Мәдениет

Бесік той мен тұсаукесер қатар өтті

Бесік той мен тұсаукесер қатар өтті


Өскемендегі «Аналар үйінде» тұсаукесер мен бесік той қатар өтті. «Рәсімді өткізу үшін Мұсылман әйелдер қоғамдық бірлестігінің ақ жаулықты әжелері – Шолпан апа, Әлия апамен бірге тарбағатайлық Шәмшар апаны әдейілеп алдырдық. Қазақтың ырымы солай, сәбиді бесікке бөлеу ғұрпы балалы-шағалы, ел-жұртқа беделді үлкен әйелдерге тапсырылған», – деді «Аналар үйінің» үйлестірушісі Наиля Оңғарбаева.

«Әлди, әлди ақ бөпем»

Ақ жаулықты әжелер алқа-қотан жайғасып, ден қойып тыңдап отырған жас аналарға бесіктің қадір-қасиетін түсіндіре келіп, баланы бөлеудің жөні мен жолын жіліктеп айтып берді.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі бесікте жатыр. Халқымыз бесікті кие тұтып, әрбір жабдық-бұйымын күтіп ұстаған. Бәле-жала жуымасын деп, аршамен аластаған. Себебі онда періштедей пәк сәби жатады. Қазақ өзі сәби мен періштенің атын қатар атаған ғой, – деді Шолпан апа.

Әжелер «бісміллә» деп арша тұтатып, бесікті аластады. «Алас, алас, баладан алас! Иесі келді, пәлесі, көш! Тілі жаманның тілінен алас, көзі жаманның көзінен алас! Қырық қабырғасынан алас, отыз омыртқасынан алас! Алас, алас, аласы, келді, міне, баласы! Ұйықтап демалсын, күліп оянсын!».

– Бұдан кейін бесік шашуы шашылады. Шашуды халқымыз «Тышты ма?» деп атайды. Қане, жақындап-жақындап келіңдер. Тышты ма? – деп көпшіліктен сұрады әжелер. Түбектік тесіктен саулаған құрт, ірімшік, тәттілерге алақан тосқандар «тышты!», «тышты!» деп жамырай жауап қатты.

Әжелер сөзін одан әрмен сабақтады. Сәбидің кіндігі түсіп, жарасы жазылып, қырқынан шыққаннан кейін, оған иткөйлегін кигізеді. Сосын бесікке бөлейді. Шәмшар апа «періштені» бесікке бөледі.

– Бесікте жатқан баланың дені таза болады. Өйткені онда дәреті баланың астына жайылып кетпеуі үшін түбек, яғни қалташа болады. Қалташаны ауық-ауық алмастырып отырады. Бала ұл болса, қойдың асықты жілігінен шүмек істеледі және жастығының астына пышақ қынымен қойылады. Ол – ержүрек, елін жаудан қорғар батыр болсын деген ырым. Ал қыз болса, айна мен тарақ қойылады – сұлу, әдемі болып бойжетсін дегені, – деді Шәмшар апа бесік жабдықтарының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып.

Әже әлдиімен бесіктегі «періште» тәтті ұйқыға батты. «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем. Сақта туған далаңды, тілің, салтың, санаңды. Әлі-ақ өсіп-жетіліп, қуантарсың анаңды».

«Қаз-қаз, балам, қаз балам»

Бала еңбектеп, алғаш тәй-тәй басқанда, бесіктен шығуға талпынады. Сол кезде оның тұсауы кесіледі. Ел ішінде «тұсауы кесілмеген бала сүріншек келеді» деген түсінік бар. Шәмшар апа тұсаукесер рәсімін бастады.

– Баланың тұсауын тоқ ішек, көк шөп немесе ала жіппен кеседі. Оның әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Тоқ ішекпен кескені – өмірі тоқшылықта өтсін дегені, көк шөппен кескені – өсіп-өніп, көсегесі көгерсін дегені, ала жіппен кескені – біреудің ала жібін аттамасын дегені, – деді Шәмшар апа.

Аяғы ала жіппен тұсалған сары баланы Найля Оңғарбаева мен баланың анасы екі қолынан демеп ұстап тұрды.

– Балам енді-енді тәй-тәй басып келеді. Әзірше жүгіргенінен сүрінгені көп. Жақсылыққа ырымдап, тұсауын кестірейін деп тұрмын, – дейді анасы.

Қайшы алып келген жас келіншекке: «Тұсауды пышақпен кеседі. Мұны қаперіңде ұста! Қайшымен қиып, өмірі қайшылықта өтпесін дейді дана халық» –, деген Шәмшар апа қайшы орнына пышақ алдырды. Айтпақшы, тұсаукесу құрметі бізге бұйырды. «Бісміллә» деп бастап, «шауып кет!» деп аяқтадық.

«Қаз, қаз, балам, қаз, балам! Тақымыңды жаз, балам. Қадамыңды баса бер, асулардан аса бер! Елгезек бол, ерінбе. Ілгері бас, шегінбе!» – әжелердің майдақоңыр үнімен қаз басқан «балапан» қалбалақтап барып ақшаны емес, «тұлпарды» таңдады. Ол жылқы ойыншық болатын. Әжелері «Еліңнің атқамінер азаматы бол!» деп бата берді. Шашу да шашылды.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button