Биылғы ҰБТ қалай өтеді?
Әр оқу жылы аяқталар тұста мектеп бітіруші түлектермен қатар олардың ата-аналарын және 11 жыл білім берген мұғалімдерін толғантатын ұлттық бірыңғай тестілеудің сынағы басталады. Ол биыл қалай өтеді және оның өту барысына қандай өзгерістер мен айтулы жаңалықтар енгізілмекші? Өскемендегі №15 кәсіптік лицейде өткен семинар-кеңесте осы сұрақтарға татымды жауаптар қайтарылды.
«2013 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» атты семинар-кеңеске Білім және ғылым министрлігінің Білім саласын бақылау комитеті сыртқы бақылау басқармасының бастығы Зинаш Жанділдина, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Асамбаев және облыстық білім саласын бақылау жөніндегі департаменттің директоры Бағлан Данияров қатысты.
Білім беру саласының басшылары, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары бас қосқан келелі жиынның тізгінін бірінші болып қолына алған З.Жанділдина алдағы ҰБТ сынағының өту кезеңдерін жіліктеп отырып, түсіндірген.
– Біз жылда дәл осы уақытта осындай кеңес өткізіп келеміз. Оның басты мақсаты – алдағы ҰБТ сынағындағы өзгерістермен таныстыру. Биыл ҰБТ еліміз бойынша оныншы рет өткелі отыр. Арада өткен тоғыз ҰБТ-ға барлығы 1 миллион 240 мың түлек қатысуы (мектеп бітіргендердің 80 пайызы) бұл сынаққа елдің көзқарасы дұрыс екенін байқатады, – деді ол. – Ағымдағы жылы еліміз бойынша 154 пунктте, атап айтқанда, облыс орталықтарындағы 47, ал ауылдық жерлердегі 107 пунктте ҰБТ өтпек. Тағы бір баса айтар нәрсе, биыл бұл білім сынағының бесеуі жаңа ғимараттарда өткізіледі. Және әр жылдағы қалыптасқан рәсім бойынша оның өту барысына терең талдау жасалынатын болады.
Осы жерде ең басты мәселені келтіріп кеткім келеді, ол ешбір мектеп директорының немесе сынып жетекшісінің түлектің мектепте көрсеткен біліміне қарап (мысалы нашарлау оқитын баланы) ҰБТ-ға жібермей қоюға құқы жоқ.
Осы жерде баяндамашы енді біраз күннен кейін, 10 наурыздан бастап өтініштер қабылдау басталатынын жеткізіп, 2013 жылы ҰБТ-ның шекті деңгейі көтеріліп, ұлттық университеттерде 70 балл, жалпы медициналық мамандықтар бойынша 55 балл, ал басқа жоғары оқу орындарында 50 балл көлемінде болатын болып отырғанын айтып өтті. Оның сөзінен біз өткен жылғы ҰБТ көрсеткіші бойынша шекті деңгейден барлық талапкердің 36,8 пайызы өте алмағанын ұқтық.
Ел болашағы қашанда білімділердің қолында болатыны сөзсіз. Сол себепті де ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ол сынаққа ерекше ден қойып келеді. Мәселен, өткен жылдың маусым айында Президент Әкімшілігінен барлық облыс әкімдіктеріне, сонымен қатар, министрліктерге 2013 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу рәсімін жоғары деңгейде өткізу жөнінде, оның ішінде жоғарыда келтірілген 154 пункттің техникалық жабдықталуын қадағалау туралы арнайы хат жолданған көрінеді.
Ол бойынша қазір министрлікке атқарылған жұмыстарды баяндайтын мәліметтер түсіп жатқан сыңайлы. Онда барлық пункттер рамалық металл іздегіштермен қамтамасыз етілуі керек делінген. Ол үшін жергілікті әкімдіктер бұл мәселеге (металл іздегіштерге) нақты қаражат қарастыруы керектігі айтылады. Бұл өткен жылғы ҰБТ кезінде орын алған, сынаққа кіретін баланың өне бойын тінткілеуге жол бермеу мақсатында жасалып отырған көрінеді. Егер түлек ҰБТ сынағына ұялы телефонмен кіріп бара жатса, арнайы металл іздегіш арқылы оны анықтаған соң баланы қайтара өткізеді. Өйткені, әр баланы орынсыз тінтуге ешкімнің де қақысы жоқ.
