Білім

Биылғы түлектерге екі мүмкіндік беріледі

Биыл елімізде 120 мыңнан астам мектеп түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Өңір мектептерінен 11-сыныпты 8 мыңнан астам оқушы бітіреді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 7 241 түлек қатысуы жоспарланып отыр.

 

Өңірімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу алтыншы мамырдан басталды. Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, облыс аумағында бес тестілеу пункті дайындалған. Олар Өскемен, Семей, Аягөз қалаларында және аудан орталықтары Ақсуат пен Үлкен Нарында орналасқан.

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет электронды форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтіп жатыр. Әр талапкер тестілеуді жеке компьютермен тапсырады, онда Менделеев кестесі мен калькуляторды пайдалануға болады. Сонымен қатар талапкерлер өзінің тестілеу уақыты біткенше жауап нұсқасын өзгерте алады.

Тестілеудің ұзақтығы – төрт сағат. Сұрақтардың саны бұрынғыдай 120 және ең жоғары балл – 140. Электронды форматтың артықшылығы –  тестілеу  аяқталғаннан кейін нәтижесін бірден экраннан көруге болады.

Биыл енгізілген өзгерістер әрбір оқушыға білім беру грантын алу үшін тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік береді: мамыр және маусым айларында. Бұған дейін мұндай мүмкіндік бір рет қана берілетін. Тест тапсыру күнін түлектің өзі таңдайды. Мемлекеттік грант алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші үздік нәтижесі бар сертификатын ұсына алады.

Сайрангүл Ахметкәрімқызы нақтылап өткендей, жергілікті жерлерде өңірлік мемлекеттік комиссиялар құрылып, әрбір тестілеу пунктінде медицина қызметкерлерінің кезекшілігі қамтамасыз етілген. ҰБТ-ның барлық пункттері қажетті мөлшерде маскалармен, санитайзерлермен, дезинфекциялау құралдарымен, залалсыздандыратын кілемшелермен, шектеу ленталарымен, ұялы байланыс сөндіргіштерімен және биометриялық планшеттермен жабдықталған. Талапкерлердің әлеуметтік қашықтықты сақтауына бақылау жүргізіледі.

Айта кету керек, алдын ала бірнеше рет ескертілгендігіне қарамастан, металл анықтағышпен тексеру барысында смартфон, айфон сияқты байланыс құралдарын арнайы фольгаға орап, жасырын өтпекші болған түлектер де бар. Олар тестілеудің ережесін бұзғаны үшін арнайы хаттама толтырылып, тестілеуге жіберілмейді. Сондықтан түлектердің ұстаздары мен ата-аналары осы жағдайды мұқият ескертіп отырғандары жөн.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн брифинг барысында түсіндіріп өткендей, бұған дейін талапкерлер бірыңғай тестілеуден қағаз сауалнамалар арқылы өтетін. Яғни дөңгелектерді бояп, көп уақытын жоғалтатын. Алдыңғы жылдары 120 мыңға жуық түлек небары 7-10 күннің ішінде тестілеуден өткен еді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты біршама созылды. Соның нәтижесінде талапкерлер тестілеуге шағын топтармен келетін болады және өздері үшін ыңғайлы уақыт пен тестілеуді тапсыруға қолайлы пунктті таңдай алады. Дайындалуға да біршама уақыты болады. Бұл әсіресе қазіргі індет кезіндегі шектеулерге байланысты түлектердің көптеп жиналуын болдырмауға және эмоциялық шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді.

 

 

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button