Тұрғын үй

«Бір қабатты Шығыстың» игілігін көріп отыр

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Облысымызда 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының игілігін көрген қарапайым ауыл жұрты дән риза. Бүгінге дейін жер-жерде бой көтерген осындай тұрғын үйлерден ондаған, тіпті жүздеген отбасы пәтер алып, қоныстойларын тойлап үлгерген.

Рас, облыс басшылығының бастамасымен қолға алынған әлеуметтік тиімді жоба аясында көптеген отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Мәселен, 2020 жылы облыс көлемінде 520 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, одан кейінгі жылы тағы 560 мың шаршы метр үй бой көтеріп, өз иелерін тапты.

Негізі, алғашқы үш жылда облыста аталмыш бағдарлама шеңберінде жеке инвесторлар есебінен жалпы ауданы 98 мың шаршы метр болатын 1 050 үй салыныпты. Бұл үйлердің кілттеріне көпбалалы отбасылар, халықтың әлуметтік осал топтары, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау сияқты салалардың мамандары ие болуда. Аудан басшы­лық­тары да «Бір қабатты Шығыс» жобасымен салынып жатқан әр үйдің сапасына жіті көңіл бөліп отыр.

Облыстық құрылыс басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, үш жылдан бері аталмыш үйлерді сатып алу мақсатына облыстық бюджеттен 12 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Оның 800-іне – көпбалалы отбасылар, 88-іне – халықтың әлеуметтік осал топтары, 14-іне – жетім балалар ие болған-ды. Қалған 148 пәтер басқа да санаттар бойынша кезекте тұрған адамдарға берілген екен.

– Аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік топтары санының жыл санап артуына байланысты, облыс әкімдігі үкімет деңгейінде жалға берілетін үйлердің құрылысын қайта жандандыру және сатып алу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Нәтижесінде бұл бастама қолдау тауып, 2023 жылдан бастап жалға берілетін үйлерді сатып алуға республикалық бюджеттен де қаражат қарастырылатын болды, – деп хабарлайды басқармадан.

Белгілі болғандай, ағымдағы жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында қалалар мен аудандарда «офтейк-келісімшарттары» бойынша құны 4,1 миллиард тенгені құрайтын 265 пәтерлік 255 үй салу жоспарлануда.

Атап айтқанда, жақын арада ауылда тұратын аз қамтылған 93 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.

Осы ретте, бұл аймақтық жобадан бұрынғы аудан орталықтары да шет қалмағанын айту керек. Үш жыл ішінде бұрынғы аудан орталықтарында көпбалалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 63 үй бой көтеріп, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар 2021 жылы Тарбағатай ауданының шекаралық ауылдарында жалпы ауданы 0,9 мың шаршы метрді құрайтын екі пәтерлі бес үй салынған.

Еске салайық, облыста «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын іске асырмас бұрын 21 тұрғын алабы­ның жоспары бекітілген болатын. Алдымен бұл жерлерде инженерлік-ком­муни­ка­циялық инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіледі екен.

– Жоспар бойынша, жыл соңында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 110 пайызға артып, 349,9 мың шаршы метрді немесе үш мыңнан астам пәтерді құрауы тиіс. Жыл соңында бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы билік органдарында кезекте тұрғандарға «Отбасы банкі» АҚ арқылы 490 пәтерді пайдалануға беру көзделуде. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын «сатып алу құқығынсыз жалға беру» арқылы 265 бір қабатты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – дейді сала мамандары.

Осы айдарда

Back to top button