Бейәдеп сөйлегендерге айыппұл салынады
Бұдан былай қоғамдық орында балағат сөз айтқан жандарға 69 000 теңге айыппұл салынады немесе бір айға қамау жазасы беріледі.
Ішкі істер министрлігі наурыз айынан бастап заңға түзетулер енгізілетінін хабарлады.
– Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау және жәбірлеу, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқаларға құрметсіздікті білдіретін, осыған ұқсас әрекеттер істелетін болса, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын ұсақ бұзақылық деп саналады. Қазіргі уақытта ұсақ бұзақылық үшін сот 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындайды. Енді айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге), қамауға алу 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзарды, – деді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Күрімбаев.
Жамал Ермен