Білім

Білімімен «Болашақты» бағындырған басшы

Қазіргі таңда қазақ қыздары қайсарлығымен қатар білімімен де биікті бағындырып жүр. Әлдиін айта жүріп, әлемнің бірқатар тілін меңгергендері баршылық. Технологияның тілі мен қыбын тапқандары да жоқ емес. Отанға қызмет қыла жүріп, отбасын да бақытты ете біледі. Қысқасы, қазақ қыздарының қолынан бәрі келетінін дәлелдеп келеді. Осындай тілі жүйрік, ойы озық, білімді һәм білікті басшы қыздардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Жәдігерқызы.

Саналы ғұмырын ғылым мен білім жолына арнап келе жатқан Сәуле Рахметтулинаның білімі терең, еңбегі ерен. Ұлттық құндылық жолындағы ұстанымы айқын. Білімнің телегей теңізіне бағытталған жүйелі жоспары, игілікті ісі көп. Ол қашанда қасаң қағида, ескі танымға есесін жібермеуді мақсат еткен. Шыншылдықтың шыңынан көрінуді көздеп келеді. Сондықтан да: «Басшы болу біліміңе білім, тәжірибеңе тәжірибе қоспайды, басшы болу басыңдағы жауапкершілікті еселеп арттырады» дейді.

– Қызметте жоғары көтерілу үшін қосымша білім алып тұру керек. Мәселен, қазір ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Сол тілдегі түрлі фильм, мультфильмдер көремін. Әйел болған соң, жұмыстан бөлек өзге қызығушылықтармен көңіліңді бір сәтке болсын аулағың келеді. Дәмді тағам жасап, үйдегі тірлікті де ұмытпаймын. Одан бөлек зумба билеймін. Зумба – көңілді көтеріп, бойға қуат сыйлайтын би. Рахаттанамын. Жұмыста әртүрлі жағдайлар болады. Зумба билегенде бүкіл негативті шығарып, жақсы нәрселерді ғана ойлаймын. Оның барлығын қай кезде істеймін? Қолым босаған уақытта. Әйелдердің көбісі қолы босаса, өзін дамытумен емес, күнделікті күйбең тірлікпен айналысады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Адам өзіне де инвестиция салуы керек. Тек өзім ғана емес, университет ары қарай дамуы үшін біздің қызметкерлер де шетелден келген әріптес, студенттермен бір деңгейде болып, еркін сөйлесіп, қарым-қатынас құрып, зерттеу жасап, ғылыми мақалаларды бірге жаза алуымыз үшін тілді жетік меңгеруіміз керек. Шетелдіктер де бізді «қазақтар осындай екен ғой» деп танып жүрсін, – деп бастады әңгемесін ректор.

Сол табандылығының арқасында Сәуле Жәдігерқызы биыл «Болашақ» бағдарламасының тағылымдама гранты бойынша Вашингтон университетінің грант иегері атанған. Осылайша, жаңа оқу жылын өзге құрлықта қарсы алмақ. Ректордың айтуынша, бір ғана университеттің 11 қызметкері аталмыш бағдарламамен тағылымдама грантын жеңіп алған.

Иә, жауапкершілікті арқалау үшін де үлкен батылдық, табандылық керек. Бастысы – жақындарыңның сенімі мен қолдауы. Ал бұл сенім мен төзім бала кезден бойда қалыптасады.

Сәуле Жәдігерқызы Катонқарағай ауданында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қазыкенов Жәдігер Есімханұлы көп жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған. Жай директор емес, кризис-менеджер. Шығыс Қазақстанда бірінші болып дарынды балаларға арналған лицей-интернатын ашқан ерен тұлға.

