Қоғам

Бес мыңдай өскемендік Әнұранды бірге шырқады

Бес мыңдай өскемендік Әнұранды бірге шырқады

Кеше Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыс орталығында бірқатар ауқымды іс-шаралар өтті. Атап айтсақ, осы күні Өскемен шаһарында Мемлекеттік Тудың эстафетасы ұйымдастырылды. Оны қаланың ірі кәсіпорындары, металлургия саласының көшбасшылары бастады. Ал мерекенің басты оқиғасы – «Біздің Ту! Біздің Елтаңба! Біздің Әнұран!» атты кең көлемді патриоттық акция болды.

Көк байрағымыз Өскеменнің басты көшелерімен жүріп өтті

Таңғы сағат тоғызда «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аумағында мерекеге арналған салтанатты жиын болып, оған кәсіпорын еңбеккерлері қатысты. Митингте Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, саясаттанушы Лилия Столярова сөз алып, еліміздің төл рәміздерінің мән-маңызын айрықша атап көрсетті. Ғалым, сондай-ақ, Елбасының бес институттық реформасы аясында белгіленіп отырған «100 нақты қадам» бағдарламасының бағыттарына тоқталды.
– Бүгін біздің «Қазцинктің» ұжымы Қазақстанның мемлекеттік нышандарының бірі – Туы тапсыру эстафетасының алғашқы қадамын жасау құрметіне ие болып отыр. Біздің туымыз – ортақ үйіміз – Қазақстанның, Тәуелсіздігіміздің, париотизміміздің нышаны. Біз өз қаламызда осы осы бір эстафетаны аша отырып, Отанымызға деген, Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА деген керемет мақтаныш сезіміне бөленіп отырмыз! Мереке құтты болсын, достар! – деді Туды алып жүрген жұмысшы жастар.
Осы басқосудан соң шараға қатысушылар Көк байрағымызды көршілес Үлбі металлургиялық зауытына автокөлікпен салтанатты жағдайда жеткізіп, аталмыш кәсіпорынның қызметкерлеріне табыстады.
«ҮМЗ» акционерлік қоғамының аумағында Ту «Бипэк-Авто» компаниялар тобының отандық автомобильдер колоннасына табыс етілді. Бұдан соң он шақты отандық көлік қаланың негізгі көшелерімен шерулетіп жүріп өтті. Көк байрақты желбірете жүйткіген су жаңа отандық көліктер тізбегі қала тұрғындарының назарын аудартып, мейрамға ерекше салтанатты сипат берді.
Шаһардың даңғылдарын айналып өткен автокөліктер облыстық драма тетары алдындағы алаңға келіп аялдады. Осы күнгі мерекелік шаралардың шарықтау шегі осы жерде орын алды. «Біздің Ту! Біздің Елтаңба! Біздің Әнұран!» атты патриоттық акциясы өтті аталмыш алаңда.
Түс ауа Даңқ мемориалында қасиетті байрағымыз қаланың байкерлеріне табысталды. Бір сағаттан соң Республика алаңында Мемлекеттік Ту шеруін велосипедшілер жалғастырып әкетіп, «Ақ батыр» кемесіне және «КС-110», «КС-111» катерлеріне жеткізді. Одан әрі аспан түстес Ту өз саяхатын ерке Ертістің бойымен жалғастырды.
«Біздің Ту! Біздің Елтаңба! Біздің Әнұран!» атты патриоттық акциясына қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.
– Кез келген мемлекеттің рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны. Осыдан тура 23 жыл бұрын 4 маусымда Елбасының Жарлығымен біздің мемлекетіміздің рәміздері қабылданған болатын. Осы 23 жылда біздің көк байрағымыз әлемдегі ең танымал тулардың бірі болды. Елбасы шет мемлекеттерге сапарға барғанда, Олимпиадада біздің Тудың тұғыры биіктегенде әр азаматтың қуанышында, мақтанышында шек болмайтыны сөзсіз! Біз жыл сайын дәстүрлі түрде осы мейрамды сіздермен бірге атап өтеміз. Барлық аудан-қалаларда бүгін осы мереке аталып өтуде. Мейрам құтты болсын! Көк байрағымыз байтақ еліміздің даңқын асырып, әлемдегі ең айбынды тулардың бірі болсын! Әнұранымыз әр жүректе жатталып, Елтаңбамыз бүгінгі бейбітшіл еліміздің, дамыған өркениетті мемлекетіміздің белгісі болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан соң жиналған қауымның мемлекеттік Әнұранды бірге орындау рәсімі болды. Бес мыңнан астам азаматтар, атап айтсақ, әскерилер, оқушылар, мұғалімдер, еңбек ұжымдары ел Гимнін бірге шырқады. Қаздай тізілген оркестр өшпес туындыны музыкамен сүйемелдеп, «Өз елінің патриотымын» деп есептейтін белсендідерге бүкіл жұртшылық қосылды. Жиналған қауым Әнұранды орындағанда, олардың жанарларынан ерекше рухты, Отанына деген мақтанышты байқадық. Бірегей акция соңы меркелік концертке ұласты.
Іс-шара аясында «Бейбіт күннің батыры» аталымы бойынша марапаттау салтанатты өткізілді. Аталмыш номинация қаланың саяси-қоғамдық өмірін дамытуға қосқан үлесі, ерлік әрекеті, адамдардың өмірін құтқарғаны, қызмет атқару барысында көрсеткен батылдығы үшін беріледі. Өскемендегі №3 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Зульфат Файзрахманов марапатталды. Ол өткен жылдың шілде айында досы Қасымханды суға батып бара жатқан жерінен аман-есен құтқарып, жағаға алып шыққан. Батырлық әрекеті үшін Зульфатқа Қасымханның ата-анасының алғысы шексіз. Дәл осындай марапат «Қазцинк» ЖШС-нің цех операторы Вячеслав Богдановқа да табысталды, ол өткен жылы көршісін, қарт әжені өртеніп жатқан үйінен сыртқа шығарған.
Мемлекеттік қызметке қабылданған 10 жас осы жерде салтанатты түрде ант қабылдады. Оларға куәліктерді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – тәртіптік кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов табыстады. Сонымен қатар, 9 азамат «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданып, партиялық билеттерге ие болды. Билеттерді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ольга Булавкина тапсырды.
Осы күні спортшылар «Қазақстан» тауына шығудан жарысты. «Жыл патриоты» аталымының иегерлері марапатталып, «Отанды жүрекпен сүю!» диктантының, «Отанды сүю оның рәміздерін құрметтеуден басталады» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Этномәдени бірлестіктер ерекше атап өтті

