Агросектор

Білікті маман даярлайтын бірегей жоба

Азамат Темірбеков

Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының тапшы мамандарын даярлайтын тың жоба биыл жүзеге асырыла бастамақ. Құзырлы министрліктің қолдауымен іске қосылатын қанатқақты жобаға жергілікті техникалық университет қызметкерлерімен қатар, шетелдік компаниялардың да мамандары тартылмақ.

Еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған сала мамандарын мақсатты әрі тиімді түрде оқытудың мұндай формасы «қолданбалы бакалавриат» деп аталады. «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» агрохолдингінің басшысы Фарид Абитаевтың айтуынша, бұл Қазақстан аумағында алғаш рет қолға алынып жатқан тың жоба көрінеді.

Білікті мамандардың мәселесі қазіргі уақытта өте өзекті болып тұрғаны және оларға деген талаптың күн санап өсіп келе жатқаны белгілі. Мұның барлығы өсімдік, мал шаруашылығы, қайта өңдеу салаларындағы техника мен технологияның, ғылым мен тәжірибенің жедел дамуымен байланысты. Сол себепті, кадрлық резервті сұранысқа сай, тіпті одан асыра жасақтау –   бүгінгі күннің басты міндеті.

– Біз Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандарымен бірге «Цифрлық агрожүйелер» атты оқу бағдарламасын жасап жатырмыз, – дейді Фарид Абитаев. – Ол ауыл шаруашылығы саласының барлық саласын қамтитын болады. Өйткені болашақ мамандар аталмыш саланың кез келген саласында жұмыс істей алатындай болуы қажет. Бұл бағдарламаның жақсы жақтары қандай? Ендеше қараңыз, студенттер үш жыл бойы өндірістен алыстамай білім алып, теория мен тәжірибені бір-бірімен ұштастырып отырады. Қазіргі уақытта кәсіпорындар шетелдік стандарттарға және талаптарға сай жұмыс істей алатын мамандарды оқытып шығару үшін қаражат құюға әзір. Бұл бір жағынан кәсіпорын есебінен мамандық алып, кейін жұмысқа тұруда бас қатырмайтын студент үшін де өте тиімді. Біздің шаруашылық үшін кадр даярлауда шығыны аз емес аталмыш оқу коммерциялық жоба болып келеді. Сонымен қатар өз мамандарын оқуға жіберген кәсіпорындар үшін де бұл оқу олардың қалтасы көтеретіндей болуы қажет.

Оның айтуынша, оқу барысында ауыл шаруашылығына қатысты үрдістердің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық технологияларды оқытуға да үлкен мән берілмек.

Жоғары білімге жасалған қадам

Техникалық университет өкілдері бұл жобада агрохолдингпен бірлесудің негізінде шетелдік және қазақстандық гранттар жатқанын атап өтті. Яғни, шетелдік грант аясында инженерлік бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілсе, отандық грант аясында шаруашылықтың аталмыш оқыту үрдісіне етене араласуы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта, мұндай жоба еліміз бойынша осы бағытқа бейінді сегіз жоғары оқу орнында іске асып отыр.

– Бұған дейін мұндай оқыту жүйесі орта техникалық білім беретін колледждерге ғана тән болатын, – дейді Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің машинажасау мектебінің деканы Анатолий Вахгельт. – Аталған жобада алғаш рет мүлдем өзгеше формат іске қосылып, орта техникалық білімі бар студент тағы бір жыл оқуын жалғастыру арқылы бакалавр дипломын алып шығуына мүмкіндік жасалмақ. Осының нәтижесінде ол толыққанды жоғары білім алып шығатын болады.

Айта кетсек, жобаға жергілікті техникалық университеттің ақпараттық технологиялар және интеллектуалды жүйелер мектебінің де өкілдері қатысуда.

– Оқыту негізгі үш модуль бойынша жүргізіледі, – дейді аталған мектептің деканы Сәуле Құмарғажанова. – Бірінші модуль инженерлік, екіншісі ІТ бағыты болса, үшіншісі өсімдік, мал шаруашылығы мен басқа да бағыттарды қамтитын тікелей ауыл шаруашылығы саласымен қатысты болмақ. Тағы бір айта кетерлік жайт, қолданбалы бакалавриатқа оқуға қабылдау емтихансыз жүзеге асырылады.

«Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» агрохолдингінің басшысы шаруашылық базасындағы оқу үрдісін барынша оңтайлы ету үшін мұнда барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Ол үшін шаруашылықтың бас ғимаратында оқыту сыныптарын жасақтауға арнайы бірнеше бөлме бөлініп, шетелдік компаниялардың қолдауымен заманауи құрылғылармен және оқу-әдістемелік құралдармен толықтырылатын болады. Бүгінде шетелдік әріптестермен осы мәселелердің барлығы келісіліп, олар өз мамандарын Қазақстанға жіберіп немесе онлайн форматта дәріс оқытуға әзірліктерін білдірген.

