Экономика

Бесқарағайда пластик құбырлар шығарылады

 Бесқарағайда пластик құбырлар шығарылады

Бесқарағай ауданындағы Канонерка тірек ауылында «Isun Plast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Арман Жақиянов пен оның серіктесі және орынбасары Арман Иманғазин өз қаржыларына пластикалық құбырлар шығаратын зауыт салуда. Жобаның құны 68 миллион теңгені құрайды, бүгінгі дейін сол қаржының 58 миллионы игерілген екен.

Кәсіпкерлер былтыр осы ауылдағы бұрынғы кеңшардың ескі кеңсесін күрделі жөндеуден өткізіп, ішіне полиэтилен құбырларын шығаруға қажет құрал-жабдықтарды орнатыпты. Олардың осы елді мекенді таңдауы да бекер емес, бұл ауыл ең алдымен Семейге жақын, қашықтығы – небәрі елу шақырым. Сосын, қажетті инфрақұрылым жеткізілген, әсіресе, электр энергиясына қатысты мәселе туындамауы тиіс. Зауытқа бөлек жоғары кернеулі желі тартылған. Өзінің су құбыры да бар.

Өндіріс орны ашылғалы жатқанда жергілікті тұрғындарда «Бұл зауыт өлкеміздің экологиясына зиянын тигізбей ме?» деген қауіптің де болғаны рас. Алайда, кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істейді, тек электр қуатын ғана тұтынады, ал шикізат шеттен тасылады. Өндірістік сулар ұдайы айналымда болады, цехтың дербес су тазарту жүйесі де құрылған. Яғни, алаңдауға еш негіз жоқ.

Сондай-ақ, зауыттың айналасында бос жерлер көп, яғни, келешекте кәсіпорын аумағын кеңейте беруге болады. Атап өтерлік тағы бір жайт, бұл жоба облыстың Индустрияландыру картасына енген.

Зауыт толық қуатына келесі жылдың наурыз-сәуір айларында қосылмақ. Сол кезде бұл жерде кем дегенде 70 шақты адам еңбек ететін болады, зауыт тәулігіне 6 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Цех алғашқы сынақтық партияны да жасап үлгерген. Таза және кәріз суларына, кабельді арнаға, сонан кейін газға арналған диаметрі 160 миллиметрден бастап 400 миллиметрге дейінгі құбырлар өндіріледі. Жалпы, бұл жерде құбырдың 45 түрі шығарылмақ. Кәсіпорын барлық сертификаттарға ие.

Арман Жақиянов құрылғыларды Қытайдың Шанхай қаласынан сатып алыпты. Осы желіні таңдағанда Қытайда бір жарым жылдай жүріп, 20 шақты зауытта болған екен. Тек негізгі қондырғыны алуға 140 мың АҚШ долларын жұмсаған. Шикізатты, яғни, кем қысымды полиэтилен түйіршектерін Татарстаннан (Ресей) және Оңтүстік Кореядан алады. Себебі, мұндай өнім елімізде әлі шығарылмайды. Арман өзі Бесқарағай ауылының тумасы екен, мамандығы бойынша орман шаруашылығының инженері. Қасындағы адал досы Арман Иманғазин де – серіктестік құрылтайшыларының бірі.
– Жалпы, ауданда өнеркәсіп саласы дамымаған, бұл – Бесқарағайдағы алғашқы және бірден-бір өндіріс орны болып отыр, – дейді Арман Жақиянов.

Бұрын барлық жерде негізінен темір құбырлар пайдаланылып келді, ал бұл өнімдер пластиктен жасалған.

– Пластик құбырлар жоқ дегенде елу жыл үзбей қызмет етеді, шірімейді. Ішіндегі суы мұздаса, темір құбырлар жарылып кетеді, ал мыналар аздап созылады да, су еріген соң қайта қалпына түседі. Сосын бұларды ауыстыру өте жеңіл. Яғни, бір жерден ақау шығып жатса, құбырдың бәрін қопарып жатпайсың. Металл құбырларды дәнекерлеу керек қой. Пластик құбырдың ішінде дақ пен тот тұрмайды. Әрине, сосын бұл құбырлар жеңіл, яғни, тасымалдауға қаржы аз жұмсалады. Қазір бүкіл әлем осындай құбырларды қолданады, – дейді кәсіпкер.

Бас директор Арман Жақиянов мұндай кәсіпорынның облысымызда Семей мен Өскеменде ғана бар екенін айтады. «Олар – біздің серіктестер. Өйткені, біз бір тауарды нарыққа ұсынып отырмыз ғой» дейді ол. Жалпы, еліміз бойынша полиэтилен құбырларына деген қажеттілік жетпіс пайызға ғана өтеліп отырғанын айтқан. Соған орай бұлар өз өнімдерін Шығыс Қазақстанмен бірге, көршілес Павлодар және Қарағанды облыстарына, сонымен бірге, Ресейдің Алтай өлкесі мен Новосібір қаласына жөнелтетіндерін мәлімдеуде. Дайын құбырдың бір келісі шамамен 500 теңге болмақ.

Ержан Әбіш

Бесқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button