Аймақтар аухалы

Бесжылдық бағдарлама іске қосылады

Келер жылдан бастап Катонқарағай, Күршім, Зайсан, Үржар, Тарбағатай сынды шекаралық аудандарға 260 миллиард теңгенің инвестициясын тартатын бесжылдық бағдарлама іске қосылады. Тек жол құрылысына 65 миллиард, білім саласына 11 миллиард, денсаулық сақтау саласына 7 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Бұл туралы Өскемендегі Достық үйінде өткен облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті. Жиында  кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк  бір жылда атқарылған істерді саралады.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына қысқаша тоқталып, білім беру, денсаулық сақтау, абаттандыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы  баяндады.

????????????????????????????????????

Облыс әкімі әр мектепте бар интербелсенді тақталардың небәрі он пайызға ғана қолданылатынын жеткізді. Сол себепті бүгінде физика, химия, биология сынды пәндердегі тәжірибе жұмыстарын аталмыш тақталар арқылы жүргізуге болатын бағдарлама әзірленуде.

Аймақ басшысының айтуынша, барлық шағын мектептерге тәжірибе жүргізетін құрал-жабдықтар сатып алу мүмкін емес, десек те осы интербелсенді тақталар арқылы да сол тәжірибе жұмыстарын көрсетуге, оқушыларға сапалы білім беруге болады.

Облыс әкімі өңірдегі колледждердің жарақтандырылуы жөнінде де баяндап өтті. Бұл ретте де әрбір колледжді барша қажетті құрылғылармен, техникамен жабдықтау тым қымбатқа соқпақ.

– Бір ғана экскаватордың құны 280 мың доллар тұрады, жүк тиегіш трактордың бағасы – 110 мың доллар. Әлбетте, әрбір кәсіптік-техникалық оқу орнына мұндай техникадан сатып алу мүмкін емес. Сол себепті, кәсіби дағдыларды үйрететін техника бір колледжге алынып, қалған оқу орындарының студенттері сол жерге барып, машықтанатын болады. Ал жалпы оқуға қажет құрал-жабдықтармен барлық колледждер қамыталады, – деді аймақ басшысы.

Жиында облыс әкімі жұмыспен қамту мәселесін де қозғады. Қазір еңбекпен қамту деңгейі 72 пайызды құрап отыр, алдағы үш жылда аталған көрсеткішті 90 пайызға жеткізу қажет. Өңір құрылыс қарқынын екі есеге ұлғайтпақ. Ендеше осы салаға жұмысшы күші керек. Биыл облыста 438 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. 2022 жылға қарай бұл сан бір миллион шаршы метрге дейін жетеді.

– Өңірімізде жұмыс істейтін «КАЗ Минералс» компаниясы Ресейдің Чукотка өлкесіндегі кен орнын игеруді бастамақ. Осыған орай оларға төрт мыңдай вахталық әдіспен жұмыс істейтін маман қажет. Оларды біз қазірден бастап даярлауға тиіспіз, – деп атап көрсетті Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы шекаралас аумақтардың мәселесін де қаузады. Келер жылдан бастап Катонқарағай, Күршім, Зайсан, Үржар, Тарбағатай аудандарынан тұрғындардың көптеп көшуін тежеумен мықтап айналысатын болады. Жіті назар ауыл шаруашылығына аударылмақ.

Жиын барысында аймақ басшысы жазушы, орнитолог Борис Щербаковқа 80 жасқа толған мерейтойына орай темір тұлпардың кілтін табыс етті. Өскемендік өлкетанушы Борис Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы» кітабы бар. Өлкетанушы кітапты жазу үшін ұлы ақынның туған жерін аралап, бірнеше жыл бойы зерттеу жұмысын жүргізген. Кітап жазумен бірге ол өңірдегі аң-құстардың ахуалы мәселесін жиі көтеріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Жазушы облыс әкіміне алғысын білдіріп, жаңа көлікпен өңірді әлі талай аралап, жаңа туындылар жазуға уәде етті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button