Білім

Биылғы ҰБТ-да өзгерістер бола ма?

Биылғы ҰБТ-да өзгерістер бола ма?

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыруда білім басқармасына жүктелер міндеттер қандай? Өңірімізде апаттық жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі қалай шешімін табуда? ҰБТ-ға әзірлік не болып жатыр? Осы және өзге де сауалдарға облыстық ақпараттық орталықта өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев кеңінен жауап берді.

Өңіріміздің бас педагогының айтуынша, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша қадамдық жоспар жасалып, білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. Биыл ұлттық қордың қаржысы есебінен өңірімізде 5 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде. Олардың үшеуі апаттық жағдайдағы, ал екеуі үш ауысымды мектептің орнына салынбақ. Сондай-ақ, Семей қаласы іргесіндегі Холодный ключ елді мекенінде 230 балаға арналған балабақша құрылысын бастау да жоспарланып отыр. Десе де бүгінгі күні Семей қаласына қарасты Бобровка ауылы мен Шемонайха ауданына қарасты Верх-Уба ауылында салынатын мектептердің жобалық-сметалық құжаттары әлі толық дайын емес. Жергілікті атқарушы органдар құжаттарды ақпан айының соңына дейін бітіруге уәде беріп отыр. Асқар Қисаұлы егер құжаттар белгіленген мерзімнен кешігетін болса, аталған екі мектептің тізімнен сызылып тасталуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Ал Көкпекті ауданы Бастаушы ауылында 132 балаға арналған жаңа мектептің құрылысына қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінбек.
Облыстық білім басқармасының басшысы А. Нұрғазиев бала бақша мәселесіне де кеңінен тоқталды. Қазіргі күні облыс бойынша балабақша кезегінде 25 мың бала тұр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін республикалық бюджет қаржысы есебінен екі бала бақша салу көзделуде. Оның бірі Зырян ауданында, екіншісі Шемонайха ауданында салынбақ. Ал жергілікті бюджет қаржысы есебінен Абай, Аягөз аудандары мен Риддер қаласында үш бала бақша құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Жарма ауданында 200 балаға арналған бұрынғы бала бақша ғимараты мемлекет меншігіне өтпек. Балабақша мәселесін шешуге жеке кәсіпкерлер де қол ұшын созып отыр. Биыл облыс бойынша 22 жекеменшік балабақша ашу жоспарда бар.
Үстіміздегі жылы бірыңғай ұлттық тест тапсыру ережелеріне ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Министрлік өзгерістерді 2016 жылдан бастап енгізуді жоспарлап отырған көрінеді. Өткен жылы облыс бойынша 9867 оқушы мектеп бітіріп, олардың 68 пайызы ҰБТ-ға қатысса, биыл 8613 мектеп бітіруші түлектердің 82%-ы ҰБТ-ға қатыспақ.
Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев бақытсыз оқиғаларға тап болған балалар, суицид мәселесіне де алаңдаушылық білдірді. 2013 жылмен салыстырғанда өткен жылы кездейсоқ оқиғалар нәтижесінде қайтыс болғандардың саны 31%-ға өскен. Облыс бойынша 2014 жылы 29 бала қайтыс болса, олардың 16-сы суға батып, үшеуі өрт салдарынан, ал 10-ы жол оқиғасы кесірінен ажал құшыпты. Асқар Қисаұлы мұндай бақытсыз оқиғалардың жазғы демалыспен қамтылмаған оқушылар арасында көп кездесетінін де айтты.
Брифингте сондай-ақ, дуалды оқыту, PISA-2015, TIMMS-2015 және PIRLS халықаралық зерттеулері, мектеп оқушыларының тамақтануы, он екі жылдық білім беруге көшу, білім саласындағы оңтайландыру мәселелері де сөз болды.
Оңтайландыру демекші, өткен жолы облыстық білім басқармасының алқа отырысында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың Глубокое ауданы, Белоусовка кентіндегі жасөспірімдерге арналған мектеп-интернат пен Шемонайха ауданындағы «Сәуле» балалар үйін қатты сынға алғанын жазған болатынбыз. Білім басқармасының мамандары бұл мәселені жан-жақты зерттеп, шығыны көп, тиімділігі аз осынау мекемелерді жабу туралы шешімге келіпті.
Брифинг мәслихатының соңында облыстық білім басқармасының басшысы А.Нұрғазиев журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button