Экономика

Бейбіт атом

Елімізде атом өнеркәсібі қызметкерлерінің күні 12-ші жыл аталып келеді. Мереке Тұңғыш Президенттің Жарлығымен ресми түрде бекітілген. Бүгінгі таңда атом өнеркәсібі – экономиканың барынша бәсекеге қабілетті және технологиялық дамыған салаларының бірі. Біздің еліміздегі атом электр станцияларына арналған уранды, сирек металдарды, ядролық отынды импорттау-экспорттау жөніндегі ұлттық оператор – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы. Ұлттық атом компаниясының құрамындағы Үлбі металлургиялық зауыты – стратегиялық маңызды және бірегей кәсіпорын. Бәрін рет-ретімен баяндайық.

 Мерекені бекітуге Қазақстан өнеркәсібінің Кеңес одағының атом жобасына көп жылдық белсенді қатысуы негіз болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз атом қаруын жасауға қатысудан батыл түрде бас тартты және 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жапты. Республикада бейбіт атом саласының қарқынды дамуы жалғасуда. Бұрын әйгілі «Средмашқа» енген және Қазақстан аумағында орналасқан барлық кәсіпорындар 1997 жылдың шілдесінде Тұңғыш Президенттің шешімімен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына біріктірілді. 2010 жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады, ал 2018 жылдан бері уран сату көлемі бойынша әлемде бірінші орын алып келеді. Бұл таңғаларлық жайт емес – біздің елімізде әлемдік уран қорының шамамен 14%-ы шоғырланған. Бұл көрсеткіш бойынша біз Аустралиядан кейінгі екінші орынды аламыз. Кен орындары Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Қазақстандық кен орындарының бірегейлігі сол – бізде уранды ең озық және қоршаған орта үшін қауіпсіз жерасты шаймалау әдісімен өндіруге болады. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының даму стратегиясы – технологиялық дайындықтың ең жоғары дәрежелі өнімдерін: отын таблеткаларын, ЖБЭЛ-дерді және ЖБҚ-ларды әзірлеу. Бұл стратегияны орындауда Үлбі металлургия зауыты маңызды рөл атқарады.

Үлбі металлургиялық зауыты. Атом дәуірінің жасампаздары

ҮМЗ-нің еліміздің атом саласын дамытудағы рөлі туралы әңгімені тағы бір айтулы күннен – КСРО атом жобасының 75 жылдығынан бастау керек. 1945 жылдың 20 тамызында КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің жанынан Уран жобасының кез келген проблемаларын шешу үшін ерекше және төтенше өкілеттіктер берілген арнайы комитет құрылады. Ал 1945 жылғы 30 тамызда ведомствоаралық үкіметтік орган – Арнайы комитетке бағынатын Бірінші бас басқарма (БББ) құрылады. Бірінші бас басқарма уранның атомішілік энергиясын пайдалану және ядролық қаруды жасау бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау, тәжірибелік-конструкторлық ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға басшылықты жүзеге асырды.

ХХ ғасырдың ортасында көптеген елдерде ядролық қаруды дамыту басталғанын және ядролық тежеу мақсатында КСРО-да да осындай жұмыстардың жүргізілгенін атап өткен жөн.

1949 жылы №2а зауыты, қазіргі Үлбі металлургия зауыты да осындай жұмыстарға тартылды. Кәсіпорында одан әрі қару-жарақ уранына өңдеу үшін алдымен металл торийін өндіру жоспарланған болатын. Алғашқы өнім 1949 жылдың 29 қазанында шығарылды. Бірақ 2 жылдан кейін бұл жоба тоқтап қалды және кәсіпорын жаңа өнім түрлеріне бағытталды. Зауыт құрылған кезінен бастап уақыттың өзі белгілеген маңызды ғылыми және өндірістік міндеттерді шешіп келеді.

