Би ханшайымының назарына іліккен Шәкен

Қазақ би өнерінің патшайымы атанған Шара Жиенқұлованың би сыныбына қабылданған күршімдік Шәкен Қабдолдина бүгінде Тарбағатай ауданының Тұғыл кентінде тұратынын білуші едім. Осы өңірге барған сапарымызда ауылдастары «әнші Шәкен» атап кеткен апайымызбен кездесіп, би сияқты бекзат өнерді әншілікке қалай айырбастап кеткенін өз аузынан естігенше асықтық.
Жасы егде тартса да ажары таймаған, денесін тік ұстаған Шәкен апайды көргенде, жерлестерінің асыра мақтамағанына көзіміз жетті. Жүрісі де ширақ, әңгімесі де әсерлі екен.
– «Биші болмадым-ау» деп өкінбесем де жүрегімнің бұрышында бір қыжылдың жатқанын жасырмаймын. Бірақ таңдауға анам мен би өнері қатар түскенде, әрине, ойланбастан анамды таңдадым, – деп әріден бастады әңгімесін Шәкен апай.
Анасының қалауымен ауылда қалды
1969 жыл. Мұхамеджан есімді керемет домбырашы жігіт пен Қания есімді әнші қыз үшеуі Алматыға оқуға аттанады. Мұхамеджан оқуға бірден түсіп кетеді. Сопрано дауысы бар Қания вокалға барған. Алайда қанша талантты болса да бағы жанбады. Ал қазақ, өзбек билерін мың бұрала билеген Шәкенді Шара Жиенқұлова өз сыныбына таңдап алады. Әйгілі биші жас талантқа аз-кем бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтады.
– Би өнерінің патшайымы Шара Жиенқұлованы көрем деп кім ойлаған? Сұлу мүсінді, ұзын бойлы, шашын төбесіне түйген, келбетті де сымбатты адам екен, – деп есіне алады Шәкен апай. – Суға шомылатын киіммен түскен 9х12 көлемдегі сурет әкелуді талап етті. Біз үшін ашық-шашық суретке түсу ерсі көрінетін ол кезде. «Жұмыстан босатпай қойса, көрсетесің» деп қолыма оқуға қабылданғанымды растайтын анықтама жазып берді. Мен ол кезде ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып істеп жүрген едім. Одан бөлек үйірмелерде балаларды өнерге, биге баулитынмын. Сөйтіп елге барып, жұмыстан шығып келетін болып қайттым Алматыдан. Бірақ…
Шәкен отбасында жалғыз бала. Анасы Жамал аурушаң адам болған екен. «Сен кеткенде, маған кім қарайды? Менің күнім не болады?» деген анасының уайымына құлақ асқан жалғыз қызы ақыр-соңында биші болсам деген арманынан бас тартып, ауылда қалады.

– Құдайдың құдіретін айтсаңшы! – дейді Шәкен апай. – «Әне-міне кетіп қалады» деген анам сол әңгімеден кейін жарты ғасырдай өмір сүріп, 2007 жылы 88 жасқа келіп көз жұмды. Әрине, анамды баққаныма еш өкінбеймін. Бойыңдағы талант бәрібір жарып шығады екен. Ақыры өнер мен мәдениетке 40 жыл қызмет еттім. Мәдениет үйінің директоры да болдым. Ән де айттым, би де биледім. Әлі де сахнаға шығып тұрамын. Ауылда той-думан менсіз өтпейді. Ауылдастарыма рақмет, өнерімді де, өзімді де сыйлайды.
Бала Шәкен бүгінгідей теледидар жоқ кезде би билеуді қайдан үйренді екен? Тіпті 23 жасында өзі би қойып, екі шәкірті Көкшетауда өткен фестивальден екінші орын алыпты.
– Төртінші сыныпта би үйірмесіне қатыстым. Кейін оқуға бармасам да биді тастамадым. Марқакөлде істеп жүргенде би де қойдым. 1973 жылы тұңғышыма аяғым ауыр болып, Көкшетауда өткен республикалық би фестиваліне бара алмадым. Бірақ сол байқауда екі шәкіртім өзбек биін орындап, екінші жүлдені иеленді, – деп есіне алады өнерлі апайымыз.
Зайсандағы педагогикалық училищені тәмамдап, еңбек жолын Ақсуатта мұғалім болып бастаған Шәкен апай кейіннен сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болған Қабдолда Тұраров қайта-қайта шақырған соң, мәдениет саласына біржолата ауысады. Осы салада жүріп Тарбағатай, Зайсан, сол кездегі Марқакөл аудандарының өнері мен мәдениет дамытуға үлесін қосады. Зайсандық талантты режиссер, белгілі әнші, әртіс Ораз Какеевтің спектакльдерінде ойнаған. Өзі «Мұғалима» қойылымында, сахнадағы әріптесі және нағашы әпкесі Қарагөз Болатова «Қарагөз» трагедиясында басты рөлдерді сомдаған. Бұл екі туындыны Алматыдан арнайы келіп тамашалаған театр майталмандары жергілікті әртістердің шеберлігіне бас иіп, Зайсандағы ұжымға «Халық театры» атағын беріп кетіпті.
Сондай-ақ өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында еңбек адамына құрмет көрсету мақсатында көркемөнерпаздар ұжымы құрамында жер-жерді аралап, малшыларға, диқандарға, балықшылар мен басқа да еңбекшілерге арнап концерт қойып, қарапайым жандарға қуаныш сыйлағанын ерекше сезіммен еске алады Шәкен апай.

