«Бизнес бастау оңай» дейді көпбалалы аналар

Көпбалалы аналар бизнес бастау үшін жарты миллион теңге ала алады. Жоба “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтары жәрдемақы төлеумен қатар қыз-келіншектерді жұмысқа орналастыруға немесе арнайы курстарда жаңа кәсіпті игеруге көмектеседі. Олар оқу барысында бизнес жүргізу негіздерін де үйренеді.
Көкпекті ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Алиса Даутова «Бизнес бастаудың» игілігін көріп отыр. Бағдарлама аясында 505 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болған ол бүгінде сүт сауу аппаратын сатып алып, шағын шаруашылығынан айырып отырған күніне 50 литр ақты «Толағай сүт» қабылдау пунктіне өткізіп отыр. Бір ғана Алиса емес, төрт баланың анасы Гүлнар Бексолтанова да банктегі жұмысын тастап, бала кездегі хоббиін кәсіпке айналдырған.
– Банктегі айлығым мардымсыз еді. Оның үстіне, төрт баламен таңның атысы, кештің батысы жұмыс істеу қиын болды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы көпбалалы аналарға кәсіп ашуға қолдау бар екендігін естігінде, ойланбастан жұмыспен қамту орталығына барып өтініш бердім. Тігінші мамандығы бойынша курста қабілетімді шыңдадым. Сол курстың бизнес кеңесшісі екеуіміз жоспар жасадық. Оны сәтті қорғап шығып, 500 мың теңге көлеміндегі грантқа да қол жеткіздім. Оған тігін машинасы мен үтік, тағы қажетті құрылғыларды алып, іске кірісіп кеттім. Міне, жарты жыл болды, үйде тапсырысқа киім-кешек, перде, өзге де дүниелерді тігіп жүрмін. Клиенттерді әлеуметтік желі арқылы тартармын, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Гүлнар.
Ал Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны Мадина Бердікенова жиһаз цехын кеңейтуге мүмкіндік алды.
– Жолдасым қосымша кәсіп ретінде жиһаз құрастырумен шұғылданатын. Көбірек тапсырыс алып, цех деңгейіне жеткізу үшін біраз құрылғылар қажет еді. Оған қаржы қолбайлау болып жүрді. Ал биыл отбасымыздың арманы орындалды. Мен көпбалалы әрі жұмыссыз ана ретінде «Бизнес бастау» жобасының қайтарымсыз грантына ие болып, оның қаржысына цехқа қажетті құрылғылар сатып алдық. Қазіргі күні тұрғындардың көбінен тапсырыс түсіп жатыр. Жалпы, кәсіп ашамын деп ойланып жүрген жандарға айтарым, тәуекел етіңіздер. Мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкіндігін пайдаланудан тартынбаңыздар дегім келеді, – деп ағынан жарылды ол.
Шемонайха ауданы Верх-Уба ауылының тұрғыны Ирина Шубина да осындай пікірде. Жеті баланың тәрбиесімен үйде отырған ана көмек сұрап қол соза бермей, мемлекет мүмкіндік берсе, соны пайдалану керек деп шешіпті өзі үшін.
– Осы күнге дейін жолдасым отбасын бір өзі асырап келді. Ақша бірде жететін, бірде жетпей жататын. Өзім – үй шаруасындағы әйелмін. Мемлекеттік жәрдемақылар бар, алайда «Еңбек» бағдарламасы туралы естігенде, қашанғы осылай отыра беремін деп ойладым. Ешқашан іс тігіп көрмесем де, курсқа жазылып, қолымнан келетіндігіне көз жеткіздім. Тіпті өзімді тігін үшін жаралғандай сезіндім, – дейді ол.
Иринаның айтуынша, ауылда тігін цехын ашу – өзін ақтайтын бизнес, өйткені мұндай қызмет көрсетіп отырған бәсекелестері жоқ. Қазір шағын цехқа қажетті құрылғыларын сатып алып жатқан ол алдағы уақытта киім-кешекпен қатар төсек-орын тігуді де қолға алмақ.
Жоғарыда мысалға келтірілген жандар – бағдарлама аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар категориясы бойынша грантқа қол жеткізгендердің бірі ғана.
Қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кімдер?
Аталған бағдарламаның әкімшісі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының бөлім басшысы Ғалия Тоқтасынованың айтуынша, «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамту бағдарламасы аясында тек көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар ғана емес, еліміздің өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе кез келген жұмыссыз азаматы қатысып, қайтарымсыз грантқа ие бола алады.
