Өнер

Бишілердің шеберлігін шыңдады

Би өнерінің біз білмейтін қыры мен сыры көп. Түсіне білген адамға әр қимылдың астарында мән мен маңыз, тарих пен аңыз бар. Осы бір әсем өнердің әр қимылын сұлулықпен үйлестіре білетін бишілеріміз өз шеберліктерін күн сайын шыңдап отырады. Бұл жолы «Алтай» халық би ансамблі танымал бишілермен бірге төрт күндік шеберліктен өтті.

Әр өнердің өткеніне көз жүгіртіп, жаһандық үрдіске сай жаңашылдығын да қабылдап отыру маңызды. Әсіресе би өнері күн сайын түрленіп келеді. Осыны ескерген «Ертіс концерт» мекемесінің «Алтай» халық би ансамблінің өнерпаздары жуырда «Модерн және классикалық би негіздерін үйрету арқылы хореографиялық бағыттағы техникалық шеберлікті арттыру» тақырыбы бойынша өз шеберліктерін шыңдады.

– Бишілер үшін өзінің шеберлігін шыңдап отыру өте маңызды әрі қажет деп ойлаймын. Біз бұл жолы Шығыс өңірі бишілерінің шеберлігін шыңдап, білгенімізді үйретуге келдік. Бұл бастамаға облыс әкімдігі, мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп, бізді арнайы шақыртып отыр. Жалпы, бұл өңір бишілерінің деңгейі жаман емес, үйренсем деп талпынып тұрған жастар өте көп екен. Мен өзім классикалық би бойынша шеберлік көрсетіп жатырмын. Классикалық би бұл өнердің негізгі өзегі болып келеді. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеп, бишілерді үнемі шеберліктен өткізіп отырғанның артықтығы жоқ, – дейді Қазақ ұлттық хореография академиясының жетекші солисі, еліміздің еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сержан Қауықов.

Сонымен қатар бишілердің шеберлігін шыңдау үшін Мемлекеттік академиялық би театрының репетиторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, мәдениет саласының үздігі Айжан Қарымбаева да келген. «Ертіс концерт» мәдениет сарайының сахнасында танымал қос бишіден үйреніп, үлгі алсақ деген бишілердің қарасы да көп екен. Шеберлік сабағына кәсіби бишілермен қатар ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің педагогтары мен студенттері де келіп қатысты.

– Осы үлкен сахнада танымал бишілердің үйретуі бойынша шеберліктен өткеніме өте қуаныштымын. Төрт күннің ішінде көп сабақ алып, көп дүние үйрендім. Бұл – менің өнер жолымдағы үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Ары қарай үйренгенімді өмірлік қажетіме жаратып, білімімді шыңдай түспекпін. Бұдан кейін де шеберлік сабақтары болса, келіп қатысып тұратын боламын, – дейді ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің 3 курс студенті Ділназ Берікболқызы.

Өнер әлеміндегі сұлулықтың символы іспетті бишілеріміз төрт күндік шеберлік дәрісінен көп дүние үйреніп, өздерінің өнерін шыңдады. Ал арнайы келген мамандар бишілерге білгенін үйретіп қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button