Бари Алибасовпен бір сахнада өнер көрсеткен
Кейіпкеріміздің өмірінде өнерлі жандар көп кездескен сияқты. Шәкен апайдың олар туралы тамсана айтқан әңгімесінен осыны ұқтық. Би ауылынан алыстап, ән әлеміне бет бұруға Мүрсәлім Тәшігенов есімді музыкант көп ықпал еткен көрінеді. Отбасы жағдайымен Тұғылға көшіп келген Шәкен апайды талантты музыкант ән өнерінің қыр-сырына баулиды. Талай байқауларға дайындап апарады. Сондай-ақ тамаша әнші, музыкант, «Ертісім» әнінің авторы Анатолий Әбедимов, әуесқой композитор Марат Әубәкіров сынды біртуар дарындармен аралас-құралас болған. Марат өзі жазған әндерін тек Шәкенге орындатады екен. Бір жылы Өскеменде облыстық байқау өтіп, сол өнер додасында Әубәкіровтың «Ақ шағала» әнін шырқаған Шәкен Қабдолдина бірінші орынды иеленіп, сыйлыққа Қара теңіздің жағалауындағы демалыс орнына жолдама алады.
Шәкен апайымыздың Бари Алибасовтың тобымен бір сахнада өнер көрсеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Облыс орталығында «Восток-76», «Восток-77» деп, жыл сайын үздік әндер мен орындаушылардың байқауы өтетін. Бір жылы осы байқауға келсе, Бари Алибасовтың тобы дайындалып жатыр екен.
– Үстерінде ақ парчадан тігілген костюм, қолдарында саксафон, сахна болса жарқ-жұрқ етеді. Біздің қолымызда гитарадан басқа ештеңе жоқ. Әлгілерді көріп, төрт жігітіміз де сахнаға шығудан бас тартты. Роза Еңкебаева деген апайымыз бастап апарған бізді. «Шықсаңдар да шығасыңдар, шықпасаңдар да шығасыңдар, басқа жол жоқ» деді. Содан жүрексінсек те шықтық. Енді қайтеміз? «Аяулым – арманымдай асылым» деген әнді орындап, жүлделі екінші орынды еншіледім. Бірінші орын Бари Алибасовтың жігіттеріне бұйырды, – деп өткен күндерді еске алған Шәкен апайдың жанарында ұшқын ойнап кетті.
«Жылама, әпке, жылама»
Осыдан жиырма жылдай бұрын Шәкен апайдың көкірегін қарс айырған қайғылы жағдай болды. Өскеменде университетте оқып жүрген, екі ұлдың ортасындағы жалғыз қызы жиырма екі жасында көлік қағып, мерт болады. Содан қайғыдан қан жұтқан әнші қара жамылып, «енді сахнаға шығып, ән айтпаймын» деп ұйғарады. Әнші апайларының жан күйзелісін көрген әріптес бауырлары, жора-жолдастары қайта-қайта келіп, көңілін аулап, қайта сахнаға шығуын сұрайды. «Жылама, әпке, жылама» деген өлең арнап, басу айтып, әншінің бетін бері қаратқан екен.
Қазір Шәкен апайдың Қанат, Саят есімді екі ұлынан екі немересі бар. Бір қызығы, өзінің өнері ұрпақтарына дарымаған. Дегенмен әншілік пен бишілікті қатар түлеткен жерлесіміздің өнерін халқы жоғары бағалайды. Зейнетке шықса да, өнердің ауылынан алыс кетпеген Шәкен апай қазірдің өзін ауданның мәдени-рухани саласына етене араласып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.
ВРЕЗКА: Шәкен Қабдолдина Бүкілодақтық 2-ші халықтар фестивалінің лауреаты, облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпазы. Қазақ ССР-нің 50 жылдығы медалімен, басқа да көптеген мадақтамалармен марапатталған. Бірақ ол кісі үшін ең басты мадақ – халқының «әнші Шәкен» дегені.
Айна Ескенқызы