Білім

Бес асыл іс пен бес дұшпан

– Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін ағылшын тіліне аудардым. Өлеңнің тақырыбын «Five Nobel things, Five enemies» деп атауды ұйғардым. Бұл қазақша «Бес асыл іс пен бес дұшпан» дегенді білдіреді. Абай атамыздың өлеңін ағылшын тіліне аудару барысында ағылшын тілі пәні мұғалімі Айжан Бакытбекқызы және мектебіміздің кітапханашысы Гүлжанат Қайролдақызынан кеңес алдым. Өлеңнің соңғы екі жолын аударуда біраз қиналдым. Себебі мағынасын дәл беретін сөзді анықтауға тырыстым, – деді Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейдің 8 «А» сынып оқушысы Әлішер Балтабаев.

Өскемен қаласындағы мектеп кітапханашыларының «Пульс» атты шығармашылық тобы оқушылар арасында Абай оқуларын өткізді. Әлішер Балтабаев – сол байқаудың қатысушысы һәм жүлдегері.

– Мектеп кітапханашыларынан құралған біздің шығармашылық топ негізінен өлкетану бағытымен айналысады. Аймағымыздағы киелі жерлерді, белгілі тұлғаларды оқушыларға таныстырамыз. Жастарымыз туған жердің тереңіне тамыр жіберсе деп тілейміз. Абай Құнанбайұлы – біздің ұлы жерлесіміз. Оның соңына қалдырған мол мұрасын ұрпақ игілігіне пайдалануымыз керек, – дейді жарыс ұйымдастырушыларының бірі, №10 мектеп-гимназиясының қызметкері Меруерт Сеитова.

Оның айтуынша, №8 білім ошағында өтіп жатқан осынау өнер бәйгесіне облыстық Достық үйі мен «Звено Алтая» атты әдеби бірлестік үлкен қолдау көрсетіп отыр.

– Абайдың 175 жылдық торқалы тойын алғашқылардың бірі болып сіздер атап өтіп жатырсыздар. Бұл өте тамаша. Философ ақынның өлеңдері мен қара сөздері 21 ғасырда да жастарға түзу жол нұсқайды. Оның сөздерінен тағылым алған әрбір бала күні ертең әлемге әйгілі болатынына сенемін, – деді аталмыш бірлестіктің мүшесі, өлкетанушы Алдияр Әубәкіров.

Сайыс ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, шығармаларын сахналау, әндері мен күйлерін орындау, ақын өлеңдерін басқа тілдерге аудару және тұлғаға арнау жазу сынды бірнеше аталым бойынша болды. Осы аталымдар бойынша 200-ге тарта мектеп оқушысы бақ сынады.

– Әр аталымда оқушыларды сыныбына қарай үшке (5-6, 7-8, 9-11) бөліп бағаладық. Абай өлеңдерін мәнерлеп оқуда жоғары сынып оқушылары арасында бәсеке қызу болды. Бұл кезеңде бізді Бэлла Музыка, Василина Коробейникова, Әкежан Мұқан, Камила Баширова сынды оқушылар сүйсіндірді. Тілдері анық, актерлік шеберліктері де көңіл қуантады. Ал мүшәйрада Ақбота Серік, Тимур Рембеков, Анастасия Ляпунова, Амина Латиф, Вероника Злетова, Әлішер Балтабай сынды жас шайырлардың сөз саптасы ұнады, – деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі, ақын Қызырбек Дүргінбайұлы.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button