– Кеңес кезінде қай жерде мектеп салынбай жатыр, қай жерлерде оқу үлгерімі төмен, тағы да басқа мәселелер болса, сол жақта әкем жүретін. Қазр 12 жылдық білім беруді енді енгізіп жатыр ғой. Әкем сол 90-шы жылдары 12 жылдық мектеп ашуды бастап кеткен. Алғашқы түлектеріне келер жылы 30 жыл болады. Түлектер колледждің және мектептің де аттестатын алып шықты. Лицейден өте мықты мамандар шықты. Лицейдің ең бір ерекшелігі, жүйесі мынада – әр апта сайын университет ұстаздары қосымша білім ретінде мектепке барып сабақ беретін. Балалардың да оқу-ғылымға деген құштарлығы ерекше еді, – деп өткен шақты еске алады Сәуле Жәдігерқызы.

Мектеп бітіргеннен кейін Сәуле Рахметтулина Новосібір университетіне оқуға түсіп, механика, математика мамандығын меңгеріп шығады. Кейін Өскеменге қайтып келіп, қаладағы оқу орындарында еңбек жолын бастайды. Қазір ректорлық етіп жүрген университетте IT саласында кандидаттық диссертация қорғап, экологиялық жағдайдағы ақпараттық технологиялар мәселесін, әсіресе атмосферадағы мәселелерді қаузайды. Университетте аға оқытушы, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының меңгерушісі, стратегия жөніндегі проректор, ары қарай ректорлық қызметке тағайындалады.

– 15-20 жылдай уақытым таза білімге кетті. Босқа уақыт өткізіп, оқуға осыншама уақытты жұмсағаныма еш өкінген емеспін. Өзімді-өзім дамыттым. Басшы болу деген – айттым бітті деген емес, басшы болу деген – ең алдымен, жауапкершілік. Әлі де бос уақыт болса, жаңа курс, жаңа кітап, жаңа технологияларды, жаңа трендтерді оқу – әр уақытта қызығушылығымды тудырады. Себебі мына дүние қазір тез өзгеріп жатыр, – дейді ректор.

Кеңес кезінде ашылып, техникалық мамандар даярлауда ұстахана болған Д.Серікбаев атындағы техникалық университетке басшылыққа келуі – Сәуле Жәдігерқызының өмірінде биік белестердің бірі. Ректор-әйел қазір инженерлік мамандықтардың деңгейін көтеріп, маңыздылығын көрсетіп жатыр. Ел президентінің «инженерлердің жаңа буынын даярлауымыз керек» деген сөзін естен шығармақ емес.  Университет бүгінде инженерлерді Washington Accord стандарттарына сай оқытады.

– Біздің оқу бағдарламаларда жалпы білім беру тәртібіндегі пәндер көп, яғни теория. Ал Washington Accord стандарты бойынша техникалық жағынан тәртіп болуы керек. Қазақ инженерлері көп болсын деп жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша, университет халықаралық жағына қадам басып келеді. Оның үстіне студенттерді қабылдап, жұмыс қайнап жатыр. Ең қиыны – түлектерге университеттің әр жақты деңгейін көрсетіп, ақпарат беру. Мәселен, кейбір балалар тек грантқа түссек деп ойлайды. Оларға қандай маман болып шығатыны, ары қарай ол салада жұмыс істей ме, бәрібір. Қай бағытты таңдарын білмей келген түлектерге кәсіби көмек көрсетеміз. Негізінен, тау-кен ісі мен ақпараттық технологияларға басымдылық береміз. Не таңдарын білмей тұрған балаларға ақпараттық технология мамандығын ұсынамыз, себебі IT қазір кез келген салада бар. Өлмейді, – деп қосты Сәуле Рахметуллина.

IT, инженерия демекші, Сәуле Жәдігерқызының екі баласы мен өмірлік жолдасы да осы саланы таңдаған. Жолдасы екеуі балаларының болашағын мектеп кезден айқындап берген. Қызы Айсұлу Қазақстан-Британ университетінде, одан ары Мюнхен университетінде IT саласында маман болып, қазір Ирландиядағы алпауыт Google компаниясында қызмет етіп жатыр. Ұлы Өскемендегі үздік мектепті бітіріп, Германияда Бохум-Рур университетінде машина жасау мамандығы бойынша білім алып жатыр.

