Невада-Семей

Бейбіт әрі қауіпсіз әлем құрудағы жетістігіміз

        Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басы ел тарихындағы ерекше, бетбұрысты, экономикалық және саяси дағдарысты еңсеру кезеңі болды. Бұл мәселеде басты рөлді еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атқарды. Ол елі мен халқының тағдыры үшін жауапкершілікті өзіне алды. Оның мақсаткерлігінің, көреген саясатының, шебер дипломатиясының арқасында біздің мемлекет өтпелі кезеңді еңсеріп, тұрақты дамыған, этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, демократиялық қоғамдық құрылысы бар заманауи мемлекетке айналды, дейді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.

– Қазақстанның алдағы уақыттағы ядролық қаруды таратпау саясатының негізін қалаған алғашқы қадам Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және ядролық арсеналдан бас тарту болды. Семей сынақ полигоны ядролық қаруды әзірлеу мен жетілдіруді қамтамасыз етіп отырған әлемдегі үш ірі ядролық полигонның бірі болған еді. 1949-1991 жылдар аралығында Семей полигоны аумағында ядролық қарудың барлық түріне 456 рет сынақ жүргізіліп, бұл радиацияның үлкен аумаққа таралуына әкеп соқты. Ол кезде полигон ауданы 18 300 шаршы километрді құрады, бұл Израиль және Словения сияқты мемлекеттердің аумағына тең. Кеңес Одағы тараған соң егемен Қазақстанның аумағында ядролық қару-жарақтың айтарлықтай көлемі – оқтұмсықтары бөлінетін стратегиялық ракеталар, қашықтан әрекет ететін бомбалаушылар және оларға арналған атомдық және термоядролық зарядтар қалды. Қырғынға ұшырататын бұл күш қуаты жағынан әлемде төртінші орында тұрды, – дейді орталық директоры.

Эрлан Батырбековтың айтуынша, әлем алдындағы жаһандық жауапкершілікті сезінген Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл Қазақстан халқы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған теңдессіз шешім болды. Сол кезде халықтың қалауымен ядролық полигонның жабылуы әлем тарихында болған алғашқы оқиға еді.      Осынау тарихи таңдау біздің еліміздің жаһандық қауіпсіздік саласындағы алдағы стратегиясын айқындап берді. Одан кейінгі уақытта Қазақстан Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен ядролық қарусыздану процесінің көшбасшысы ретіндегі беделін нығайта отырып, ядролық қарудан азат әлемді құруға бағытталған саясатты дәйекті түрде жүзеге асыра бастады.

Бас директордың айтуынша, Семей сынақ полигоны жабылғаннан кейін он сегіз жыл өткенде БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде бекітті. Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қосылды. Семей шартына бес ел қол қойған соң, Орталық Азия алғашқы ядролық қарусыз аймақ деп жарияланды. Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдауы – халықаралық қоғамдастықтың біздің еліміздің ядролық қару-жарақты азайту, жаһандық тұрақтылықты нығайту және баршаға арналған тең әрі бөлінбейтін қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін мойындап, қолдау көрсететіндігінің куәсі.

Қазақстан ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың бір тарабы болып табылады және оның тез арада күшіне енуі мен осы шарттың верификациялық тетігін нығайтуды қолдайды. Бұл ретте біздің мемлекетіміз аймақтағы табиғи және жасанды сейсмикалық белсенділікті үздіксіз қадағалауды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын бес станциядан тұратын Халықаралық мониторинг жүйесін құруда ЯСЖТШҰ-мен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберінде тиімді верификациялық режимді құруға өз үлесін қосуда.

Ядролық қауіп-қатерге қарсы неғұрлым белсенді әрекет ету үшін әлемдік азаматтық қоғамды топтастырудағы біздің еліміздің күш-жігерін ерекше атап көрсету қажет. Осы мақсатта Нұрсұлтан Әбішұлы «АТОМ» жобасын қолға алды, оның аясында 100-ден астам елден жүздеген мың адам онлайн-петицияға қол қойды. Сонымен қатар еліміздің ядролық материалдармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар сенімді серіктес ретінде танылуы – Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкісінің құрылуы болып табылады. Бұл МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттерге, егер олар әлемдік коммерциялық нарықта төмен байытылған уранды ала алмаған жағдайда, оны кепілді жеткізіп берудің бірегей тетігі болады.

Сондай-ақ Тұңғыш Президенттің Жарлығымен ССП жабылғаннан кейін бірден құрылған Ұлттық ядролық орталық ядролық қаруды таратпау мәселелерін шешуге өз үлесін қосуда. Ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен сынақтардың салдарын жою, ССП-ның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсатқа конверсиялау жөніндегі кең ауқымды қызмет, қауіпсіз атом энергиясы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық нәтижелері, Ұлттық ядролық орталық атқарған осы және өзге де жұмыстар Қазақстанның бейбіт әрі қауіпсіз әлем құру ісіндегі үлкен жетістігі, таратпау ісіне қосқан теңдессіз зор үлесінің куәсі болып табылады.

