oskemen@atameken.kz. мекенжайындағы поштасына жолдауға болады.  

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button