Әдебиет

БІР КЕМ ДҮНИЕ…

Шерхан Мұртаза

Қазақстанның халық жазушысы,

қоғам қайраткері

 (1932-2018)

Журналшылар да түйе сияқты: арқалағаны – алтын, жегені тікен.

Газетте істеп жүргенде ЦК-дан талай таяқ жедік.

«СҚ»-да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарамағында біраз болдым.

Жарықтық, газеттің келесі нөміріне кезекші болғанда, бетті оқып отырып:

  • Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жібергенде иіскеп-иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп, шыңғырып-шыңғырып жіберсе, қатені түзетіп, редактордан сөгіс алмас едік, – деп армандап отырар еді. Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ.

*   *   *

Араб нәсілді Александр Пушкиннің Алтын балық туралы інжу-маржандай әдемі ертегі бар. Балықшының ауына Алтын балық түспей ме. Сөйтсе, Алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:

– Мені босат, не тілейсің, соның бәрін орындаймын, – дейді ғой.

Балықшы:

– Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді… – дейді.

Алтын балық:

– Үйіңе қайта бер, тілегің орындалады, – дейді ғой.

Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.

Тойымсыздық.

*    *    *

Шілде айында Қазан шаһарда да күн ысиды. Сондай бір кезде атақты ақын Ғабдолла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сыраханаға кіріп, бір кружка сыра сұраса, сатушы:

– Отыз бес тиын, – депті.

– Сонда Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып:

– Пиво тура отыз бес тиын, қалғаны тура бес тиын, и-и, дүние-ай… – деп қиналса керек.

Өзін Пушкин, Лермонтов сияқты алыптардың қатарына қосып:

«Три звезды в небе – Пушкин, Лермонтов и Токай», – деп жүрген Тоқайдың қалтасы тесік екен.

*    *   *

Ертеректе, Жазушылар одағының үйінде бір жазушының мерейтойы өтіп жатты. 90 жасқа толған той иесі көпшілікке алғыс айтып, мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан біреу:

– Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! – деп айқайлады.

Той иесі қаһарланып:

– Ей, найсап! Жүзден артық сан білмейсің бе?! – деп ренжіді.

Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті.

*    *   *

Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір, қопал құс. Оның қасында кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.

Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде, тары піскенде бөдене аулайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.

Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақайларын шегіртке, шыбын-шіркейлерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байқұс бар даусымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратылмаған.

Әттең, қанаттың келтесі-ай…

Мұндайда:

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер», – деген мұңды өлең еске түседі.

Жалғасы бар…

Әзірлеген – Байбура

 

 

Осы айдарда

Back to top button