– Ұлымыз да физика-математика жағынан жақсы, алайда тіл меңгеруде басымдық беретін Өскемендегі №10 мектеп-гимназияға бердік. Мектеп қабырғасында жүріп, неміс және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп шықты. Себебі қазір әлемде көптеген компаниялардың техникалары Германиядан шығып жатыр. Осылайша, балаларымыздың болашағын мектеп кезінде айқындап, оларды сол жолға бағыттадық. Қазір ұлым Германияда Рур-Бохум университетіне грантқа түсіп, білім алып жатыр. Оқуын бітірген соң Қазақстанға келіп, елге қызмет ететін шығар деп отырмыз. Машина жасау – өте қажетті мамандық. Бұл салада маман тапшы. Көптеген адам машина жасау деген машина құрастыру деп ойлайды. Ол кез келген аппаратты құрау, – дейді әуелі балаларының, елінің қамын жеген ана.

Қазір экология мәселесі елді елеңдетіп, халықтың уайымына айналды. Әсіресе Өскеменнің ауасы. Сәуле Рахметуллина өз сөзінде «Атмосфералық ауа сапасының мониторингілеу» бойынша ғылыми зерттеу жүргізгенін атап өткен еді. Десе де, ғалым да өзге ғалымдар сияқты жаңа желдеткіш технологияларға көшпей, ештеңе өнбейтінін, оның үстіне халықтың кәсіпорын жабу талабы ешнәрсе шешпейтінін, қайта экономикамыз құлдырайтынын айтады.

– Бұл қаланың негізгі кәсіпорны – сол зауыттар. Зауыттан түскен салыққа қаланың инфрақұрылымын, медицинасын дамытады. Кейбір адамдар түсінбейді. Егер бұл зауыттар жабылса, ел экономикасы тұрып қалады, жұмыссыздар көбейеді. Жалпы, өмір сүру сапасы нашарлайды. Дегенмен кәсіпорындар технологияларын жаңартып, ақырындап өзгертуде.

Экологиямыз тек кәсіпорындармен шектелмейді. Өскеменде көлік саны қала тұрғындарының санынан көп. Егер экология мәселесі қатты алаңдатса, жаяу немесе велосипедпен жүруге тырысу керек. Қалада тұрғанда жұмысқа жаяу барып, жаяу келетінмін, қазір қала сыртында тұратындықтан, көлік жүргізуге тура келеді.

Экология әр адамның санасында. Бірте-бірте сол мәдениетке келеміз деп ойлаймын. Үшіншіден, көмір сапасына да байланысты. Қыста да, жазда да ыстық суымызды кәсіпорындар жылытып отыр. Жылытып отырғаннан кейін отын-көмір жағып отыр. Көмір жанғаннан кейін ауа да ластанады, – дейді Сәуле Жәдігерқызы.

Осылайша, ректор біреудің іс қылғанын не әкімдікті күтпей, әр тұрғын ауа сапасын, экологияны жақсартуды ойлап, көптеп жасыл желек отырғызып, күтіп-баптаса дейді. Мәселен, ректордың гүлге, оның ішінде орхидеяға деген ықыласы ерекше. Тіпті университетте «Орхидариум» деген атпен бөлме де ашқан.

Иә, Сәуле Жәдігерқызы жасандылықтан ада жандардың қатарынан екен. Әрбір іске ғылыми тұрғыдан баға беруді ұстанымына ұстын, тәжірибесіне таған еткен. Ол осындай болмысымен айналасына сәуле шашып тұратындай. Басқалардан білімі арқылы дараланып тұратынын аңғардық. Әсілі, Абай айтқан «толық адам» осындай қасиеттердің жиынтығынан құралса керек-ті.

Назерке Сәлімбекқызы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button