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Өскемендегі Достық үйінде арнайы мерекелік іс-шара өтті.
Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткен шара орталық алаңда тұрған Абай ескерткішінің алдынан бастау алды. Алдымен жиналған жұрт ескерткішке гүл шоқтарын қойып, артынан топтасып естелік суретке түсті.
Бұдан кейін мереке Достық үйінің іргесіндегі «Достық» стелласы алдында шағын митингпен жалғасын тапты. Митингте ардагер, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Зәмзә Қырықбаев, облыстық А.Пушкин атындағы кітапхана әдіскері Яна Абдиева сөз сөйлеп, барша жұртты мерекемен құттықтады. Артынан еліміздің Әнұраны шырқалды.
Салтанатты жиыннан кейін шараға қатысушылар дөңгелек үстел отырысында бас қосты. Дөңгелек үстел барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев «Бірегейлік пен бірлік – Қазақстан халқы Ассамблеясы дамуының негізгі факторы» тақырыбында баяндама жасап, еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды.

Шығармаға арқау болды

Мемлекеттік рәміздер күніне орай қаламыздың екі ірі университетінде жастар арасында ұйымдастырылған жаппай диктант жазу мен үш тілде шығарма жазу сайысы өтті.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Назарбаевтану» ғылыми-білім беру орталығында «Жүрекпен Отанды сүю» атты мемлекеттік рәміздер күніне арналған жаппай диктант өтті.
Диктант студенттердің білімділігі мен сауаттылығын тексеру, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, тарихын сүюге тәрбиелеу және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылды. Көлемі 141 сөзден тұратын диктант «Рәміздерімізді қастерлейік» деген тақырыпта жазылды.
– Бұл республикалық іс-шара студенттердің аса маңызды мемлекеттік белгілер – рәміздер жөніндегі білімдерін саралау үшін қолға алынды. Шараға тек қана студенттер емес, мектеп оқушыларынан бастап, еңбек етіп жүрген жұмысшыларға дейін қатысты. Байқау биыл Өскемен қаласында бірінші рет өткізіліп отыр. Ішкі саясат бөлімі, Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар орталығы мен университеттің филология факультетінің профессорларынан құрылған комиссия қатысушылардың жазған еңбектерін бағалады. Қатысушыларға мақтау қағазы мен сыйлықтар үлестіріледі, – дейді Өскемен қаласы әкімдігі Жастар орталығының директоры Ринад Ахметжанов.
Диктант жазудан Өскемендегі №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Анар Қабылханова 1-орынды, жүлделі 2-орынды С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің студенті Назым Аманжолова иемденсе, №45 мектеп оқушысы Әйгерім Райымханова 3-орынды өз қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті қалалық Жастар орталығымен бірлесе, Өскемен қаласының жастары арасында «Елімнің рәміздері – менің мақтанышым!» атты шығармалар сайысын өткізді. Сайыс «Қазақ тіліндегі үздік шығарма», «Орыс тіліндегі үздік шығарма», «Ағылшын тіліндегі үздік шығарма» номинациялары бойынша ұйымдастырылды.
Сайыс нәтижесінде «Мемлекеттік тілдегі үздік шығарма» бойынша Айдана Ержанқызы, «Орыс тіліндегі үздік шығарма» бойынша Әйгерім Азатқызы, «Ағылшын тіліндегі үздік шығарма» бойынша Зарина Айтқазықызы жеңімпаз атанды.

Ержан Әбіш, Жазира Ибрайханова, Әйгерім Қайролданова, Ернар Мамырбеков

Осы айдарда

Back to top button