Биылғы додада екі рекорд жаңарды
Өскеменде жеңіл атлетикадан жабық ғимараттардағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі жарыста екі бірдей рекорд жаңарды.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, биылғы чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 260 атлет қатысты. Оның 56-сы біздің облыстың намысын қорғады. Арасында шығысқазақстандық «Аltay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының өкілдері де аз емес болды. Солардың кейбірінің жетістігін атап өткеніміз орынды болар. Мәселен, қыздар арасындағы 60 метрге жүгіру сайысында Ольга Сафронова топ жарса, Валерия Бромат үшінші нәтиже көрсетті. Сол сияқты Анастасия Заводина, Владислав Бахтин, Екатерина Ефремова, Андрей Соколов, Ефим Тарасов, Артур Гафнер, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая мен Елизавета Матвеева сияқты саңлақтарымыз да жүлдегерлер қатарынан көріне білді.
Екі күнге созылған жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімі, республикалық жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов арнайы келіп марапаттады.
Чемпионаттың өзі де ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерімен есте қалды. Мәселен, бұл жолғы додада екі бірдей рекорд орнатылды. Оның бірі – Давид Ефремовтың еншісінде. Қарағанды облысының өкілі кедергілері бар 60 метрлік қашықтықты 7,64 секундта жүгіріп өтіп, ел чемпионы атанды. Ол, сонымен қатар алдағы 13-15 наурыз күндері Қытайдың Нанкин қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ қостанайлық спортшы Татьяна Нерознак үш мың метрлік қашықтықты 9 минут 16,80 секунд уақытта еңсеріп, тағы бір рекордтың жаңаруына себепші болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды Қарағанды облысының құрамасы (21 851 ұпай) жеңіп алса, шығысқазақстандық жеңілатлеттер 20 645 ұпаймен екінші орыннан көрінді. Ал үздік үштікті Қостанай облысынан келген команда (15 223 ұпай) түйіндеді. Осы ретте биылғы республикалық біріншілікте Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірінен келген атлеттер сынға түскенін айтқан абзал.
Енді чемпионат үздіктері түрлі деңгейдегі халықаралық және әлемдік жарыстарда ел намысын қорғамақ. Оның ішінде, жоғарыда айтқан Азия чемпионаты да бар.
Нұржан Кенжеұлы