Кәсіпкерлік

Бизнес-идеясын іске асырды

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қол жеткізгендердің қатары аз емес.

Мемлекеттен қайтарымсыз қаржылай  грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Ақжар ауылдық округінің тұрғыны Гүлфайруз Тауфикова.

Ол Тарбағатай ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына бизнес-жобасымен өтініш берген. Мемлекеттік гранттар беру қағидасына сәйкес құрылған комиссияның оң қорытындысын алған азаматша 583 мың теңге қайтарымсыз грант алып, оған Компьютерлік қызмет орталығын ашқан.

– Осыдан біраз жыл бұрын өзім компьютерлік орталықта жұмыс істеген едім, қыр-сырын жақсы меңгердім. Бұл сала маған таңсық болғандықтан жеке бір кәсіпкерлікті қолға алғым келді. Осы ойымды мемлекет ұсынған мүмкіндік арқылы іске асырдым. Қайтарымсыз қаражатқа керекті құрал-жабдықтар алдым. Бүгінгі таңда компьютерлік қызмет орталығында барлық көлемді фотоға түсіру, ксерокөшірмелер жасау, түрлі түсті басып шығару, сканерлеу, мәтін теру, электронды желілер арқылы құжаттар жіберу, ламинаттау, қағаз құжаттарды түптеу, визиткалар әзірлеу секілді көптеген қызмет түрі көрсетіледі. Ауданда сегіз ауылдық округ бар. Көбінесе аудан орталығына құжат рәсімдеуге тұрғындар жан-жақтан көп қатынайды. Біздің сервис орталыққа жүгініп жатады. Әр адам өзінің икеміне қарай кәсіп бастап, тәуекелге барып әрекет етуі керек деп санаймын, – деді жас кәсіпкер Гүлфайруз Тауфикова.

Тарбағатай ауданы әкімдігінің мәліметінше, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды жұмыспен қамту мәселелері жіті назарға алынған.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді курстарда 37 азамат 11 мамандық  бойынша оқыған. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша бизнес-идеяларды іске асыру үшін тиісті азаматтарға жалпы соммасы 28,1 млн теңгенің қайтарымсыз гранттары берілген. Жастар іс-тәжірибесінен үш адам тәжірибеден өтіп, алғашқы жұмыс орнына бір адам жұмысқа орналасқан, 120 адам еңбекақы төленетін қоғамдық жұмыспен қамтылған. Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден ауданға 19 адам көшіп келіп, олардың төртеуі тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Осы айдарда

Back to top button