Қоғам

БІР ТОП БЛОГЕР КҮРШІМГЕ КЕЛЕДІ

Шілде айында бір топ туристік блогерлер мен тілшілер Күршімдей құтты мекенге ат басын бұрмақ. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұйымдастырғалы отырған іс-шараның мақсаты аудандағы туристік бағыттардың инфрақұрылымдарын назарға алу, туристік қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлердің қызметтерін жарнамалау.

Себебі ішкі туризмге, отандық туризмге жетпей жатқан басты дүниенің бірі – ақпараттың аздығы, жарнаманың жұтаңдығы.

Күршім ауданының 2020-2024 жылдарға арналған өңірлерді кешенді дамыту бағдарламасында қарастырылған қаражат мөлшерінде биыл ауданның туристік нысандары туралы ақпараттар беретін 4000 дана жолсілтеме шығарылды.

Күршім жаққа келетін, Марқакөлге баратын демалушылар санын арттыра түсу мақсатында, әсіресе, қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын тудырып отырған «Шекелмес», «Қиын Керіш» туристік нысандары маңының инфрақұрылымын  дамыта түсу көзделініп отыр. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Қарағызовтың сөзінше, қазіргі күні бұл жақта жергілікті кәсіпкерлер демалушыларға киіз үйлерді, қайықтарды, жылқыны жалға беру қызметтерін көрсетумен айналысуда. «Қиын Керіштен» он шақырым жердегі Аманат ауылының тұрғындары алдағы уақытта «Қиын Керіш» маңынан немесе ауылдан қонақ үйлер ашуды жоспарлап отыр.

Жамал Ермен.

Осы айдарда

Back to top button