Мәдениет

Бес күн жалғанды ұмыттырған бес күн

Семейде XXVII республикалық театр фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Бұл Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Қазақстан театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен, Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімдігінің қолдауымен өткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 театр ұжымы қатысып, үздік қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

– Осыдан бір апта бұрын еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар кездесіп, тәжірибелерін ортаға салып, фестиваліміздің салтанатты ашылуы өткен еді. Қай кезде де қоштасу қиын. Бүгін міне, кіл мықтылардың ішінен ойып тұрып орын алған кім мықтыны, үздіктерді анықтайтын боламыз. Осындай фестивальдар әр өнер иесінің тұлғалық дамуына және өсуіне әсер етеді. Әлі талай театр мерекесінде кездесетін боламыз, – деді Қазақстанның Еңбек Ері,  КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті, театр және кино актері, профессор Асанәлі Әшімов.

Фестивальдің жабылу салтанатында әйгілі жерлесіміз Әмина Өмірзақованың сахнада сомдаған 30 рөлінен үзінді қойылды.

– Ұлы даланың ұлы есіміне айналған жерлесіміз Әмина анамыздың 100 жылдығына орай Асанәлі Әшімов бастап келген барша өнер майталмандарына зор алғыс білдіремін. Әрдайым елге қызмет етіп, тек өнердің биігінен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді фестивальдің жабылу салтанатына қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Азамат Мұхамедчинов.

Салтанатты шара барысында қазылар алқасының мүшелеріне облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Фестиваль соңында үздік өнер көрсеткен ұжымдар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры «Үздік көркемдік  шешім», «Жан дауысы» спектаклі үшін Фархат Молдағали «Үздік режиссура», «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліндегі «Ләйлінің анасы және кемпір» рөлдері үшін Ботагөз Мақсұтова «Әмина Өмірзақова атындағы ең үздік әйел бейнесі», «Әлиханның аманаты» спектакліндегі «Әлихан» рөлі үшін Медғат Өмірәлиев «Үздік ер адам бейнесі» аталымдары бойынша марапатталды. Сонымен қатар «Абай» спектакліндегі «Абай» рөлін үздік сомдап шыққаны үшін Бақытбек Темірбеков «Қазақстанның театр өнеріне қосқан үлесі үшін», М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ұжымы «Үздік актерлік ансамбль», Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры «Ахметтің аманаты» спектаклі үшін «Тарихи тақырыпты игерудегі ізденістері үшін» аталымдарына лайық деп танылды. «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымын Өскемендегі облыстық драма театрдың актері Елдос Масалимов иеленді. «Үздік дебют» аталымын «Nomad» театрының ұжымы, ал «Балалық шаққа саяхат» спектаклінің режиссері Жангелді Садықов «Үміт» аталымын жеңіп алды. «Театр 180º» спектакліндегі «Дотти» рөлі үшін Гүлмира Жакилина «Ең үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі» аталымын еншіледі. Семейлік «Дариға-ай» жастар театры «Шығармашылық жетістіктері үшін» аталымына және облыс әкімінің 1 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сертификаты бар арнайы жүлдесіне ие болды.

Осы фестивальдің ең басты жүлдесі – «Ең үздік спектакль» аталымы мен 1,5 млн. теңге көлемінде ақшалай сертификат «Адамзат» спектаклі үшін Алматының Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына беріліп, табыс етілді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button