Мәдениет

Бейбітшілік пен достық – басты мұратымыз

Халқымыз қашаннан да достықты жоғары бағалаған. Еліміз  тәуелсіздігін алған уақыттан бері де бұл ұғымның мәні мен маңызы асқақтай түспесе, еш төмендеген емес. Мұны өңірімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де жете түсініп, жоғары бағалап келеді. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен белсенділері қазіргідей төтенше жағдай кезіндегі қиын уақытта аймақтағы достық пен ауызбіршілік, бейбітшілік пен келісім ерекше маңызға ие деп есептейді.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына  25 жыл толмақ. Міне, өңірімізде сол ширек ғасыр уақыттан бері Шығыстағы Достық үйінің қызметкерлері, Ассамблея, этномәдени бірлестіктер өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері облыста тұратын барлық ұлттардың төл мәдениеті мен салт-дәстүрін және тілін сақтауға, ең бастысы, біз үшін баға жетпес құндылық – аймақтағы бейбітшіліктің салтанат құрып, халықтар арасындағы достықтың нығаюына, барлық күш-жігерлерін арнап келеді.

– Өңірде 12 қалалық және аудандық Достық үйлері бар, олардың базасында 117 этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Сонымен қатар бейбітшілік пен келісімнің нығаюына ақсақалдар кеңесі де елеулі үлес қосуда. Олардың өмірлік бай тәжірибелері бізге үлкен көмек, оларды облыстың қоғамдық өміріндегі сарапшылар десе де болады. Бұдан бөлек облыста 17 медиация кабинеті жұмыс істеп тұр, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова.

Мұнымен бірге, облыста екінші жыл қатарынан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Шығыс Қазақстанның мәдени мұрасы» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба арқылы жергілікті  жерге қатысты көптеген мәліметтер мен деректер жинақталып, солардың негізінде жинақтар мен әдімтемелік материалдар шығарылған. Достық үйлеріндегі шығармашылық ұжымдардың ұлттық киімдері жаңартылған.

­­– Біздің мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының негізінде ұлттық тегіне қарамастан бірлік, көптүрлілік ұстанымы жатыр. Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл – Қазақстан азаматтарының бір-бірімен иық тіресе, бірлесе отырып, небір қиын замандарды артта тастағанының жарқын көрінісі. Аталған құнды тәжірибе қазір еліміз бен облысымыздың басшылығы бар мүмкіндіктерін салып күресіп жатқан коронавирус індетін жеңуге де көмегін тигізіп отыр, – дейді Жанна Асқарова.

Жанна Асқарованың айтқандарын өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдері де қолдап отыр. Мәселен, әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльвин Демирчиев Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл Ұлы Дала елінде тату-тәтті тұрып жатқан жүзден аса этнос өкілдерінің арасындағы бірліктің және өзара түсіністіктің мерекесі екенін айтады.

– Қазір барлық халық коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін шектеу енгізілген карантин жағдайында өмір сүріп жатса да, біз ең басты құндылығымызды естен шығармауымыз қажет. Үнемі бірлікте болып, жұдырықтай жұмылсақ қана, бізге әрқашан қиындықтарды жеңу жеңілге түспек, – дейді Эльвин Демирчиев.

– Шын жүрегімнен баршаларыңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Елбасының – Тұңғыш Президенттің бастамасымен мемлекетіміздегі барлық ұлттардың бірлігі мен татулығын алға қойған қазақстандық жол бүгінде барлық әлемге үлгі деп санаймын. Әр шаңыраққа бақыт, табыс, бере-бірлік тілеймін. Елбасы негізін қалаған «Қазақстан» атты ортақ шаңырағымыз көркейе берсін, – дейді Алтай аудандық Достық үйінің жанындағы «Салават» татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Дильбар Самбаева.

Сондай-ақ ШҚО ҚХА мүшелері Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында барлық шығысқазақстандықтарды бүгінгідей төтенше жағдай кезінде шыдамдылық танытып, сабырлы болуға шақырып отыр. Кез келген қиындықты тек бірлесіп қана жеңуге болатындығын айтады олар.

Жанна Асқарованың айтуынша, биылғы мереке аясындағы іс-шаралардың барлығы да төтенше жағдай режиміне байланысты онлайн форматқа ауыстырылған екен. Соған орай 1 мамыр күнгі үлкен мерекелік концерттік бағдарлама да онлайн режимде өтеді. Қазіргі уақытта өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдері де бір-бірін және барша тұрғындарды «Халыққа бірлік сыйлаған мереке» тақырыбында бейнежазбалар арқылы құттықтауда.  Бұдан бөлек ШҚО ҚХА бастамасымен «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы жобасы мен «Менің Отаным – Қазақстан! Біз – біргеміз» челленджі жалғасып жатыр.

Онлайн форматтағы мерекелік шаралар сонымен бірге, облыстың Семей мен Курчатов қалаларында да жүзеге асырылмақ. Мәселен, Семейде әлеуметтік желілер мен ҚХА және қала әкімдігі сайттарында ұлттық киімдерді көрсету бойынша онлайн шеберлік-сыныптар, биылғы ҚХА-ның 25 жылдығына орай «ЭМБ кеше және бүгін» атты онлайын мұрағат, Абай өлеңдерін онлайн оқу шаралары ұйымдастырылатын болса, Курчатов қаласында қолөнер бұйымдары бойынша онлайн шеберлік-сыныбы көрсетіледі. Ал Глубокое ауданында «Менің отбасым – Менің мақтанышым» тақырыбы аясында аудандағы түрлі ұлт өкілдері арасында онлайн байқау өтпек.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button