ТуризмТүйткіл

Биыл Сарыбелде интернет бола ма?

 Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Былтыр қайта құрылған 12 мыңның үстінде халқы бар Самар ауданының туристік әлеуеті зор екені белгілі. Бірақ сол мүмкіндікті пайдалануға кедергілер көп.

Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Сарыбел, Новостройка, Миролюбовка ауылдары маңындағы демалыс базаларына баратын демалушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұқтырма су қоймасының осы Самар жағалауында жаңа жағажайлар, туристік демалыс орындарын салып, аудан мәртебесін қайтадан алған Самар өңірінде туризмді дамытудың кешенді жоспары жасалған.

Кешенді жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны рас. Алайда төңіректен емес, алыстан ат терлетіп, пойызбен, ұшақпен одан соң көлікпен қаншама шақырымды артқа тастап жағалауға жетіп жатқан демалушылар бұл жерде телефон, интернет байланысының жоқтығын көріп, бірден көңілі түсетіні тағы да рас. Жағалау бойы құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Демалыс үйлерінде интернетті қойып телефон байланысына қосылудың өзі мұң.

Бұл туралы демалушылар ғана емес, Самар ауданының кәсіпкерлері де бірнеше жылдан бері айтып, жазып келеді. Самар жағалауында өздерінің демалыс базалары орналасқан Полина Жукова, Александра Нетесова және тағы да басқа бір топ самарлық кәсіпкер осы мәселені көтеріп, жуықта Самар ауданының әкіміне хат та жазған.

– Қазіргі күні жағалауда 2 700 демалыс үйі салынып, қызмет көрсетіп жатыр. Бұл демалыс аумағында тиісінше қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін күзет қызметі, бейнебақылау камералары, ұялы телефон, интернет байланысының, жекеменшік құқықты сақтайтындай сервитуттық келісімдердің болуын, жасалуын талап етеді. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, салынған құрылыстардың бәрі де тәуекелділіктің бесінші дәрежесіне жатады, сол себепті жағалауда өрт қауіпсіздігі, басқа да тиісті, қажетті қауіпсіздік шаралары жасалуы қажет, – деді самарлық кәсіпкерлердің қатысуымен аудан орталығында өткен форумда өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Әлия Мұқашева.

Самар ауданы прокурорының айтуынша, ауданда жасалған туризмді дамытудың кешенді жоспарына сәйкес жағалауды тиісті қызметтермен қамтамасыз ету қарастырылған, соның ішінде демалыс базалары аумағына 16 «Сергек» камерасын орнату да көзделген. Интернет, ұялы байланыс мәселесі де шешілмек. Дегенмен байланыс операторы болғалы отырған «КарТел» компаниясы тұрғындары 100 әлеуетті абоненттен кем ауылды байланыспен қамтамасыз ете алмайтыны айтылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі Әлия Мұқашева жергілікті атқарушы, бақылаушы органдармен, аудандық прокуратурамен бірлесе отырып көтерілген мәселелер назарға алынатынын, оларды шешуге күш салынатынын мәлім етті.

 

Осы айдарда

Back to top button