Білім

Білімсіз елдің – болашағы бұлыңғыр

ХХІ ғасыр адамзат баласының жан-жақты кемелденіп, меңгерген ғылымы мен білімін заман талабына сай өз игілігіне мейлінше пайдаланып жатқан кезеңі деуге болады. Ғылымы мен білімі дамыған елдер қай жағынан болмасын, әлем халқын күн сайын дерлік, бір жаңалығымен таңғалдырудан жалығар емес.

«Жапон ғалымдары үй жұмысының барлығын бір өзі атқара беретін «ақылды робот» ойлап тауыпты, неміс оқымыстылары әлемде теңдесі жоқ медициналық құрылғы жасап шығарыпты, түріктер мен қытай дәрігерлері емі жоқ аурудың емін тауыпты» деп келетін және т.б. осы тектес жаңалықтарды естіген сайын:

«Апыр-ай, ә!» – деп қайран қаласың. Қайран қалып қана қоймайсың, әлгі елдердің оқымыстыларына, солардың ғалымдарының жанкешті ізденімпаздығы мен еңбекқорлығына қызыға да, қызғана қарайсың. Сосын санаңды: «Неге осы біздің қазақ оқымыстылары, қазақ ұлтының ғалымдары адамзат баласына пайдалы тым болмағанда бір дүние ойлап таппайды екен?» деген ойлар мазалай бастайды.

Жаңа мектеп есігін айқара ашты

Бұл – тамыры тереңдерде жатқан өте күрделі сұрақтардың бірегейі десек болады. Енді, өзіңіз ойлап қараңыз, өзі 300 жыл орыс патшалығының боданында болса, одан айдың-күннің аманында қолдан жасалған аштықтан қынадай қырылып қалса, «Елім!» деп бас көтерген қайраткерлері мен көзі ашық зиялыларын «Жапон тыңшысысың!» немесе «Халық жауысың!» деп отсыз-сотсыз атып-асып, тірі қалғанын 20-30 жылға итжеккенге айдатып жіберсе, қайдағы білім, қайдағы ғылым?! Дендеп отырып қозғайтын болсақ, бұл – өте ұзақ әрі осы күнге дейін құпиясы ашылмай келе жатқан шетін мәселе.

Болашақта қазақ оқымыстылары әлемді таңғалдырып, білімі мен ғылымы дамыған елдермен иық теңестіріп тұрсын десек, бүгіннен бастап жас ұрпақтың тамырлы да, тағылымды білім алуына мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, айрықша қамқорлыққа алынуы қажет. Біз бұл мәселені осыдан 32 жыл бұрын тәуелсіздігімізді алар-алмаста ел боп, жұрт боп, мемлекет боп қолға алуымыз керек болатын. Өкінішке қарай, олай істей алмадық. Шындығына келсек, істетпеді. Он емес, жиырма емес, бақандай 30 жылымыз алаулатқан-жалаулатқан жалаң ұрандармен, құрғақ уәделер мен жасанды сайлауларды тамашалаумен өтіп кетіпті.

Қазақта «Ештен, кеш жақсы» деген қанатты сөз бар. Қазақ мемлекетінің өркендеп-өсіп, кемелденіп, даму дәуірі біздің буынмен аяқталып қалмасы белгілі. Сондықтан болашақта бұл олқылықтың орнын толтыруға әлі де болса мүмкіндігіміз бар.

Осы жерде «Ол үшін не істеуіміз, нендей әрекет жасауымыз керек?» деген сауалдың құлағы қылтиюы да заңдылық. Міне, осынау күн тәртібіндегі маңызды сауалға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы орынды жауап берген секілді.

Олай дейтініміз, осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған. Сол жоба сөз жүзінде қалып қоймай, жер-жерлерде қолға алынып, тіпті алғашқы «жайлы мектептер» жас ұрпақтың игілігіне ұсынылып та жатыр екен.