– Бүгінгі таңда бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағы КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені инфрақұрылымының ядролық қызметі салдарынан толықтай тазартылды деп сеніммен айтуға болады, – дейді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков. – 2000 жылға қарай ядролық зарядтарды жер астында жаруға арналған барлық штольнялар мен ұңғымалар оларды сол мақсатта пайдалануға жарамайтын күйге келтірілді. Полигонның үш сынақ алаңында жеті ірі жоба іске асырылды, олардың нәтижесінде кейбір ластанған аумақтар оңалтылып, ядролық қызмет қалдықтарына қол жеткізуге тосқауыл қойылды.   Аса қауіпті ядролық материалдардың таралуына қарсы әрекет етудің басты құралы бақылау және физикалық қорғаудың сенімді жүйесі болып табылады және солай болып қала береді. Сондықтан ССП-ның барлық объектілерінде сенімді күзетті қамтамасыз ететін үш деңгейлі физикалық қорғау жүйесі құрылды. 44 объектіде ядролық қызмет қалдықтарына рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмайтын сенімді физикалық тосқауылдар құрылды.

Кәсіпорын қызметіндегі айрықша кезең маңыздылығы мен ауқымы бойынша бірегей деп есептелетін отын жобасын – БН-350 реакторының пайдаланылған ядролық отынын тасымалдау және сақтауды жүзеге асыру болып табылады. Пайдаланылған ядролық отын Ақтау қаласынан Ұлттық ядролық орталықтың «Байкал-1» реактор кешеніне ұзақ уақыт сақтауға орналастыру үшін Курчатов қаласына жеткізілді. Қазіргі уақытта бұл материал МАГАТЭ-нің кепілдігінде және таралу тұрғысынан қауіп төндірмейді. Жобаның Қазақстанда іске асырылуы аса қауіпті материалдар мен қос мақсатты технологиялардың таралуына қарсы іс-қимылдың жарқын үлгісіне айналды.

Эрлан Ғаділетұлының айтуынша, тағы бір жаһандық жоба, бұл – Ұлттық ядролық орталықтың екі зерттеу реакторын төмен байытылған отынға көшіру жөніндегі жұмыстар. Жобаны ойдағыдай іске асыру Қазақстан Республикасында ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық бастамаларды іске асырудағы біздің кезекті бір үлесіміз болмақ.

– Семей сынақ полигоны аумағын тексеруді жалғастырудамыз, қазіргі таңда бұл полигон аумағының 70%-дан астамын құрайды. «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз күйге келтіру бойынша ең ауқымды жобалардың бірін жүзеге асырып жатырмыз. Аталған алаңда 116 ядролық жарылыс (ауада – 86, жерүсті – 30) жүргізілді, соның ішінде 1949 жылғы 29 тамызда ядролық қондырғының алғашқы сынағы өткізілді. «Тәжірибе алаңында» бес жыл ішінде алдын ала жүргізілген зерттеулер кезінде 2 миллионнан астам спектрометриялық өлшеу жүргізілді. Бес мыңнан астам үлгі алынып, талдау жасалды, мыңнан астам зерттеу ұңғымалары бұрғыланды, ядролық қызмет қалдықтары бар 50-ден астам объект анықталды. Кейбір учаскелерде қалдықтар алынып, қайта өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қалдықтар алу қауіпті деп танылған басқа учаскелерде физикалық тосқауылдар мен көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесін құру туралы шешім қабылданды. Биыл «Тәжірибе алаңындағы» оңалту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл әлем тарихында жерүсті ядролық жарылыстар жүргізілген алаңды ядролық қаруды таратпау тұрғысынан алғанда қауіпсіз күйге келтірудің ең алғашқы үлгісі болмақ. Сондай-ақ ССП-ның (Семей сынақ полигоны) басқа алаңдарындағы жұмыстар да жоспарда бар, олар 2021 жылға қарай аяқталатын болады.            ССП-да жүргізілген ауқымды зерттеулер бізге үлкен көлемде ақпарат алуға, полигон проблемаларын және оны мемлекет мұқтажы үшін пайдалану перспективаларын дұрыс түсінуге жағдай туғызды, – деді Эрлан Ғаділетұлы.

Эрлан Батырбековтің айтуынша, жаппай қырып-жою қаруын таратпау проблемаларын іс жүзінде шешу бойынша Қазақстан жүргізген жұмыстардың орасан зор көлемі бүкіл әлемге таралуы тиіс.

– Оның үстіне, бұл – еліміздегі басты мақсаттардың бірі. Ол үшін біз барлық халықаралық тараптарды, алаңдарды қатыстырамыз, – дейді бас директор, – сондай-ақ жүргізілген жұмыстардың ауқымын және басқа елдердің біздің тәжірибемізді зерделеуге деген қызығушылығын ескере отырып, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелерін шешу бөлігінде қауіпсіз әлем құру, оны бүкіл әлем қауымдастығы үшін одан да қолжетімді ету бойынша Қазақстанның бірегей тәжірибесін жүйелеу туралы шешім қабылданды, осының барлығы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен жазылған «Бұрынғы ССП-ны қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты үш томдық монографияның негізіне айналды. Жүргізіліп жатқан жұмыс мемлекетіміздің халықаралық мәртебесін нығайтуға айтарлықтай ықпал етеді.

Раушан Нұғманбекова

Курчатов.

Осы айдарда

Back to top button