Әлемдік компаниялар оқу базасын жасақтауды қайтарымсыз негізде жүзеге асырады. Өйткені мұндай шығын болашақта өзін-өзі еселеп ақтайтыны белгілі. Бұл, осы бағытта жұмыс істейтін жоғары оқу орындары мен әлемдік компаниялардың осыған дейінгі жұмыс тәжірибелерімен дәлелденген. Яғни, сүт сауу үдерісін автоматтандыру, сүт фермаларын цифрландыру, шикізат өңдеу, минералды тыңайтқыштарды қолдану, тұқым шаруашылығы, асыл тұқымдық жұмыстар және тағы басқа да салаларды қамтыған түрлі үдерістер уақыт өткен сайын өз тиімділігін дәлелдеп келеді.

– Оқу барысындағы тәжірибелік сабақтар туралы айтар болсақ, бізде түрлі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру бағытында шетелдік техникалар қолданылып, әлемдік технологиялар енгізілген, – дейді Фарид Абитаев. – Сондықтан студенттер үшін теориялық білімді іс-тәжірибеде қолданудың таптырмайтын мүмкіндігін жасаймыз.

Өзге өңірлерден де қызығушылық мол

Айта кетсек, жобаның міндетті талаптарының бірі –   оқытушылар құрамының 20 пайызы агрохолдингте істейтін бейінді ғылымдардың кандидаты, магистранты және ғылыми қызметкері дәрежесі бар жұмысшылар болуы керек. Жалпылама айтқанда, өндіріске, жер өңдеуге, өсімдік және мал шаруашылығына етене жақын адамдар болуы қажет.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласы мамандарын даярлауға облыс әкімдігі қызығушылық танытқан. Оған қоса еліміздің өзге өңірлерінен де өз мамандарын оқытуды көздеген кәсіпорындар қатары көп. Дей тұрғанмен жоба бастапқыда «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» агрохолдингінің қызметкерлерін ғана қамтымақ. Әзірге барлық ұйымдастырушылық шаралары жүргізіліп жатқан жоба алдағы оқу жылында бастау алатын көрінеді.

Бүгінде адами капиталға қаражат құю, тапшы мамандарды даярлау ауыл шаруашылығы саласының маңызды мәселелерінің бірі екені рас. Елімізде білікті мамандарды ауылды жерлерге тартумен айналысатын бірнеше мемлекеттік бағдарлама болса да ауыл-аймақта осы бағытта жұмыс істейтін дипломы бар мамандар тым аз. Ал ауылды жерлерде тұрып жатқан ескі кадрларды заманауи технология мен техникаға үйрету үшін оларды қосымша даярлықтан өткізу қажет.

Шаруашылық басшысының айтуынша, болашақта еліміз үшін агросектор мамандарын даярлап шығарудың тағы бір амалы –   шетелдерде тәжірибеде бар оқыту тізбегі әдістерін қолдану. Яғни, ауыл шаруашылығы саласына жанын беріп жұмыс істейтін мамандарды балабақшадан бастап тәрбиелеу. Мұны тәжірибеге енгізген кейбір шетелдік компаниялар кішкентай бүлдіршіннің қолына трактор, комбайн, жүк көлігі мен шөп шабатын ойыншық машиналарды беріп ойнатудан бастайды екен. Осылайша жастайынан бойына ауыл шаруашылығы саласына деген сүйіспеншілік дарыған бүлдіршін кейін осы бағытта жұмыс істейтін мықты маман болып шығуы да ғажап емес.

Еуропалық межені көздеп отыр

Тәжірибе мен теорияны ұштастыруда 56 жылдық тәжірибесі бар «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» –   бүгінде 400 адамның екі қолына бір күрек ұстатып, нәпақа табуына жағдай жасап отырған ірі кәсіпорындардың бірі. Мал және өсімдік шаруашылығын қатар жүргізген бұл ұйым соңғы жылдары мал басын 3,5 мыңға таятып, сүт өндіруде облыстағы басқа шаруашылықтарды басып озды. Тәулігіне 40 тонна сүт өндіруге бар-жоғы сегіз жылда жеткен шаруашылық, бастапқыда тәулігіне 6-7 тонна сүт сауудан бастаған. Қазіргі уақытта өңірдегі «Восток молоко», «Багратион» сияқты кәсіпорындардан бөлек, «Фуд Мастер» компаниясы бұл шаруашылықтың өнімдерін мың шақырым қашықтықта орналасқан Алматыға тасымалдап жатыр. Германиялық фермерлермен тәжірибе алмасып келген агрохолдинг басшысы Кәрі құрлықта сүт тәулігіне елу тоннадан асса ғана қайта өңделген болып саналатынын айтады. Демек, тәжірибелік шаруашылықтың ендігі мақсаты сауылатын сүт көлемін арттыру. Ал бұл үшін қазірде қолда бар 1300 бас сауын сиырды тағы мың басқа арттырып, тәулігіне сауылатын сүт көлемін 100 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

 

 

Осы айдарда

Back to top button