Ұлан ауданында болған іссапарымызда аудан орталығы Қ.Қайсенов кентінен бой көтерген сондай заманауи мектепті көріп көзайым боп қайттық. Аумағы атшаптырым болатын екі қабатты ғимарат алыстан менмұндалайды. Ғимараттың сыртқы қабырғаларын да ертеректегідей бір түспен аппақ, болмаса сұп-сұр ғып бояй салмай, түрлі-түсті бояу түрлерін таңдапты. Мектеп кенттің арғы басына салынғандықтан дәл қазір шеткерірек тұрғаны рас. Сондықтан да болар, әзірге көлік жолдары толығымен ретке келтірілмесе де, мектеп ауласына асфальт төселіп, төменгі сынып оқушыларының ойын алаңқайларына дейін салып тастапты. Өзге бос жатқан жерлерге жас талдар отырғызылып, түрлі-түсті гүлдер  егіліпті.

Ертеректегідей демекші, біздің ес білгелі көріп-біліп, естіп жүрген жаңадан салынған мектептеріміздің негізгі құрылысы аяқталған соң, іші-сыртын әктеп, жылуы мен жарығын тартып беріп өткізе салмаушы ма еді?! Қалған керек-жарақ пен құрал-жабдықты (парта мен тақта, спорттық жабдықтар, киімілгіш, т.б.) мектеп дирекциясы кім көрінгенге қол жайып, жалынып-жалбарынып, табанынан таусыла демеуші іздеп жүріп, өлдім-талдым дегенде өздері тауып алатын. Жетпегенін ескі мектептен тасымалдайтын.

Ал енді біз көрген «Жайлы мектебіңіз» керемет екен. Кез келген пән кабинетіне кірсеңіз, сол пәнге қажетті лабораториялық құрал-жабдықтар, интерактивті тақталар, әр партадағы оқушыға жеке-жеке пайдалануына арналған компьютерлер мен құлаққаптары, практикалық сабақтарға қажетті станоктар мен іс тігетін мәшинелер, ас әзірлейтін плиткадан бастап, ыдыс жуатын машинка, ыдыс-аяқтың түр-түрі, қысқатолқынды пештер, спорттық жабдықтардың нешелеген түрі, спорттық жаттығулардан кейін шайынатын душ кабиналары дейсіз бе, қойшы әйтеуір, бәрін түгендеп шығу мүмкін емес. Жарығы жарқырап, ыстық-суық суы сарқырап тұр. Әжетханалары ішінде, оқушыларға арналғаны бір бөлек болса, қызметтік әжетханалар бір бөлек. Бұл мектепте «не бар?» дегеннен гөрі «не жоқ?» деген сауалға жауап берген жеңілірек секілді.

Қысқасы, мұғалім мен оқушыдан басқаның бәрі осында. Отыр да – оқы! Тамырлы біліміңді ал да, елің үшін, мемлекетің үшін қызмет ет!

Алғыстан басқа айтар жоқ

Өзін осынау: «Ғажап ғимараттың директоры міндетін уақытша орындаушымын!» деп таныстырған Әсем Хамитқызын сылдыраған сөзден гөрі, нағыз істің адамы ма?!» деп қалдық. Жаңадан салынып, наурыз айында ғана тұсаукесері болып өткен жаңа мектептің әр бөлмесін қолымыздан жетелеп жүріп көрсетіп, айналасы жарты сағатта таныстырып шықты.

Мектеп құрылысына тапсырыс беруші Ұлан аудандық  құрылыс басқармасы болса, бас мердігері «Стройдомсервис», қосалқы мердігері «Алашқұрылыс» компаниялары. Осы екі компания құны 1 млрд 715 млн теңге тұратын құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың қарашасында бастап, 2022 жылдың желтоқсан айының соңында аяқтапты.

Сізді бұл мектепке уақытша болса да директор етіп тағайындап қойған екен. Бұл Р.Мәрсеков мектебі дирекциясының шешімі ме, әлде..?

– Жоқ, бұл мектеп дирекциясының шешімі емес. Өткен жылдың желтоқсан айында аудан әкімі Р.Құрмамбаев мырзаның тарапынан салынып жатқан мектептің ішкі жұмыстарына, атап айтсақ, «қай кабинетті қалай жабдықтау, жылу, су құбырлары мен электр жүйелерін қалай, қайда тарту, әр кабинетке қоса берілетін керек-жарақ, компьютерлер мен интерактивті тақталарды, спорттық жабдықтарды қабылдап алу» дегендей, жауапты жұмысқа бас-көз болуға ұсыныс түсті. Көп ойланбастан келісімімді бердім. Содан бері осындамын. Уақытымның басым бөлігін осында өткізетіндіктен бұл мектеп қазір екінші үйім болып кетті десем де болады, – деп күледі, мамандығы математик, С.Аманжолов университетінің магистранты.