Сондықтан үлбіліктер ядролық қару элементтерін жасай отырып, бейбіт мақсаттарда бірегей технологияларды пайдалану үшін де белсенді жұмыс істеді. ҮМЗ қарқынды дами бастады, бүкіл одақтан жоғары санаттағы мамандар ағыны ұлғайды, уран, бериллий, тантал өнімдерінің даңқы бүкіл Кеңес еліне таралды. 80-ші жылдардың соңына қарай кәсіпорын Кеңес одағы мен достас елдердің АЭС реакторларына арналған барлық отын таблеткаларының 80%-ын өндірді.

 Жаңа тарих

ҮМЗ «Қазатомөнеркәсіп» құрамына 1997 жылы енді. Одақ ыдырағаннан кейін зауыт қиындықтарға тап болды, логистикалық байланыстар үзілді, өнімдерге деген сұраныс азайды. Ұлттық атом компаниясы келген соң зауыт күрт дами бастады. Ірі инвестициялар, тиімді несиелендіру, мықты серіктестер, әлемдік нарыққа шығу – қиын 90-шы жылдардан кейінгі ҮМЗ-нің жаңа тарихының айғағы.

Бүгінде бұрынғыдай Үлбі металлургия зауыты – бірегей кәсіпорын, тәжірибелері зауыт өнімін әлемдік нарықта нық бекіткен мамандар ұжымы. Серпінді жобалар, орасан зор жоспарлар, жеткен жетістіктерді нығайту – бұл жалғасы бар жаңа тарих.

Бериллий өндірісінде әлемдік тұтынушылар талап ететін бірегей өнім шығарылады – ол тазалығы жоғары үлбілік конструкциялық бериллий. Оның ITER термоядролық реакторы бланкетінің құрылысына қатысу мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ, жаңа құрылыс материалы – титан бериллийді ҮМЗ-нің баламасы жоқ өнімі болып табылады.

ҮМЗ-нің уран өндірісі қазақстандық кен орындарынан алынған табиғи уранның химиялық концентратын қайта өңдеумен қатар, Қытайға арналған отын таблеткаларын дайындаумен де айналысады.

Таблетка өндірісін техникалық қайта жарақтандыру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл ауқымды жаңғырту ҮМЗ-ге жыл сайын 400 тоннаға дейін жоғары сапалы уран таблеткаларын шығаруға мүмкіндік бермек.

2021 жылы жабдық француздық «Framatome» компаниясының сертификаттауынан өтеді. Бұл француздық үлгідегі таблеткаларды шығаруға және Қытай нарығы мен «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-не жеткізуге мүмкіндік береді.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен ҮМЗ-нің серпінді инвестициялық жобасы – «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС. Қуаты жылына 200 тонна болатын жылу бөлетін құрамалар (ЖБҚ) өндірісі. Жобаның іске асырылуы – энергетика министрлігінің бақылауында. Пандемия, әлбетте, өз түзетулерін енгізді. Бірақ қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, жабдықтар орнатылды, олардың ішіндегі ең маңыздысы: екіжақты нүктелік дәнекерлеу роботы, координаталық өлшеу машинасы және ЖБҚ өндіруге арналған желі. Бұл қондырғыларды іске қосу процесі аяқталып, француздық «Framatome» компаниясының талаптарына толық сәйкес келгенге дейін өнім сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы алдын ала сертификаттау процесін жүргізу жоспарлануда: отын таблеткаларын имитациялайтын ЖБҚ модельдерін шығару үшін ЖБЭЛ және ЖБҚ өндірісінің технологиялық режимдерін таңдау. Жақын арада елімізде, атап айтқанда Өскеменде өндірілген алғашқы жылу бөлгіш құрамалар тұтынушыларға жіберілмек…

Құрметті атом өнеркәсібінің қызметкерлері! Құрметті үлбіліктер! Сіздер бейбітшілік үшін, еліміздің бақуатыт болашағы үшін еңбек етіп келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық пен бақ-береке, жұмыстарыңызға зор жетістіктер тілейміз!

Біздің анықтама

ЖБЭЛ – жылу бөлгіш элемент.

ЖБҚ – жылу бөлгіш құрамалар.

ITER – Халықаралық эксперименттік термоядролық реактор.

«ҮМЗ» АҚ-ның баспасөз қызметі

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button