Облыста биыл аталмыш бағдарламаның «Бизнес бастау» және «Жас кәсіпкер» жобасының аясында төрт мыңға жуық адам кәсіптік курсқа қатысып, оның басым көпшілігі 100, 200 айлық көрсеткіштегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
– «Бизнес бастау» жобасы бойынша биыл алты лек курстан өтті. Соңғы лектің дәрістері жуықта аяқталады. Биыл бұл бағыт бойынша қурсқа қатысуға ниет білдірушілердің көрсеткіші көңіл қуантады. Әсіресе ауыл, аудандардың тұрғындары, оның ішінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың қызығушылық танытуы, кәсіп ашуға бет бұруы бағдарламаның тиімділігін көрсетіп отыр.
Қазіргі күні тек облыста «Бизнес бастау» жобасы аясында 2969 адам қатысып, оның 2511 өздерінің бизнес-жоспарларын қорғап шықты. Оның 928-і 505 мың теңгенің, 298 адам 252 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болы.
Жалпы, бұл жоба аясында гранттың екі түрі бар. Бірі 252 мың теңгенің гранты болса, екіншісі – 505 мың теңге көлеміндегі грант. Олар бизнес-жоспардың күрделілігіне қарай беріледі, –дейді Ғалия Тоқтасынова.
Сондай-ақ биыл «Жастар жылы» аясында «Еңбек» бағдарламасының «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша да қайтармысз грантқа ие болғандар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бұл бағдарлама жастарға арналғанымен, оның ішінде де көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 29 жасқа дейінгі азаматтар кәсіп ашу үшін мемлекеттік қолдауға ие болды. Оның қайтарымсыз гранты да 505 мың теңгені құрайды. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында облыстың 1074 жасы кәсіптік курстан өтті. Бұл жоба келер жылы да жалғасын табады деп күтілуде, өйткені алдағы жыл елімізде «Волонтерлер» жылы деп жарияланбақ.
Курсқа қатысқыңыз келсе…
«Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыспен қамту бағдарламасының «Бизнес бастау» жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту. Сол арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру екендігін бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Осы бағыт бойынша білім алып, кәсіп ашамен деушілер нені білу керек?
Кәсіпкерлік негіздерін оқуға қатысушылардың дені ауылда, аудан орталықтарында тұратын, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген немесе тіркелмеген жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер (бизнесінің тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).
- Жобаға қатысу үшін әлеуетті қатысушылар жергілікті жердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне барып, бағдарламаға қатысуға өтініш жасайды;
- бағдарламаға қатысу үшін оның шарттарына сай келетіндігіңізді растауыңыз қажет. Мысалы, жұмыссыз болсаңыз, жұмыссыз екеніңізді, мүмкіндігі шектеулі жан болса, соны дәлелдейтін құжаттарды ұсынады.
- іріктеуден өту (кәсіпкерлік әлеуетті анықтау мақсатында қатысушыларды тестілеуден өткізу);
- топтарда практикалық оқу және бизнес-жоспарларды жазу бойынша жекелеген консультациялар;
- бизнес-жобаларды қорғау;
- бизнес ашу (осы және басқа да бағдарламалар, кепілдендіру, сонымен қатар жеке қаржыландыру бойынша шағын несиелендіру арқылы).
Оқу аяқталған соң, қатысушылар қатысудағы белсенділік және бизнес-жобаны қорғауға байланысты екі түрлі сертификаттың (қатысу туралы сертификат, оқуды аяқтағаны туралы сертификат) бірін алады. Аталған сертификаттар жылдық 6 пайызбен жеңілдікпен несие алу құқығын береді. Сондай-ақ бизнес-жоспарды қорғап шығу арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізу мүмкіндігін сыйлайды.
- Жоба аясында қатысушыларды оқыту тегін.
- Оқуға қатысушыларға 16 759 теңге көлемінде бірреттік шәкіртақы төленеді.
Жобалар жөнінде толық ақпаратқа қол жеткізгіңіз келсе, кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына хабарласуыңызға болады. Мекенжайы: Өскемен қаласы, Жеңіс даңғылы, 6, анықтама телефондары: 8 (7232) 702-952. Сондай-ақ ақпарат http://atameken.kz/. сайтында бар. Өтініштер жергілікті өзін-өзі қамту орталықтарында қабылданады.
Лаура Тілеубайқызы