Мектептің ашылу рәсімі болды ма?

– Бұл мектептің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Наурыз айының 6-сы күні салтанатты ашылуына сол кездегі облыс әкімі өзі келді. Ол кісі бүкіл мектептің іші-сыртын аралап көріп, атқарылған жұмыстарға көңілі толғандығын білдірді.

Қазір Қайсенов кентінде қанша оқушы бар? Оларды жаңа мектепке бөлу жұмыстары қалай жүргізілмек?

– Бұрындары кентте орысша-қазақша білім беретін екі мектеп болған. Кейіннен ол екеуін біріктіріп, Р.Мәрсеков атындағы мектепке шоғырландырған болатын. Онда қазір 1431 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Жалпы сыйымдылығы 1200 орынға есептелген. Өзіңіз байқап отырғандай, бұл бүкіл кент оқушыларына тарлық етеді. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап Р.Мәрсеков мектебіндегі 137 мұғалімнің шамамен 40-ы, сондай-ақ 22 сынып тұтасымен, бөлмей-жармай жаңа мектепке ауыстырылады.

Мұғалімдерді жаңа мектепке ауыстыру қандай жолмен жүргізіледі?

– Бұл жерде мұғалімдерді де, оқушыларды да мәжбүрлеп ауыстыру деген жоқ. Барлығы да ұстаздардың, ата-аналардың келісімі бойынша жүзеге асатын болады. Ең дұрыс шешім – балаларды бір-бірінен айырмай, сынып-сыныбымен ауыстыру. Бүгінгі күні 550 бала тіркеліп отыр. Жаңа мектепке жақын тұратын ата-аналардың да, мұғалімдердің де қуанышында шек жоқ.

Желтоқсаннан бері осы мектепте жүрсеңіз, көп дүние көз алдыңызда өткен екен. Жаңа оқу жылынан бастап өзіңізді директор сайлайтын шығар?

– Иә, мен мұнда келгенімде жылу мен су тартылғанымен ішкі әрлеу, әр кабинетке жарық тартып, есіктерді орнату, еденге линолеум төсеу, сантехниканы орнату секілді жұмыстар басталған да жоқ болатын. Мысалы, кабинеттерге жиһаздарды орналастырып, оларды құрағанда жұмысшылармен ақылдасып отырдық. Сантехника бәрі жаңа. Кабинеттерге бөлінетін жаңа техникалардың жұмыс істейтін-істемейтінін тексеріп, қабылдап алдық. Осы мектепке ауысқан мұғалімдер өз кабинеттеріне тиесілі құрал-жабдықтарды өздері қабылдап алып, есепшіміз бірге жүріп, барлығын тіркеп отырды. Ал директорлық лауазымға алдағы уақытта мұғалімдер арасында конкурс өтетін болады.

Болашақта Қайсенов кентінде дәл осы «Жайлы мектеп» жобасымен тағы да 600 орындық жаңа мектеп салынбақ көрінеді.

– Негізі, 1500 балаға арналған үлкен мектептен гөрі 750 орындық екі мектеп болғаны тәжірибеде өз-өзін дәлелдеген. Екі мектеп болса, міндетті түрде білім, спорт, өнер саласында бәсеке болады. Мұғалімге де көп баладан гөрі азырақ оқушыға білім нәрін сіңіріп оқыту жеңілірек, яғни, білім сапасы арта түседі деген сөз. Ал, жалпы, мектеп бір ауысыммен жұмыс істесе, ұстаздарға да, оқушылар мен ата-аналарға да өте тиімді болары сөзсіз, – дейді жаңа мектептің болашақ директоры.

Мемлекетіміздің жас ұрпақтың жайлы мектептерде алаңсыз білім алуына жан-жақты жағдай жасап жатқанын қамқорлық демеске лажың жоқ.

Егер мемлекетің сенің ертеңіңе алаңдап, барлық жағдайды жасап, «Тек қана – оқы!» деп жатса, ондай өкіметке алғыстан басқа не айтуға болады?!

 

Автор: Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button