Бестеректің балалары дәстүрлі түрде оқиды
Жаңа оқу жылы басталғалы бері жаңалық көп. Әсіресе қашықтан оқудың машақаты жайындағы әңгіме желдей гулеп тұр. Тіпті «Еуразия», «Информбюро 31» секілді республикалық телеарна тілшілері Ұлан ауданы, Бестерек ауылы мектебі оқушыларының желі қуып, тау-тас кезіп білім алып жүргенін де жаһанға жариялап тастады. Бұл қаншалықты рас? Әлде алып-қашпа әңгіме ме? Жақында бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін біз де Бестерек ауылына барған болатынбыз.
Білім алу үшін биікке өрмелеп жүргендер кімдер?
Өскеменнен 40 шақырымдай жерде орналасқан, 269 тұрғыны бар Бестерек ауылының аты қазір ауыздан түспей тұр. Республикалық арналардан да қашықтан оқыту мәселесі сөз бола қалса, кітап-дәптерін құшақтап, тау-тасқа өрмелеп бара жатқан бестеректік өрендер жарқ ете қалады. Биікке өрмелемегенде қайтсін, интернет желісі сол таудың басында ғана жақсы ұстайды. Сонда дейміз ғой, бүтіндей бір мектептің оқушыларын тауға өрмелетіп қойып, тиісті орындар не қарап отыр? Алда-жалда бір баланың аяғы тастан тайып кетсе не болмақ? Оның беті аулақ болсын, әрине. Бірақ сұрай келе, білім алу үшін биікке өрмелегендердің ешқайсысы да ауылдағы мектептің оқушысы емес екенін біліп, бір «уһ» дедік-ау. Бестерек ауылындағы Ғадас Салықов атындағы негізгі мектептің директоры Роза Мугулиеваның айтуынша, даярлық сыныбынан бастап 9-сынып аралығындағы 38 оқушының ешқайсысы да қашықтан оқып жатқан жоқ, бәрі дәстүрлі түрде оқуларын жалғастыруда. Әрине, санитарлық талаптар толық сақталады. Даярлық тобын қосқанда 4 сынып түске дейін, 3 сынып түстен кейін оқиды.
– Иә, өткен оқу жылының төртінші тоқсанында қиын болған. Бірақ ол кезде де біз тығырықтан шығудың жолын тапқан болатынбыз. Көктемде оқушылар курьер арқылы оқыды. Бұйрық арқылы екі мұғалім курьер болып бекітілді. Олар ауылды жоғары жақ, төмен жақ деп бөліп алып, тапсырмаларды оқушылардың үйлеріне тасыды. Әр оқушының үйіне пошта жәшігі орнатылды. Курьеріміз тапсырмаларды соған апарып салады. Ертеңінде ол тапсырмаларды алып, қайтадан жаңа тапсырманы салады. Көктемде де ешқандай оқушымыз қашықтан оқыған жоқ. Біздің мектепте желі іздеп, тау-тасты кезіп, тентіреген ешкім жоқ, – дейді Роза Тілесқызы.
Сонда анау «Еуразия», «Информбюро 31» телеарналарының тілшілерінің бейнесюжетінде тауға өрмелеп жүргендер қай ауылдың балалары? Олар неге биікке өрмелеп, жандарын шүберекке түйіп жүр? Роза Тілесқызының бұл сауалға да жауабы дайын.
– Ол бейнесюжетті біз де көрдік. Онда сөйлегендердің ешқайсысы да біздің мектепте оқымайды. Біздің ауылда қала мектептерінде оқитын оқушылар да бар. Мысалы, Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда, физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, «Білім-инновация» лицейінде оқитын оқушылар бар. Бұған колледждердің, жоғары оқу орындарының студенттерін қосыңыз. Қашықтан оқу соларға өте қиын болды, – дейді мектеп директоры Роза Тлесқызы.
Айтуынша, ауылда интернет желісі мүлдем ұстамайды емес, кейбір жерлерде ұстайды. Мысалы, аталған мектеп интернет желісіне қосылған, вайфай бар. Кейде қаланың мектептерінде, колледждерінде оқитын оқушылар мен студенттер вайфайға қосылу үшін осы мектептің маңын да көп жағалайды екен. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап өзге мектептерде оқитын оқушыларға да жағдай жасалып, мектептен интернет желісі бар арнайы кабинет бөлінген. Мектеп әкімшілігінің міндеті – оларды тегін интернетпен қамтамасыз етіп, қашықтан білім алуларына жағдай жасау. Ал маскалары мен антисептиктерін олар өздері әкелуі тиіс. Арақашықтықты сақтауы керек.
– Шынымды айтсам, онлайн оқу оңай емес екен. Әсіресе төртінші тоқсанда қатты қиналдық. Күн суықта да тауға шығып оқуға тура келді. Ал биылғы жаңа оқу жылында біздерге ауыл мектебінен арнайы кабинет берілді. Енді сабағымызды жылы жерде отырып, онлайн оқып жүрміз, – дейді Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Ақгүл Жеңісханқызы.
Біз Ақгүлдің анасымен де тілдестік.
