Білім

Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?

Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен алдымен Семейде, одан соң Өскеменде 2014 жылы ҰБТ-ның ұйымдастырылуы туралы ақпараттық-түсініктемелік семинар-кеңес өтті.

Оған Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Зинаш Жанділдина арнайы қатысып, жиналғандарды алдағы ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізудегі өзгерістермен таныстырды. Оларға жалпы «Білім туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңдар мен республика Үкіметінің «Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың кейбір мәселелері туралы» және сала министрінің 2011 жылғы № 506 бұйрығын басшылыққа алуды ұсынды.
Оның айтуынша, биыл өтетін ҰБТ-да айтарлықтай өзгеріс болмайды.
– Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау 10 наурыздан 25 сәуірге дейін жүргізіліп, ұлттық бірыңғай тестілеу 1-15 маусым, шығармашылық емтихан 2-7 шілде, талапкерлерді кешенді тестілеу 17-23 шілде, білім беру гранттарын иелену бойынша конкурсқа өтініш қабылдау 23-31 шілде, ал білім беру гранттарын иелену бойынша конкурс 1-10 тамыз аралығында өтпек, – деді ол. – Терең талданып, толық сараптаудан өткізілген тест сұрақтарына тек мектеп бағдарламасындағы дүниелер енгізілген. Сынақ уақыты бұрынғыдай – үш жарым сағат. Соңғы үш жылдағы жағымды жаңалық, талапкерлердің техникалық мамандыққа деген құлшынысы артып, төртінші пән ретінде физика, химия, биология пәндерін таңдап отыр. Бұған мемлекеттік тапсырыстың, гранттың көбеюі де әсер етуде. Жоғары оқу орнына тапсырғанда бұрынғыша төрт пәннің қорытынды нәтижесі алынып, оған түсу үшін шекті деңгей барлық мамандық бойынша 50, ал жалпы медицина үшін 55 балл болып бекітілген.
Осындай нақты мәліметтер беріп өткен З.Жанділдина өткен жылы орын алған олқылықтар қайталанбасын деді ме, нақты деректерге сүйене сөз саптады:
– 2013 жылы ҰБТ өткізілген жеті күн ішінде Қазақстан бойынша 30 мыңға жуық зат тәркіленді. Атап айтқанда, тест тапсыруға келген түлектерден 14154 ұялы телефон, 11507 көшірме қағаз (шпаргалка), 111 фотоаппарат, 393 калькулятор, 11 рация алынды. Барлықтарыңызға қарата айтарым, ҰБТ – өте жауапты шара. Оның ойдағыдай өтуі мемлекеттік комиссия төрағасынан бастап, оған қатысы бар әрбір адамға байланыс-ты. Сондықтан оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Бұдан ары қарай биыл Семейдегі екі пункттің біреуі жабылып, Көкпекті өңірінде ашылғанын, бұрындары Көкпекті ауданының мектеп бітіріп, ҰБТ-ға қатысатын балаларын Қалбатауға апару жол қиындығына байланыс-ты бірталай кедергі тудырғандықтан, осындай шаруа қолға алынғанын тәптіштей баяндаған Зинаш Жанділдина жалпы, ҰБТ пункттерінің 47-сі жоғары оқу орындарында, ал 107-сі
ауылды жерлердегі мектептерде орналасқа-нын айтып, мектеп түлектері бұрынғыдай математика, оқыту тілі, Қазақстан тарихы, таңдау пәні және қазақ мектептерінде орыс, орыс мектептерінде қазақ тілінен емтихан тапсыратынын жеткізді.
Оның айтуынша, тестілеу сынағы енгізілген 2003 жылдан бері оған ел көлемінде 1 миллион 335 мыңның үстінде түлек (80 пайыз) қатысқан екен. Осы уақыттағы ең нәтижелі кезең 2012 жыл болыпты. Мәселен, бұл жылы мектеп бітірушілердің 74 пайызы ҰБТ-ға қатысса, өткен жылы ол 69 пайызды ғана құраған. Министрліктің осындай төмендеудің себебін ашу мақсатымен жүргізген сараптамасы мектеп директорларының орташа оқитын түлектерді ҰБТ-ға жібермейтінін анықтаған көрінеді. Сондықтан мектеп директоры ештеңеден қорықпай, барлық бітірушіні ҰБТ-ға қатыстыруы керек сияқты. Өйткені, министрлік түлектердің санына қарап, «сонша бала ҰБТ сынағын тапсыруы тиіс» деген сараптама жасайды.
Оқырманға түсініктірек болу үшін келтіре кетейік, еліміздегі «Білім туралы» Заңның негізінде оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) білім беру ұйымдарына төмендегі міндеттерді: жоғары білімнің, қарастырылған оқу пәндерін білім алушылардың меңгеруін анықтау, білім алушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуді жүзеге асыру, оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау және білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметінің сапасына салыстырмалы талдау жасауды жүктейді.
– Осы бағытта 2013 жылдың тамыз айында облыстық білім басқармасының «Облыс мектептеріндегі түлектердің оқу жетістіктерін арттырудың қадамдық жоспары» әзірленген болатын. Соған орай, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай аудандары мен Риддер қаласында (5,10,11 сыныптар) кіріс бақылау және аралық бақылау жүргізіліп, талдау жасалды. Ал биылғы наурыз, сәуір айларында қорытынды тест өткізу жоспарланып отыр. Қазірде облысымыздың озық тәжірибелі пән мұғалімдерінің көмегімен негізгі пәндер бойынша тест жинақтары құрастырылып, олар аудандарға таратылды. Сонымен қатар мектептердің психологтарына, ата-аналар мен мектеп түлектеріне арналған ақпараттық бюллетеньдер шығарылды, – деді біз осы жиын барысында сөзге тартқан Өскемендегі «Шығыс» өңірлік орталығының директоры Мұңлық Асанова.
М.Асанованың айтуынша, соңғы кездері пән мұғалімдері мен түлектерге аптасына үш рет интерактивті сабақ ұйымдастырылып, өткізілуде екен. Сабақтарды облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейлердің тәжірибелі мұғалімдері жүргізеді. Бұған қоса пән мұғалімдері мен түлектерге әдістемелік көмек және кеңес беру мақсатында мобильдік топ құрылып, олардың облыс аудандарына шығу кестесі бекітіліпті.
Семинар-кеңес соңында негізгі баяндама жасаған Зинаш Жанділдинаға қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, оларға жан-жақты талданған жауаптар берілді.

Раушан Нұғманбекова,
Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button