Білім

Биыл облыста оқулық тапшылығы туындамайды

  Биыл облыста оқулық тапшылығы туындамайды

Облыстың білім беру мекемелері тамыздың онына дейін жаңа оқу жылына арналған оқулықтармен жүз пайыз қамтамасыз етілуі тиіс. Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлтайыр Ахметовтің қатысуымен өткен кездесуден мәлім болғандай, аймақтың оқулықтармен қамтамасыз етілуі бүгінгі күні 30 пайызды ғана құрап отыр.
Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы орта білім беру мекемелерін оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша өзге өңірлерден артта қалуда. Бүгінде Астана мен Алматы қалалары, Павлодар облысы бұл бағытта көш бастап, аталған өңірлер оқулықтармен 98 пайызға қамтамасыз етілген.
Биыл облыс мектептерін жаңа оқу жылына арналаған оқулықтармен қамтамасыз етуге бюджеттен 602 миллион 283 мың теңге бөлініп отыр.
– Облыс мектептерін оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында жыл басында баспаханалармен келісімшарт жасалып, қаржы бөлінген. Бүгінде еліміздің жеті баспаханасы өңірді оқулықтармен қамтамасыз етуге мүдделі. Қазір Риддер қаласы оқулықпен 96 пайыз, Абай ауданы – 78,2, Зайсан мен Жарма аудандары – 90 пайыз қамтылды. Өзге аудандар да оқу жылының басталуына дейін келісімшарт бойынша оқулықпен қамтамасыз етілетін болады,-дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сайран Ысқақова.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінде оқулықпен қамтасыз ету мәселесі тек Күршім ауданында туындап отыр. Аудан баспаханамен келісімшарт жасасқанымен, оқулықтарды жеткізушіге байқау жуықта ғана жарияланған. Кейбір аудандар мен қалаларға оқулықтарды жеткізу мерзімін тамыздың 25-іне дейін созып жіберген.
– Мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету министрліктің ғана емес, Мемлекет басшысының да назарындағы мәселе. Оған атүсті қарамауымыз керек. Министрлік осы мәселеге байланысты нормативтік базаны жетілдіру бағытында жұмыстарды қолға алған. Сол нормативтік заңнамаларға сәйкес , қаңтар-наурыз айлары аралығында байқау жарияланып, келісімшарт жасалып, қаржы бөлінуі тиіс және оқулықтар тамыз айының онына дейін білім беру мекемелеріне жеткізілуі керек. Заңға қайшы әрекеттерге жол берілгендігін байқап отырмыз. Аталған кемшіліктер жойылмаса, осы салаға жауап беретін лауазым иесінің мәселесін облыс басшылығының алдына қоюға тура келеді,-деді өз сөзінде Әлтайыр Ахметов.
Кездесу барысында оқулықтарды жеткізу мерзімі тамыз айының соңына белгіленген аудандардың білім беру бөлімдерімен он-лайн режимінде байланыс орнатылды. Барлық аудандар, соның ішінде жеткізіп берушімен мәселе туындаған Күршім ауданы да 10 тамызға дейін мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ететіндіктеріне сендірді.
Кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар биыл оқулықпен қамтасыз етуде мәселе туындамайтындығын атап өтіп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
– Тамыз айының соңғы күндері кітап дүкендерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болмауы үшін, бүгіннен бастап ата-аналарға қосымша оқулықтарды алдын-ала сатып алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, кеңсе тауарларын сататын дүкендердің жаңа оқу жылына дайындық кезінде жұмыс уақыттарын кешкі тоғызға дейін созуларын, мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыруларын қолға алу қажет,- деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button