Биылғы сынақта көп өзгешелік жоқ
Елімізде 2011-2020 жылдарда білімді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны белгілі. Ондағы он бағыттың бәрі де негізінен білім беру сапасын жақсартуды көздейді.
Облыстық талдау және болжау институтында журналистермен кездескен Білім және ғылым министрлігінің білім саласындағы бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры Бағлан Данияров пен ШҚМУ-дағы ұлттық тестілеу орталығының басшысы Людмила Гейцманның әңгімесіне осы мәселелер арқау болды.
– Білім сапасын бақылау құрылымы барлық мемлекеттерде бар. Бір ерекшелігі, біздің қызметіміз кабинеттік жұмыс емес, түрлі білім ошақтарымен тығыз жұмыс істеу, яғни, мектеп, балабақшаларды, колледждерді, кәсіптік лицейлерді бес жылда бір рет аттестациялаудан өткізу. Ал негізгі бағыты сол мекемелерге тексерістер жүргізу, білім жетістіктерін сырттай бағалау арқылы мониторинг жасау болып табылады, – деп нақтылаған Б.Данияров тестілеудің маңызды тұстарына тоқталды.
Осыны айта келіп, қазірде көп жерде сөз болып жатқан, колледждерден кейін жоғары оқу орындарына түсу мәселесі өткен жылдың қараша айында министрліктің коллегиясында арнайы қаралып, үстіміздегі жылдың қаңтарында нақты ереже бекітілуіне орай болатынын айтып, олардың бәрі кешенді тестілеуден өтетінін жеткізді. Ал қазір орта арнаулы білім беру ошақтарында байқау (пробный) сынақтары өтіп жатқан көрінеді.
Ал Л.Гейцман биыл ҰБТ барысында болатын кейбір мәселелерге тоқталып, облыстағы барлық 14 тестілеу пунктінде бейнебақылау орнатылатынын, ең бастысы, тест тапсырған түлектердің қамы ескеріліп, апелляцияға беру уақыты бір сағатқа ұзартылғанын жеткізді.