Жасыл экономикаИнновацияКәсіпкерлік

Биоотын шығаратын өндіріс ашады – ШҚО

Шығыста биыл екінші жыл қатарынан халықаралық  БҰҰ  даму бағдарламасының жобасы жүзеге асырылмақ.

Былтыр ШҚО-да БҰҰ бағдарламасының көмегімен жаңартылатын энергия көздері өндірілсе, биыл шағын кәсіпорындардың бірінде шаруашылық қалдықтарынан жасалатын биоотын брикеті өндірісі іске қосылғалы отыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Әділ өту – Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі әйелдердің мүддесі үшін «жасыл» биоотын» жобасы» өкілдерімен кездесу өтті. Олар кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевпен, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармаларының басшыларымен бірге аймақтағы кәсіпорындарды биомассадан отын брикеттерін өндіру жобасына тарту мүмкіндігін қарастырды.

Облыста «Әділ өту – Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі әйелдердің мүддесі үшін «жасыл» биоотын» жобасының» қатысушыларын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, жобаның ұйымдастырушылары – Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы. Жоба биомассаны жағу жылу энергиясын өндіру және жылыту үшін өте тиімді, болашағы бар кәсіп көзі бола алатынын көрсету үшін, сондай-ақ халықтың осы жаңартылатын ресурсты шаруашылық қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін жүзеге асырылуда.

Жоба табиғи-климаттық және географиялық аймақтарды, Қазақстан өңірлерінің әлеуетін бағалау қорытындылары бойынша, өзінің ықтимал мультипликативтік әсері, өңірлерде отын брикеттерін өндіру үшін қажетті шикізаттың болуы, БҰҰДБ-ның «Жаңартылатын энергия көздерін инвестициялау тәуекелдерін төмендету» жобасы шеңберінде «Қазақстанның аграрлық секторында және ауылдық жерлерінде жаңартылатын энергетика технологияларын қолдану мүмкіндіктерін талдау» бойынша осыған дейін жүргізілген зерттеулері негізінде жасалған. «БҰҰД жобасының үйлестірушісімен келісім бойынша отын брикеттерін өндіру бойынша пилоттық жобаны іске асыру үшін Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары таңдалып отыр.  Ұйымдастырушылар биомассаны отын брикеттеріне қайта өңдеу желісін енгізуге және кейіннен оны ауыл халқына тарату үшін алдымен біздің облыстан белгілі бір кәсіпкерлік субъектісін анықтап алады.

Маусымның 28-і мен 30-ы аралығында аталған жобаға қатысуға үміткер бірнеше шығысқазақстандық кәсіпорынның мүмкіндігі сараланған. Жобалық топтың құрамындағы БҰҰДБ бағдарламалық талдаушысы Әсел Нұрбекова, БҰҰДБ халықаралық техникалық кеңесшісі Олег Хмелев, «Атамекен» ҰКП АӨК және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Еркін Наурызбеков, Ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті стратегиялық жоспарлау басқармасының бас сарапшысы Демесін Жұмаділов қатысушылардың әлеуетін сараптады.

– Үш күн ішінде мамандар жобаның әлеуетті қатысушылары болып саналатын төрт шығысқазақстандық кәсіпорынды аралады. Бұл –Өскемендегі «OskemenAgroProduct» ЖШС және «Dom_Srub_Uk» ЖШС, Риддер қаласындағы «Риддер Док» ЖШС мен Алтай ауданының Зубовка кентіндегі «Фаворит» ЖШС. Сарапшылар бизнес нысандарын жобаның талаптарына сәйкестігін бағалап, кәсіпорын басшыларымен әңгімелесіп, түйткілдерді нақтылап, өз сұрақтарына жауап алды. Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында АӨК басшылығымен, ауыл шаруашылығы басқармасының және  кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының өкілдерімен кездесу өткізілді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Данияр Әкімбаев.

Жобаның мақсат-міндеттерін түсіндірген Әсел Нұрбекова БҰҰ даму бағдарламасының бағыты айтарлықтай ауқымды екенін және біздің облыс қанатқақты облыстың бірі болып есептелетінін хабарлады.

– Бізге Корея Республикасының үкіметі қаржыландыратын жобалардың бірі аясында Қазақстанға биомасса брикеттерін шығару арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесу мақсаты қойылып отыр. Алдын ала талдау қорытындысы Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда сабан мен ауыл шаруашылығы саласының басқа да өндіріс, шаруашылық қалдықтарының көп екендігін  көрсетті. Біз осы шағын жобамыздың аясында кәсіпкерлерге осы қалдықтардан брикеттер өндіретін өндірістік желілерді құру үшін шағын гранттық көмек беріп, брикеттер партиясын іске қосуға, оны мүмкіндігі шектеулі адамдарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына таратуға көмектесеміз. Адамдардың көмірден отынның неғұрлым таза түрлеріне көшуге қаншалықты дайын екенін анықтаймыз, – дейді Әсел Нұрбекова.

Алайда жобаға қатысу үшін бизнес нысандарын бағалаудың ресми критерийлері ақпараттың толықтығы үшін жеткіліксіз болып отыр. БҰҰДБ көмегімен отын брикеттерін өндіруді жолға қою үшін кәсіпорындарға  жеткілікті мөлшерде ынталандыру бола ма, жоқ па? Жобаның ағаш дайындау саласынан әлеуетті қатысушыларымен  алдын ала әңгімелескен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың мәліметінше, кәсіпорындар биологиялық ыдырайтын брикеттер өндірісі  жобасын өз қаражаттарымен іске қоса алмайды.

– Егер осындай пилоттық жоба жүзеге асырылып жатса, бизнеске осындай қолдау көрсетіп, осы жобаны ауқымды етуге мүмкіндік бергісі келсе, онда бұған шын мәнінде мұқтаж кәсіпорындарға көмектесу керек. Ал брикеттерге сұраныс міндетті түрде болады. Қазір белгілі бір нүктелерде сатылатын пеллеттердің (қатты отын түрлері) өзі тез өтіп кетеді, сондықтан өткізуде ешқандай мәселе болмауға тиіс. Адамдар мұндай отынның көмірден әлдеқайда тиімді, таза және оңай қолданылатынын біледі, – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат Мамырбаев.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов облыста осындай инновациялық жобаларды енгізуді толық қолдайтынын айтты.

Таяу арада БҰҰДБ-ның Жобаны басқару комитетінде жобаға қатысушыларды, оның ішінде біздің облыстан бір кәсіпорынды таңдап алады. Облыс кәсіпкерлерінің палатасы көмір, газ және ағаш орнына биомассадан брикет алу өндірісі біздің өңірде экологиялық таза отынды белсенді пайдалануға жол ашады  деп үміттеніп отыр.

 

Осы айдарда

Back to top button