– Мен – жеті баланың анасымын. Оның алтауы – оқушы. Үш балам қалада оқыды. Ой, әсіресе көктемде осыларды оқытамыз деп қатты қиналдық. Оларды біресе көрші Сағыр ауылына тасимыз, біреудің үйіне кіруге болмайды дегеннен кейін, бастау басына барып, онлайн оқулары біткенше күтіп отырамыз. Сағырға бармаған кездері тауға шығады. Тіпті мына таудың басындағы Қарақшыға дейін шығып, тапсырма орындаған кездері бар. Бұл індеттің қандай екенін білмейміз ғой. Сондықтан да бір-бірімізге жақындауға қорықтық, арақашықтықты сақтадық. Осындай қиыншылықпен бір балам мектепті аяқтады. Қазір екі балам қалада оқиды. Осындай мәселелер шыққаннан кейін қыркүйек айынан бастап қалада оқитын балалар үшін мектептен вайфайы бар арнайы кабинет бөлінді. Бүгінгі күні екі балам осы мектепке келіп оқып жүр. Оған, шыны керек, қуанып отырмыз. Қызым Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 11-ші сыныбында, ұлым 8-ші сыныбында оқиды. Ақгүлім республикалық олимпиадаларға қатысып, орын алып жүрген бала ғой. Оның үстіне, биыл ҰБТ тапсырады. Аздап соған алаңдаймын. «Үлгерімі қалай болар екен, ҰБТ-ны жақсы тапсырып, грантқа ие бола алар ма екен» деген ой басым, – дейді Ақгүлдің анасы Шаку Семей.
Жалпы, бүгінгі күні бұл ауылдың 27 баласы қаладағы мектептер мен колледждерде, университеттерде онлайн оқитын көрінеді. Сондай-ақ ауыл мектебіне биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша екі педагог келсе, олардың біреуі – ағылшын тілінің, екіншісі – музыка пәнінің мұғалімі. Бірінші сынып табалдырығын бес бүлдіршін аттаған.
Интернет ел игілігіне қашан айналады?
– Мен аудан бойынша интернет мәселесінің бар екенін ешқандай да жоққа шығармаймын. Интернеті жоқ немесе әлсіз мектептердің қатарында Бестерек ауылынан өзге І.Айтықов, Жоғары Тайынты, Жантас, Манап ауылдарының мектептері де кіреді. Троицк, Пролетарка ауылдарындағы мектептерде де интернет байланысы нашар. Сондықтан да бұл аталған мектептің оқушылары қашықтан емес, штатты режимде білім алуда. Жалпы, Ұлан ауданындағы барлығы 31 мектептің 22-сі штатты режимде, тоғыз мектептің оқушысы қашықтан оқуда, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов.
Штатты режимде оқытып жатқан 22 мектептің барлығы да шағын жинақты мектеп болса, тоғызы – толық кешенді мектеп. Мысалы, Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектепте бүгінде 1238 оқушы оқитын болса, оның 541-і кезекші сыныптарда, 598-і қашықтан білім алуда. Мектеп директоры Қаршыға Бұқарбаева мектепте барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталатынын айтады. Бір сыныпта 15 баладан аспайды. Тіпті оқушылар мектепке үш есіктен кіретін көрінеді.
– Мектепте аз қамтылған 65 отбасының баласы бар. Шамамыз келгенше олардың барлығын компьютермен, ноутбукпен қамтамасыз етуге тырыстық. 30 роултер, 15 ноутбук бердік. Интернет байланысы жақсы, – дейді мектеп директоры.
Қалай десек те, қашықтан оқыту форматының білім саласына дендеп енгені ақиқат. Олай болса, инернеттің игілігін қарапайым ауыл халқы қашан көреді? Ұлан аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов журналистерге қазіргі күні интернет желісінің Бозанбайдан бастап Асубұлақ ауылына дейін тартылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ биыл жыл соңына дейін Жоғары Тайынты, Асубұлақ, Жантас, І.Айтықов ауылдары да интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ бүгінгі мақаламыздың негізгі арқауына айналған Бестерек ауылы биылғы жоспарда жоқ екен.
– Шалғай ауылдарды интернет желісімен қамтамасыз ету – негізінен «Қазақтелекомның» жұмысы. Олардың 2025 жылға дейін жасаған өзінің жоспары бар. Өкінішке қарай, олардың шаруасына біз араласа алмаймыз, тек өтініш қана жасай аламыз, – дейді Қуат Оқасов.
Бақыт Қалиев, телерадиохабар тарату қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша дирекциясы директорының орынбасары:
– Күні бүгінге дейін Бестерек ауылы тұрғындарынан бізге ешқандай да арыз-өтініш келіп түскен жоқ. Негізінен кейде жекелеген тұрғындар ғана «Отау ТВ» антеннасы бойынша қоңырау шалып жатады. Цифрлық эфирлік телеарналар істеп тұр. Әрине, антенналар желді күні, жауын-шашын болған кездері қозғалып кетуі әбден мүмкін. Қазір техникалық қызмет көрсету қызметкерлері Бестерек, І.Айтықов ауылдарына қарай шықты. Бәрін тексереді. Оқушылардың, ата-аналардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ.
Мейрамтай Иманғали