Биыл жаңа мектепте оқиды
Ақай ауылындағы апаттық жағдайда тұрған ескі мектеп орнына 80 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған болатын.
Құны 268 миллион теңге болатын білім ошағы құрылысының қазір тоқсан пайызға жуығы орындалды. Құрылысшылар жаңа нысанды кестеден кешіктірмей, алдағы тамыз айында аяқтап, пайдалануға береміз дейді.
Білім ошағын салып жатқан семейлік «Семпрофстрой» серіктестігінің жұмыстарын облыстық құрылыс басқармасының мамандары жиі бақылап тұрады.
Шілде айының ішінде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталса, оған қоса айналасын тазалап, қоршап, ағаштар егіп, басқа да абаттандыру жұмыстары атқарылмақ. Қазір аулаға бетон төсеніштер төселуде. Мердігерлер тамыз айының басына қарай барлық жиһаздар мен жабдықтарды орнатамыз деп жоспарлап отыр. Құрылысшылар уәдесінде тұрса, ақайлық оқушылар жаңа оқу жылын су жаңа мектепте бастамақ.