Осындай жаңалықтарды көлденең тартқан Зинаш Жанділдақызы ағымдағы жылы министрліктен 1800 арнаулы өкіл шығып, барлық 154 пункттегі ҰБТ сынақтарына қатысатынын, яғни, кезекшілер институты жойылатынын айтып өтті. Сөйтіп, алдағы сынақта бұрнағы жылдардағыдай әр аудиторияда кезекшілер болмайды, олардың міндетін министрліктен жіберілген арнайы өкілдер атқармақ екен. «Бұл да Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар. Бұл биылғы ҰБТ сынағының таза және объективті өтуіне ықпал етеді деп ойлаймыз. Биыл болатын жаңалықтардың бір парасы осылар» деді ол.
– Тағы бір айтар мәселе, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша биыл әр аудиторияда бейнекамера орнатылады. Ол бұрынғы жылдары да болған, бірақ, ол кейбір аудиторияларда қанағаттанарлық жұмыс атқарған жоқ. Ал биыл орнатылатын бейнекамераларды біздің министрліктің өкілдері міндетті түрде қадағалайтын болады. Дәл аудиторияның ортасына орнатылатын бейнекамерадан әр түлек-оқушының қимылы толық көрініп тұруы керек. Сонымен қатар, осы бейнекамералардағыны сыртта тұрған ата-аналар мен мұғалімдер көріп тұруы қажет, – деген Зинаш Жанділдина ағымдағы жылы 20900 жаңа тест сұрақтары енгізілгенін және оның үш мыңы логикалық сипаттағы сұрақтар болатынын айтып өтті.
Оның айтуына қарағанда, министрліктің блогына «ҰБТ сұрақтарын кімдер құрастырады?» деген сұрақтар көптеп түседі екен. Оларды облыстық білім басқармалары ұсынған 200-ден астам білікті мұғалімдер атқарса керек. Және бірнеше шетелдік, сондай-ақ, қазақстандық тестологтар айналысуда. Олармен нақты жұмыстар жүргізілуде екен. Олар өткен күзден бері тестің жаңа сұрақтарын құрастырып, ол сұрақтар Қазақстанның 75 мектебінде білім алып жатқан 3500 оқушы арқылы опробациядан өткізілген көрінеді. Аталған опробация нәтижесі бойынша экспертиза өткізіліп, қазір ол сұрақтар арнайы базаға енгізіліп, эксперттер олардың ҰБТ-ға дайын екендігі туралы есеп беріп те қойыпты.
Сонымен қатар, баяндамашы бүгінгі күнге дейін бес мыңнан астам оқу кітапшалары мен 210 мыңнан астам оқу-әдістемелік құралдары шығарылғанын ерекше айтып өтті. Оның бәрін пункт меңгерушілері мектеп бітірушілердің арасында таратып, оқушылар олар арқылы ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіншілік алып отырған сыңайлы.
– Ағымдағы жылы ҰБТ форматында бәлендей өзгеріс болмайды, сол бес пән: қазақ мектебінде оқитындар үшін қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, ал бесінші пән қазақ мектебінде оқығандар орыс тілі бойынша тапсырады. Осы бес пән бойынша 25 сұрақтан 125 сұрақ туады. Ол 125 сұраққа 210 минут, яғни, үш жарым сағат уақыт беріледі. Ал сертификатқа осы бес пәннен алған балдың бәрі енгізіледі. Бірақ, грант үшін сайысқа түскенде төрт пәннің ғана нәтижесі алынады. Жалпы бізде мектеп бітірушілердің 70 пайызын қазақ тілінде оқығандар құрайды, – деп түсінік берген ол штабтар жұмысы, әсіресе, олардың міндеттері туралы тарата айтып берді.
Оның сөз саптауынан тағы бір түйсінгеніміз, жоғарыда айтылып өткен 154 пункттің барлығында мемлекеттік комиссиялар құрылатыны және олар бес адамнан тұратыны туралы дерек. Сондай-ақ, баяндамашы 2015 жылдан бастап барлық мектеп бітірушілер ҚазТЕСТ тапсыратынын, министрлік тарапынан жүргізілетін сырттай емтихан өткізу, алдағы 9-25 сәуірде 9 сыныптықтар арасында болатын ОЖСБ (оқу жетістігін сырттай бағалау), олардан күтілетін нәтижелер және басқа да толғақты дүниелер туралы мұрнынан тізе, нақты дерек-мысалдарды көлденең тарта әңгімелеп өтті.